БОЙСҰНУШЫЛЫҒЫ МОЛ «ЗАҒИП» ЖАН

10 ақпан 2024 1978 0
Оқу режимі

Салихтардың ішінде тақуалығы мол, құлшылықтағы кемшілігін көре білген, жылдар бойы басын аспанға көтермей, ұяты мен кішіпейілділігінен үнемі иіліп жүретін адамдар бар еді. Солардың бірі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде мұсылман болған, бірақ оны көре алмаған тақуа адамның бірі Рәбиғ ибн Хусәйм.

Рабиғ ибн Хусәйм (р.а.) құлшылығы толық, тақуа адам болатын. Тіпті, ол харамға көзім түсіп кетпесін деп, жиі-жиі көздерін жұмып жүргендіктен, жұрт оны соқыр деп ойлайтын. Ол жиырма жылдай сахаба Ибн Масғудтың (р.а.) үйінде дәріс алады. Бір күні Ибн Масғудтың қызметшісі оны соқыр деп ойлап: «Жақын досыңыз Рабиғ ибн Хусәйм көру қабілетінен айырылған зағип жан екен. Мен есік ашқан сайын бейшараның көзін жұмып отырғанын көремін», – дейді. Мәселенің мән-жайын білетін Ибн Масғуд (р.а.) болса, мына сөздерді естіп, біраз күліп алады.

Ибн Масғуд (р.а.) Рабиғ ибн Хусәймнің Аллаға ерекше бойсұнушылығына дән риза болып, оған жиі-жиі былай дейтін: «Уа, Рабиғ! Пайғамбарымыз (с.а.у.) сені көргенде ғой, сені мақтан тұтар еді. Сені қатты жақсы көрер еді, сені көргенде саған  күлімсірер еді».

Бір күні Рабиғ ибн Хусәйм (р.а.) Ибн Масғудпен (р.а.) бірге ұсталар базарынан өтіп бара жатып, отты үрлеп жатқан көрікке көзі түседі. Рабиғдың есіне тозақ оты түсіп, қорыққанынан есінен танып, жерге құлайды. Ибн Масғуд бас жағына отырып, намаз уақыты кіргенше  есін жиғанын күтеді. Бірақ ол есін жимағандықтан, оны арқалап үйіне әкелді. Рабиғ есінен танып бір күн бойы жатады, ал Ибн Масғуд (р.а.) төсегінің қасында оны отырып күтетін және айналасындағыларға бұл есінен тану Алладан қорқудың белгісі екенін айтып, тақуалығын мадақтайтын. (Рияз ул-Мукинин)

 

Пікірлер Кіру