ДІН ӨЗІ ЖОЛ ДЕГЕН СӨЗ
Дін өзі жол деген сөз. Алладан адамға, адамнан Аллаға қарай ұзап жатыр. Жол - байланыс деген сөз. Байланысты арабша ақыл, иртибат, уасила, уахи, хабар … сияқты ұғымдармен де анықтауға болады. Анықтамалар шексіз.
Жол - принцип, ұстаным деген сөз. Ұстанымды қоюшы иман негіздері. Идеясы белгілі Аллаға қайту… Бірақ қалай қайту керек? Міне мәселе осы жерден басталады.
Дінтану ғылымында діни сенім, діни таным, діни тәжірибе және діни сана қабаттары, салалары бар. Осылардың ішінде діни тәжірибе қабаты өте күрделі. Себебі ол өткен шақ, осы шақ және болашақпен қоса, уақытсыз уақытқа, ламаканға қатысты жүйеленген тетіктер мен үлгілерден, ережелерден, үнемі қайталанатын шаблондардан тұрады.
Яғни, Үздіксіз процесс. Осы процестің басты компоненті - адам. Мұны исламда сунна, орталығы Хз. Мұхаммет (с.ғ.с) пайғамбар көрсеткен үлгі ретінде қабылдаймыз. Енді осы орталық үш уақыт ішінде яғни мына дүниенің әр кеңістігінде ұстаз бен шәкірт арасындағы тәжірибе, үлгі, ұстаным … т.б алмасу ретінде құбылысқа айналады. Діндегі ағым, мазхаптар, фирқа, жамағат, тариқат сияқты дінішілік сүрлеулер- бұл да жол, тікелей адаммен байланысты.
Яғни жолдың құрушысы ұстазбен анықталады. Жолдардың көптігі мәселе емес. Себебі олардың барлығы өз заманына өз кеңістігіне қарай діндегі Аллаға қалай қайту керек деген сұраққа жауап, метод, түсіндірме, таным, түсінік, тұжырымдама арқылы діни тәжірибесін қалдырады.
Әрине діни тәжірибе құбылыс, акция деген сөз. Оның ішінде дін сенім, діни таным, діни сана өз тіршілігін, экзистенциялық орнын көрсетеді. Діни тәжірибе діннің қоғамдағы тіршілігінің көрінісі.
Әрине діни таным да, діни сана да, діни сенім де адамның ар ожданына қатысты қабаттар. Ішкі еркіндік алаңына қатысты. Ал адамның сыртқы әлеммен, кеңістігімен қатынасында дін феномен ретінде тіршілігін көрсетеді. Ол діни білім беру мекемелері-мешіт, медресе, текке, зауия, хужра және т.б. Кешегі кеңестік режимде діни тәжірибе зорлық, қысыммен шектелді, тыйым салынды. Адам да қуғынндалды, мешіттер де қирады, білім беру де тоқтады. Бұлар діни тәжірибе қабатының тіршілігін тоқтатуы. Соның салдарынан діни таным мен діни сенім туралы қайталанып, жаңғырып тұруы тиіс мәліметтер процесс болудан қалғандықтан да ұмыт бола бастайды.
Ал бірақ діни сана тірі қалады. Себебі адам діни санасыз болмайды. Оқырманға түсінікті болсын деген ниетпен, тым тәптіштеп кеттік. Енді негізгі айтпақ болған ойымызға ойысайық. Дінде жамағат бар, жамағатшылық та қоса қабат орын алады. Жамағат табиғи, жамағатшылық телеологиялық мәнде. Яғни жамағатшылықта мақсат, мүдде, иерархия, түптеп келгенде саясатқа барып тіреледі.
Ислам тарихында оның мысалдары мен көріністері жетіп артылады. Діндар жамағаттан, діншіл жамағатшылыққа ойысады. Мұны діннің саясатқа айналуы дейміз. Бұл әрине өте қауіпті тенденция. Ол қоғамда басымдыққа ие болғанда, ең бірінші, “ біз және олар” деген жікке бастайды. Бұл біріктіруші емес, бөлуші саяси партияға айналады. Сондықтан да зайырлы, демократиялық мемлекеттерде дінге негізделген партияларға жол жоқ…
Алыстан мысал іздемей ақ, соңғы отыз жылда елдегі салафилер, сопылар, фетошы-гуленшілер және т.б. Топтар жамағат болып қалыптасып үлгерген. Бұларда да жамағатшылдық, иерархиялық сипатта орын алып отыр. Билікке ықпал жүргізіп, яки биліктен өз жақтастарын жинап саяси күшке жету негізгі стратегия, басты мақсат. Қаңтардағы салаф уахабтардың жайы белгілі.
Сол сияқты басқа да топтар “жамағатшылық” торларымен, саяси, экономикалық потенциалдарын арттырып, арғы беті мен ішкі ниеттерін көрсетпеуге тырысып, мысықша басып келе жатпасына ешкім кепіл бола алмайды… жалпы бүгін билікке ғылыми таным мен діни танымды қатар саралауды меңгеру шарт.
Досай КЕНЖЕТАЙ