БІРЛІКТІ САҚТАУ – АМАНАТ

06 желтоқсан 2021 6766 0
Оқу режимі

Шынайы мұсылман қоршаған ортаға қамқор, айналасына пайдалы, қолы мен тілінен басқаға  зиян келтірмейтін көркем мінез иесі болуы қажет. Сонымен қатар, ол өз ортасының тыныштығына да жауапты. Түпкі негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен алынған қазақтың «кемедегінің жаны бір» деген мақалы қоршаған ортаның амандығы, бірлігі жекелеген адамдардың бәріне қатысы барын меңзейді. Бүтіндей елдің бірлігіне сызат түсірмеудің жолын алып, діттеген мақсатқа бірге жету жетістікке апарары анық.  

Құрнда: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік қылмаңдар»[1], – делінген. Бұл – Алладан келген әмір. Демек, бүлікке себеп болу Жаратушының қаһарына себеп болмақ. Ғалымдар айтқандай, өкініштісі –жәннәт қанша кең болғанымен, ондай адамға орын табылмауы мүмкін.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сендерге оразадан, намаздан, садақадан да дәрежесі абзал болған іс жөнінде хабар берейін бе?» – деді. Сонда сахабалар: «Әрине», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өз араларыңда қарым-қатынасты түзеу. Шындығында, қарым-қатынасты бұзу  ұстара сынды. Шашты қырқады демеймін, дінді қырқады», – деп жауап берген екен. Құлшылығы құр әрекеттен аспай жүрген, жерін дау-дамайға айналдырған адамның намазы, оразасы, садақасының құны болмайтындығын осылай ескерткен. Демек, жамағаттың, елдің бірлігі – ең маңызды мәселе. Мешіттер – Алланың үйі, құлшылық орны болғаннан кейін, ішкі тәртіп,  имамға бағыну дініміздің тәрбиесінен.

Бабаларымыз ғасырлар бойы сенімге сызат түсірмей, бір мазһабты ұстанып, ізгіліктің, елдіктің жолында тер төкті, құрбан болды. Олардың ізін жалғастыру, бір жолда бірге болу – негізгі міндетіміз. Олай болса, баршамызға Алладан келген нығыметті бағалап,  бірлікті сақтау – аманат болмақ!

Қанат Қыдырмин
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] «Ағраф» сүресі, 56-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру