БІЛІМ АЛУДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТ

31 тамыз 2022 4804 0
Оқу режимі

Қыркүйек айы жақындап, жаңа оқу жылы басталу қарсаңында тұрмыз. Ата-аналар балаларын мектепке білім алуы үшін береді. Болашағын ойлаған жастар жоғарғы оқу орындарына түсіп, бір істің маманы болуға тырысады. Сондай-ақ, мұғалімдер мен ұстаздар шәкірт тәрбиелеу ісіне жазғы демалыстан соң жаңа ыждаһатпен кірісетін болады.

Алайда, қоғамда арасында «не үшін білім алынады, не үшін білім беріледі» деген сұрақ онша көтеріле берілмейді. Оның себебі әркімнің өз ішкі жоспарына байланыстырылып қойғаннан болса керек.

Диплом алған адамға «енді дипломыңның жемісін же» деген тілек айтылып жатады. Не оймен айтқанын әркім өзі біледі, дегенмен «осы дипломың арқылы жақсы жұмысқа тұрып, қажетті ақшаңды тауып, дипломың арқылы абыройға кенеле бер» деген тілек сияқты.

Зиялы да көзі ашық кейбір кісілер «дипломың сені алға қойған мұрат-мақсатыңа жеткізсін» деп те тілек айтып жатады.

Діндар бір ұстазымыз: «Енді оның (алған біліміңнің) амалы қалай болады» деп, дипломды білім деңгейі деп біліп, сол білімге амал ету керек екеніне назар аудартып отырғанын көріп едік.

Хәкім Абай «баламды медресеге «біл» деп бердім, шен алсын, қызмет қылсын деп бермедім» дейді.

Шынында да, білім не үшін алынады?

Имам Ғазалиды таныстырып жатудың өзі артық, ол жарықтықтың Исламның құжаты деген атағы діндар ортаға, зайырлы білім иелеріне ол кісінің орта ғасыр философтарының жарқын бір өкілі екенін айту жеткілікті болса керек. Сол имам Ғазали өмірінің соңында барша дүниелік істер мен атақ-абыройды шетке ысырып қойып, туған өлкесі жақтағы бір мешіттің қасындағы бір бөлмеде бар білгенін ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтып, кітап жазумен айналысады. Сол аядай бөлмеде әйгілі «Ихиа-у улумид-дин» кітабын жазып шығады.

Бір күні Имам Ғазалиға бір хат келеді. Ол хатта хат жолдаушы өзінің ілім-білім жолына түскен, ізденісте жүрген жігіт екенін айта келе сұрақ қояды. Хатында Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.): «Уа, Аллам, мені пайдасыз білімнен сақтай гөр!» деген дұғасы бар екенін айтып, «Білімнің де пайдасызы болар ма екен?» деп жазады. Сонда Имам Ғазали ол жалынды жас жігітке жауап ретінде «Аииуһал уаладул мухибб» «Әй сүйкімді бала» деген кітап жазып шығады. Сол кітапта негізгі жауабының тобықтай түйінін «егер нәпсі құмарлығыңды қандыру үшін білім алынатын болсаң, сол білім пайдасыз білім» деп түсіндіреді.

Біз студент болған сол бір 90-шы жылдардың соңы мен 2000-ші жылдардың басында екінің бірі юриспруденция мен экономика мамандықтарын таңдаған еді. Ал, біз дінтану мамандығын таңдаған болатынбыз. Сонда кілең студенттер өзара бір-бірімізден «неге бұл мамандықты таңдадың?» деп сұрап жатамыз. Жауаптар әрқалай болатын. «Елде әділеттік орнатсам ғой» деген ойда болатындары да кездессе, кейбіреулері «прокуратурада әкемнің досы істейді. Сол кісі оқу бітіргеннен соң қолдау көрсетіп, қызметте жоғарылауыма көмектеседі. Сол үшін таңдадым» деп ішкі есебін жасырмайтындар да жолығып жататын. Тіпті, «мен «власть» қолымда болғанын қалаймын» деген адамды да кездестірдік. Ол кездегі жағдай қиын, қылмыс та көп, ол қылмыскердің жазадан құтылып кетуіне көмектесіп жіберіп, өздерінің сыйақысын алып баюшылар да көп кез. Тұрмыстық жағдай тұрғысынан сол заң қызметкерлері басқалардан анағұрлым ілгері тұратын еді. Соған қызыққан жастар білімді осындай жаққа пайдалана отыра баюға болады деп нәпсіқұмарлыққа бет бұрғандары сезілетін еді.

Шындығына келсек, «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дегендей, ілім-білім арқылы адамзатты жақсы көре отыра, сол адамзатқа сол ілім-білімімен жақсылық пен қайырымдылық жасап, шапағатын төгіп отыратын болса, ілім-білімінің шапағаты мен шарапатын көрері сөзсіз.

Барша хадистің мағынасын өз ішіне қамтыған «Әрбір іс ниетке байланысты»  деген Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетіне сай, білім аларда ниетті дұрыстап алу өте маңызды.

«Алла Тағала махаббатын төгіп отыра жаратқан адамзатқа пайдамды тигізсем, сонда Алла Тағала маған разы болып екі дүниенің шын жақсылықтарын маған беретін болады. Ендеше білімім арқылы адамзатқа пайдамды тигіземін, жақсылық жасаймын» деген оймен білім алса – сол ілім-білімге амал еткен болып, мұрат-мақсатқа жетуге болады. Алла Тағала абырой мен кең ырыздық-несібелі етеді!

Әділхан Иманәліұлы
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру