ДӘСТҮРІҢ БОЛСЫН – ДІН АМАН

29 қазан 2022 4346 0
Оқу режимі

Біз – өзіндік діні мен ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар иманды халықпыз. Бабаларымыздың Ислам дінінен қуат алып, қастер тұтып, атадан балаға аманат қылып, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ. Мал-мүлкінен, дәулетінен дінін, иманын жоғары бағалаған қазақ: «Алла деген зар болмас, ақтың жолы тар болмас» немесе «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған.

Осымен қатар, әрбір өркениеттің, әрбір ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Түрлі халықтардың тарихын зерттеген ғалымдар жер бетінде ешқашан дінсіз, наным-сенімсіз ел болмағандығына анық көзін жеткізеді. Адамзат түрлі ұлттар мен ұлыстардан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекешеліктері, тілі мен дәстүрі, діни наным-сенімі болады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде «Хужурат» сүресінің 13-аятында былай дейді: «Әй, адам баласы! Күдіксіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ6 бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың...».

Қазақ жеріне Ислам діні VIII ғасырда келді. Сан-ғасырдан бері ата-бабаларымыз Ислам мәдениетімен сусындады. Ислам діні халқымыздың салт-санасына тереңнен бойлады. Соңында дін дегенде дәстүріміз, дәстүр дегенде дініміз ойға оралатын жағдайға жеттік. Қазақтың дәстүріне балта шабу ол – Ислам мәденниетіне балта шабу. Ислам мәдениетіне балта шабу – қазақтың салт-дәстүріне балта шабу болып табылады. Сондықтан да, қазіргі таңда деструктивті ағымдардың негізгі көздегені – салт-дәстүрімізді жоққа шығару арқылы, сара жолмен келе жатқан дәстүрлі Ислам мәдениетін, құлшылық қағидаларын, діни түсініктерімізді, мәдениетіміз бен менталитетімізді жою.

Қазақта «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген нақыл бар. Әрине, Ислам діні бір елдімекенге келгенде сол елдің бұрынғы әдет-ғұрыптары мен салтын, егер Құран аяттары мен хадистерге қайшылық келтірмесе, өз мәдениеті мен шариғатының аясына алып, сабақтасып кетеді. Фиқһ саласында бұны «шарғи мән қоблана», яғни, қазақша айтқанда «Исламнан алдынғы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер» дегенге саяды. Құранда бұл жөнінде:

«Ғафур жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»,[1] – деп келеді. Қазақ салтында, әрине, Исламнан алдыңғы әдет-ғұрыптар да бар. Осы әдет-ғұрып, дәстүр деген сөздердің өзі діни терминдермен араб тілінен енген. Осының өзі біздің салт-дәстүріміздің негізгі бөлігі Ислам салты екеніне үлкен дәлел.  

Ата-бабамыздың салтында қалыптасқан көптеген дәстүрлердің көбі негізі Ислам мәдениетімен кірді. Мысалы қазақта біреу әңгіме айтып тұрып түшкірсе, «Айтқаны рас екен» деген әдет бар. Бұл Пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде былай деп келтірілген: «Бір сөз айтылып жатқан кезде біреу түшкіріп қалса, сол сөз ең дұрыс сөз болғаны».

Осымен қоса, жаңа ай туғанда «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп дұға ету. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаңа туылған айды көрген кезде: «Аллам, оны бізге сенім мен иман, тыныштық пен Исламның айы ет! Менің раббым да, сенің раббың да Алла. Қайырлы, құтты бол!» – деп дұға еткен.

Халқымызда, сондай-ақ, көптеген салт-дәстүрлер Ислам дінімен келген. Бала туғанда құлағына азан шақырып, ат қойып, халықты шақырып, құдайы тамақ беруі.

Қазіргі таңда өкінішке орай, қазақ халқындағы Исламнан бастау алып, атадан балаға мұра болып келе жатқан келіннің сәлем салуы, өліге Құран бағыштау т.б. осы сияқты бірқатар әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді теріске шығарып, шариғаттың шеңберіне сыйдырмай адасып жүрген қаншама бауырлар бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде сахабалардың иіліп тұрып қолын сүйгені бар. Қайтыс болған кісінің артынан жасалған дұға қабыл болып, оқылған Құранның сауабы барады деген хадистер – бұлардың Ислам дінінде бар екендіген үлкен дәлел. Бұл қысқа мақалада өліге Құран бағыштауға болатындығын дәлелдейтін хадистердің барлығын келтіре алмаймыз, дегенмен Хазіреті Мақол бин Ясардан (р.а.) риуаят етілген: «Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңдар»[2] деген хадис пен Ибн Қудаманың кітабында Ахмед бин Ханбалдың: «Қабірстанға барғандарыңда Аятул Курсиді және үш рет Ықылас сүресін оқып, былай деп жұға жасаңдар: «Аллам! Бұлардың сауабын мына қабірдегілерге ұластыр» деген сөзі жеткілікті болар.[3]

Ал, келіннің құрмет мақсатында иіліп сәлем беруіне келсек, атақты ғұлама Ибн Абидин мұсылмандардың бірін-бірі құрмет тұтып яки үлкен ғалымдардың және ата-ананың қолын сүюдің еш шариғатқа қайшылығы жоқтығын айтқан.

Осымен қатар, Имам әл-Бухаридің сахихында[4] сахабалардың Пайғамбарымыздың қолын және бір-бірінің қолын құрмет көрсетіп сүйгендері туралы көптеген хадистер келтірілген. Ал, қолды сүйгенде адамның иілуі заңдылық. Сол үшін де, ата-ене, күйеуінің ағайын-туыстарына құрмет көрсету мақсатында келіннің иіліп сәлем беруінің еш оғаштығы болмаса керек.

Қорыта айтқанда, құрметті оқырмандар! Ислам қазақ даласына кеше ғана келген жоқ. Ислам діні XII ғасырдан астам уақыт ата-бабаларымыздың қанымен, халқымыздың бойына, салт-дәстүріне сіңді. Сондықтан да Ислам дінісалт-дәстүрге қарсы шығу бұл Ислам дінін – діңгек етіп ұстаңғымыз келсе – салт-дәстүрімізді сақтауымыз қажет.

Бақытжан Өткелбаев


[1] «Ағраф» сүресі, 199-аят.
[2] Әбу Дәуід, Жаназа бабы, 24; Ибн Мәжа, Жаназа бабы, 4.
[3] Ибн Қудама (ө.1245ж. Бұл кісі фиқһ және хадис саласының білігірі, ғалым, толық аты: Ахмед бин Иса бин Абдулла бин Ахмед бин Қудама).
[4] Әл-Бухари, Әдеп бабы.

 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру