Бүкіл денеңді тозақ отынан құтқаратын дұға

10 қазан 2020 8297 0
Оқу режимі

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім таңертең ұйқыдан тұрғанда осы дұғаны оқыса, оның сол күні жасаған кішігірім күнәлары кешіріледі. Ал, кімде-кім кешке оқыса, сол түні жасаған кішігірім күнәлары кешіріледі», − деген. Бұл хадисте айтылған «күнә» сөзінің белгілі бір күнәні меңземей, жалпылама түрде айтылуы, аталмыш дұғаны жиі оқу керектігін білдіреді.

Осы дұғаға қатысты басқа бір риуаятта: «Кімде-кім бұл дұғаны таңғы және кешкі уақыттарда бір рет оқыса, Алла Тағала оның тәнінің төрттен бір бөлігін, екі рет оқыса, тең жартысын, үш мәрте оқыса, төрттен үш бөлігін және төрт мәрте оқыса, бүкіл денесін тозақ отынан азат етеді», − дегені айтылған.

Аллаһуммә инни асбахту ушһидукә уә ушһиду хамәләтә ‘аршикә уә мәләә'йкәтәкә уә жамии‘а халқикә би'әннәкә әнтә Аллаһулләзи лә иләәһә иллә әнтә уә әннә Мухаммәдән ‘абдукә уә расуулукә. (4 рет)

Мағынасы: Уа, Алла Тағалам! Расында, мен Сенің – бір Өзіңнен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла екендігіңе және Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құлың әрі елшің екендігіне − Өзіңді, Аршыңды[1] арқалаған періштелеріңді, сондай-ақ, барлық періштелеріңді және күллі жаратылысты куә ете отырып таң атырдым.

" ‘ "  белгісі «айн» әрпінің дыбысталуын білдіреді.

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) таңғы және кешкі дұғалары» кітабынан

 


[1] Арштың сөздіктегі тілдік мағынасы «тақ» дегенді білдіреді. Ал хадистерде Арштың ең үлкен жаратылыс екендігі де білдірілген. Барша мұсылманға Арштың бар екендігіне сену парыз, ал оның қандай екені бір Аллаға ғана мәлім.

Сунәну Әбу Дәууд, Китәбу әл-әдәб 4407 және 4416-хадистер

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру