ДАНАЛАР СӨЗІ – АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ
«Әуелі аят, хадис-сөздің басы» – деп, дін ислам жолын, шариғат заңдылықтарын берік ұстанған дана халқымыз нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді қасиетті аят, хадистерден, ойшыл ғұлама-ғалымның ұлы сөздерінен тоғыстырып, саралап өзінен кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырып отырды. «Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ». Бұған ықылым заманнан бері даналарымыздың өсиеті мен қанатты сөздері дәлел бола алады. Даналарымыздың өсиеті мен қанатты сөздері ретінде мақал-мәтелдер, ырым-тыйым, шешендік сөздер, бата-тілектерді айтсақ болады. Бұл атаулы сөздердің шығу тарихы да тереңде. Отбасындағы тәрбие, дау-дамайдың алдын алу, біреудің қуанышына, қайғысына ортақ болу, екі адамның арасына татулық орнауына себепкер болу сынды мәселелерге қатысты шыққан сөздер.
Дана бабаларымыз сөзге тоқтай білген, қандай жағдай болса да, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, шешімін тауып, әділ бағасын беріп отырған. Одан бөлек жас балаларға, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне (ас-ауқат, мал-жанға, киім-кешекке, жүру-тұруға, ыдыс-аяққа, уақыт-мезгілге) қарым-қатынас әдебіне, табиғат пен қоршаған ортаға, жақсылық пен жамандыққа, денсаулық адам өміріне байланысты т.б. айтылған мақал-мәтелдер, нақыл сөздер де бар. Тіпті аласапыран соғыс кезінде де, жауға қарсы өткір сөздерімен жаудың бетін қайтарып, орнына қойып отырған. Жоғарыда айтқан сөзіме ұлы Хәкім Абайдың:
«Халық даналығы – қағазға басылып кітап болып шариғаттан да, анау патша заңынан да асып түспесе кем түспейтін қазақтың қанатты сөздері, мақал-мәтелдері. Халық сол астарлы, ақылды, ұшқыр асыл сөздерімен билік айтып, соны заң деңгейіне жеткізген. Талқыға түскен істерге айтылған билік тапжылмайтын үкім деп есептелген…
Ал қазақ халқының осындай белгілі сөздері, айтқан ойлары, амал не, хатқа түспей, көпшілігі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келді…» деген, осы бір нақыл сөзін тілге тиек етуге болады. Және де құран аяттарында, пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде сөздің құдіреті жайлы, сөз сөйлеудің әдебі, адамдар арасындағы қарым-қатынас, сөздің ақысы жайында көптеген мәтіндер жолығады. Пайғамбар (с.а.с):
«Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген хадисінде жақсы сөздің дәрежесі жоғары екенін көруге болады.
Адамдар арасындағы қарым-қатынас сөз арқылы жүзеге асады. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегендей, адамдарды жұмсақ әрі жақсы сөз айтумен баурай аламыз. Сол себепті болар, дін мен дәстүрі сабақтасқан қазақ халқының дүниетанымында ақ батаға, ізгі тілектерге ғана емес, әр айтылған сөзге мән беріледі. Осы хадиске Бөлтірік шешеннің баласына айтқан өсиеттерін келтіруге болады: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады».
«Жатқа сөйлеме, жаманға сөйлеме. Асырып сөйлеме, батырып сөйлеме. Жасқа сөйлеме, масқа сөйлеме, ұрыға сөйлеме, қараға сөйлеме. Жаман сөзден жақсы сөз дұрыс. Жаманға айтқан сөзден, жақсыға айтқан сөз дұрыс. Ойсыз сөзден ойлы сөз дұрыс. Ойсызға айтқан сөзден, ойлыға айтқан сөз дұрыс. Айтылмай қалған сөзден, айтылып қалған сөз дұрыс. Сөйлемес жерде сөйлемей қалуды білсең, бәрінен де сол дұрыс. Олай болмаған жерде, қанша асыл деме, сөзіңнің алды бұрыс, арты – ұрыс». Бүгінгі күнде де, мақал-мәтелдерді мектеп қабырғасында үйретудің тәлім-тәрбиелік маңызы орасан зор.
Себебі, олар көңілдегі күрделі ойлардың мәнін дәл, қысқа да нұсқа жеткізудің, жинақты ойды көркемдеп танытудың таптырмас құралы. Қазақтың рухани қасиеті, халық айнасы болған тәрбие құралы – әдебиет арқылы беріліп отырды. Жыраулар, би-шешендер мен ақындар поэзиясынан, Бұқар жырау, Ыбырай, Шәкәрім сынды ұлт жанашырларының шығармаларынан терең тағылым алуға болатыны ақиқат. Шәкәрім дана:
«Сөз – Құдайдан шыққан бу» дейді. Ал қасиетті сөз құдіретінің мәніне терең бойлап, сөз маржанын тереңнен теріп бейнелі өрнекпен кестелейтін Мұқағали ақын:
«Сатқан емен, сатпаймын дінімді мен, өлмейтұғын өшпейтін күнім білем. Алла есімі – жүрегім жұдырықтай, жүрегімнің соққанын біліп жүрем», – дейді. Бұл айтылған ойлардан шығатын қорытынды – біз халықтық дана сөздерімізді үйде де, балабақша мен мектепте де, қайда жүрсек те үнемі жастарға айта жүріп, олардың мәнісін түсіндіріп отырсақ, осынау бай рухани құндылықтарымыздың өмірін ұзартып, кейінгі ұрпаққа бұдан әрі қарай да мұра етіп қалдыра алар едік.
Сонда ғана жасы үлкендердің жастар алдындағы үлкендік парызы орындалар еді, әрі ұлттық тәрбие тағылымы қалыптасар еді. Тұла бойдың тылсым сырын сыртқа жаяр лып еткен сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сыр бәрі сыйған сиқыр сөздің бағасын біреу білсе, қазақтай-ақ білсін. Сондықтан да сөзден өткен күш, сөзден өткен құдірет жоқ. Осындай дара да дана ата-бабамыз айтып кеткен ұлы сөздерді ұмыттырмай, келешекке мүлтіксіз таза күйінде жеткізсек деймін.
А. ҚҰРМАНБЕК,
Р. Нарбек