ДІН ДЕ, ҒЫЛЫМ ДА, ӘУЛИЕЛІК ТЕ – ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗІНДЕ!..
Қазақтың шежіре қарты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Дүниеде 77 тіл бар, соның ішінде араб тілі – асыл тіл. Өйткені, Құран ғараби, араб тілінде түскен. Екінші асыл тіл – қазақтың тілі. Қазіргі жүрген замандастарымыздың бірде-біреуі қазақ тілін білмейді. Шіркін, білсе ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр», - дейді. Мәшһүрдің заманы қай заман еді? Қазақтың қаймағы бұзылмай, сөз арасы қазіргідей бөтен сөзбен былғанбай тұрған ХІХ ғасыр еді. Сол кездің өзінде Мәшһүр Жүсіп осылайша дабыл қақса, қазақ тілін білемін деп жүрген қазіргілердің жайын не деуге болады?
Сол Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің зерттеу еңбектерінде қазақ сөздерінің түп төркінін, шығу тарихын іздеп, мән-мағынасын ашуға тырысқан. Мәселен, бір жазбасында «шығасы шықпай, кіресі кірмейді» деген мақалдың шығу төркінін жазса, енді біреуінде «сөз тапқанға қолқа жоқ» деген сөздің басы қайдан шыққанын айтады.
Сондай бір жазбасында: «Қазақта бір мақал бар: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне». Қазақ соның айтуын білсе де, мағынасын білмейді», – деп мақалдың мәнін ашып, талдап шығады. Жалпы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының зерттеуіне түрткі болған бұл мәселе қазір де өзектілігін жоғалтпаған. Қарап отырсақ, кейбір мақалдарымыздың біз білмейтін басқа да қырлары баршылық екен. Өкінішке қарай, ол жағын зерттеп, зерделеп жатқандар жоқтың қасы. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бұл мәселені өз заманында өзекті тақырыпқа айналдыра білген.
Мәшһүр Жүсіп «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалдың басын хадиске тіреп, былайша талдайды: «...Отанның асылы сый дүр бізге. ...Рухының өрбіп-өңдіген жері – Құдай Тәбәрік Тағаланың құдірет қасы. Денесінің шыққан жері – топырақ. Мұнан мағлұм болды, шын жұрты, шыққан жұрты – ақырет ғаламы».
Демек, Алла тарапынан келген жанның, яғни рухтың бар амалы ақыреттің қамын ойлап, күйін күйттемек. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы, «өлмес жанға өзгермес орын керек». Ендеше жан қалауы – күніне мың құбылған фәни емес, мәңгі тұрақ – бақи. Сондықтан да, Мәшһүр Жүсіп: «ердің ері, екеудің сынығы болған жан – ақырет жұмысын қоштап, соның жабдығын ойлап, есі-дерті – туған жері сонда болады», – дейді. Бұл жердегі «туған жер» күллі адамзаттың түп атасы – Адам атаның алғаш табан тиген жері – ақырет әлемі. Бұл – мақалдың «ер туған жерінде» деген бөлігіне Мәшһүрдің берген түсіндірмесі.
Ал мақалдың «ит тойған жерінде» деген екінші бөлігін Мәшһүр: «Ер болмаған, ерлік ісін қыла алмаған – жұртта қалған жемтік өлексені қиып кете алмаған иттей болып, дүние шылығымен алданып қалады», – деп талдайды. Құран Кәрімдегі Мұхаммед сүресінің 12-ші аятында Алла Тағала: «Алла иманды болып, жақсы іс істегендерді ағып жататын жұмаққа кіргізеді. Ал кәпірлер пәни дүние игіліктеріне зауықтанып, хайуанша ішіп-жеп қарын тойғызады. Ақыретте олардың орны тозақ», – деген. Жоғарыдағы мақал осы және осы мағыналас аяттардан туғаны даусыз. Түбі діннен тамыр алатын мақалдың мағынасы бұлай екен деп бүгінгі күні кім ойлапты? Әрине, біз бұл мақалдың тура мағынасын жоққа шығармаймыз. Тек кейбір мақалдардың басқа қырын да біле жүргеніміз жөн-ау дегіміз келеді.
Осы жерден қазақ мақалына айналған, жұрт Пайғамбарымыздың хадисі деп кеткен «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің де тағы бір қыры ашылады. Сөз төркініне ой жүгіртсек, мұндағы «отан» – «туған жер» мағынасында ғана қолданылмай, ақырет әлемі, адамзаттың келген және қайтар мекені деген мәнге де саяды екен.
Қазақ адамның жаны тәнінен ажырағанда өлді демейді, «қайтты» не «қайтыс болды» дейді. Бұл – жанның келген тарапына қайта қайтқанын білдіреді. Былайша айтқанда, өз отанына кетті деген сөз. Абай да: «Мені» мен «менікінің» айрылғанын, «өлді» ат қойыпты өңкей білмес», – деп ақырет мәселесін білмегенді «білімсіз» деп сөгеді. Бұдан аңғаратынымыз, отанды, яғни ақыретті сүю – иманның амалына жатады. Себебі, иманның алты шартының бірі – ақыретке сену. Ендеше, бұл – қазақтың тіліндегі дін емей немене?..
Енді қазақтың тіліндегі ғылымға келсек. Қазақта «сұмырай келсе, су құриды» деген сөз бар. Баяғыда ауылда үлкендеріміз құрдастарынан біреу келіп жатқанда үйде су болмай қалса, «сұмырай екенсің, сен келіп едің, су да бітіп қалды» деп қағытып жатушы еді. Бүгінде ойлап отырсақ, бұл сөздің де мағынасын түсінбеппіз ғой.
Соңғы кездері ғылымда судың қасиеті өте көп зерттеліп жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей «Судың ғажайып құпиясы» деген деректі фильм түсірді. Сол фильмде судың бойында ақпарат сақтау қасиеті барын, сол ақпаратқа байланысты құрамының, яғни молекулалық құрылымының өзгере алатынын зерттейді. Былайша айтқанда, су магнитафон лентасы секілді «естіген», «көрген» ақпаратын жазып отырады. Ресейдің жаратылыстану ғылымы академиясының академигі Коротковтың зертханасында адам көңіл-күйінің суға қалай әсер ететінін көру үшін бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізілген. Зерттеу барысында суға жағымды және жағымсыз сөздер айтылып, микроскоппен бақылайды. Нәтижесінде судың құрамынан үлкен өзгерістер байқаған. Яғни, жақсы сөздер айтылып, жағымды әуендер қойғанда судың кристалдары әдемі симметриялық пішін түзіп, көркем кейіпке енген. Ал жағымсыз жаман сөздер айтылған судың кристалдары үйлесімді пішіннен айрылып, ретсіз түзілген.
Бұл зерттеу нәтижелерін Жапон ғалымы Эмото Масару да қуаттап отыр. Ол да осыған ұқсас зерттеу жасаған. Эмото Масару үш ыдысқа бірдей су құйып, түбіне бірдей күріш салады. Сосын үш ыдысқа бір ай бойы үш түрлі сөз айтады. Біріне – «рахмет», екіншісіне – «мен сені жек көремін» дейді, үшіншісіне мүлдем көңіл бөлмейді. Бір ай өткен соң әлгі ыдыстардан мынандай өзгеріс көреді: «рахмет» деген ыдыстың күріші көктеп, өскін шығып, иісі хоштана түскен. «Мен сені жек көремін» деген ыдыстың күріші көгере бастаған. Ал мүлдем көңіл бөлмей, қараусыз қалдырған ыдыстың күріші қарайып, шіруге айналған, суы болса саси бастаған. Бұл тәжірибеден байқайтынымыз ыдыс бір, су бір, күріш бір, тек сөз әр түрлі. Демек, сөздің суға қандай да бір әсері болады деген сөз. Мұндай зерттеу мысалдары тізе берсең өте көп. Дінде де суға дұға оқып, дем салып ішетін тәжірибе бар. Қарап отырсаңыз, судың қасиетіне қатысты ғалымдар қаншама зерттеу жасап, еңбектер жазған. Жапон ғалымының да осы мәселеге қатысты том-том кітабы бар. Орыстар болса, үлкен деректі фильм түсірген. Ал қазақ тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін «сұмырай келсе, су құриды» дейді. Мұнда су жоғалып кетеді деген сөз емес, қазақ сұмырай келсе, судың құрамы құритынын айтқан. Ал «сұмырай» деген кім десеңіз, қазақ «суық сөзді сұмырай ғана айтады» деген. Яғни, жаман сөздің иесін қазақ «сұмырай» дейді екен. Ендеше ғылым да, әулиелік те қазақтың сөзінде деген осы болса керек.
Міне, бүгінгі таңда Мәшһүрше мақалдың түп-төркінін қопарып жүрген қазақты таппаймыз. Егер бұл істі қолға алсақ, қазақтың сөзі де, діні де, ғылымы да, әулиелігі қайта жаңғырар ма еді?..
Салтан САЙРАНҰЛЫ