Бұл дүние – ақыреттің егіндігі

22 маусым 2021 5985 0
Оқу режимі

Мәңгілік мекен болған Ақыреттің қамын ойламаған пенделер өткінші өмірдің қызығына алданып, күйбең тіршіліктің қамымен қашанғы жүреді екен? Күндердің күнінде ажал келіп тап бергенде ол пендеге сылтау табыла ма? Әрине, жоқ! Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әрбір тірі жан (бір күні) өлімнің дәмін міндетті түрде татады. Қиямет күні бұл дүниеде істеген істеріңнің қарымын толық аласыңдар. Кімде-кім тозақтан аулақ әкетіліп, жұмаққа кірсе, зор жетістікке һәм мақсат-мұратына жеткені. (Біліп қойыңдар), бұл дүниенің тіршілігі алдамшы қызықтан, жалған бұйым-боқшадан басқа түк те емес»[1], - дейді. Раббымыз Алла Тағала тағы бір көркем аятта: «Біліп қойыңдар, дүниенің тіршілігі ойын-күлкі, сауық-сайран, сән-салтанат және өзара мақтан (яғни, мансап, атақ-абырой, мал-мүлік, бала-шаға һәм кескін келбетпен мақтану) ғана, сондай-ақ, көбірек дүние жию және үрім-бұтақты көбейту жолындағы бәсеке ғана. Бұл бір жауынға ұқсайды; сол жауынның арқасында жайқалып өскен өсімдіктер шаруаларға қатты ұнап, төбелері көкке жетеді. Алайда, артынша әлгі өсімдіктердің сарғайып, солып қалғанын көресің һәм содан кейін қу сабан мен қиқымға айналады. Міне, дүниенің қу тіршілігі деген – осы. Ал ақиретке келсек, онда я ауыр азап болады, яки Алланың (тосын сый-сыяпаттарға толы) кешірімі мен шексіз разылығы болады. Иә, дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе де емес»[2], – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) сахабаларына: «Алланың атымен ант етейін! Мен сіздерге кедейлік үшін емес, дүниенің соңынан түсіп кете ме деп алаңдаймын. Бізге дейін өткен қауымдар дүниемен жарысқаны секілді, сендер де дүниемен бәсекеге түсіп, оларды дүние соңында жойып жібергені сияқты, сендерді де жойып жібере ме деп қорқамын», - деп өз үмметінің тағдыры үшін қатты уайымдаған. Расымен де бүгінгі қоғамда Ақырет ісінен бұрын дүние тіршілігіне қатты мән беретін адамдар жиі кездесіп жатады. Атақты сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.): «Шын мәнінде сендер мерзімі қысқа, шектелген, күн мен түн арпалысқан өмірде жасайсыңдар. Егер сендер өмірде жақсылықты егін етіп ексеңдер, тез уақытта оның жемісі сенерді аңсаған армандарыңа жеткізгенін көресіңдер. Ал егер өмірде жамандықты ексеңдер, тез уақытта оның жемісі орны толмас өкінішке айналғанын көресіңдер. Өйткені, әрбір егін еккен дихан өзінің еккен егінінің жемісін жинайды», - десе, Имам Хазим былай деген екен: «Ақырет азығы жетер-жетпес аз, қай кезде адам мен амал арасында тосқауыл орнаса, қайғы мен өкініштен өзге еш нәрсе қалмайды. Сол кезде адам өзінің амал қылуға шамасы жеткен шағына қайтуға армандайды. Бірақ, армандаған оған пайда бермейді». Ендеше, бұл дүние – ақыреттің егіні екенін ұмытпайық!

Ерболат Айтбайұлы


[1] «Әли Имран» сүресі, 185-аят.
[2] «Хадид» сүресі, 20-аят.

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру