БІРЛІГІМІЗДІ БЕКЕМДЕП, ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТЕЙІК

01 қыркүйек 2021 6777 0
Оқу режимі

«Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз.

Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз берекелі бірлікте. Ендеше бірлігімізді бекемдеп ел үшін еңбек етейік».

Бүгін халыққа Жолдау жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осылай деді. Расында, қазақ көшін бастаған кешегі хан-сұлтандарымыз ел басқару ісін ең әуелі ұлтты ынтымаққа ұйыстырудан бастаған.

Президент айтқандай, қазір дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы. Біздің еліміз де мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес, қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде.

Адам баласы санаулы ғұмырында түрлі сынақтар мен сындарлы сәттерді бастан кешеді. Өткінші қиындықты сабырлық, бірлік, адамгершілік сынды қасиеттер жеңеді. Біз ел басына күн туған талай сынақты сәттерді ынтымақ-бірлігіміздің арқасында еңсердік. Аллаға шүкір, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық игі бастамаларымыздың жүзеге асуына тікелей септігін тигізуде.

Дін – бүкіл әлемдегі ұлттардың рухани дүниетанымын байытып, адамзат баласының бірлік пен татулықта өмір сүруіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ол үшін хәкім Абай айтқан: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген тағылымды сөзін ұран етуіміз қажет.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің, 2-ші аятында адамзат баласына:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰۖ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِۚ

«Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» деп бұйырған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда айтқандай, ендеше бірлігімізді бекемдеп ел үшін еңбек етейік.

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Пікірлер Кіру