ДІН – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ НЕГІЗІ
Әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан ата-бабаларымыздың болмысы, мінез-құлқы, ұлттық ұстанымы терең мағынаға ие. Қазақ халқының бай мәдениетінің шеңберінде ғасырлар бойы мән-мағынасы мол дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жеткізілді. Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе – тілі мен мәдениеті және осылардың негізі саналатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі Ислам дінінде болған десек, еш қателеспейміз. Этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр» деп айтқан болатын. Қазақ руханиятының дамуында Ислам дінінің рөлі орасан зор. Қазақ руханияты дегенде, ең алдымен мәдениет, әдебиет, тіл, діл, дін мен дәстүр сабақтастығы сияқты құндылықтар ойға оралады. Алайда, Кеңестік атеистік кезеңде халықты Исламнан ажырату үшін қолданылған ір саясаты – елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тынысын тарылту болды. Халықты діннен түбегейлі ажырату үшін дәстүрінен ажырату керек деп білген атеистік режим елдің әдет-ғұрпын ескіліктің қалдығы деп сынады, тыйым салды, ойына келгенін істеді. Сол үшін де дінмен күрескен атеистік саясаттың шоқпары елдің әдет-ғұрпына да тигенін көреміз: «В условиях восточных республик в силу ряда причин ислам занимает еще достаточно устойчивые позиции в семейно-бытовой обрядности. Именно поэтому борьба против вредных обычаев и традиций, освященных исламом, является одним из главных направлений в атеистической работе». Сонымен қатар Кеңес үкіметі кезіндегі дінге қарсы жүргізілген саясатты ғалым Н. Нұртазина «Борьба с Исламом» атты еңбегінде жан-жақты талдап көрсетеді. Тарихшы-ғалым осы еңбегінде атеистік кезеңдегі құжаттамалық деректер мен қабылданған қаулы, қарарларға сүйеніп, дінмен күрестің жолдарына да тоқталады. Молданың қатысуымен өтетіндіктен неке қиюға, қарынды ашыру денсаулыққа зиян деген желеумен ораза ұстауға тыйым салынды, баланың қорқып, жылайтындығын сылтау етіп, сүндетке отырғызудың кеселі, Құрбан айтта құрбандық шалудың шаруашылыққа зардабы тиетіні айтылды. Ел үшін ең қиыны адамның бақиға аттануымен қатысты дәстүрді ұстану болды. Себебі бұл рәсім көпшіліктің қатысуымен өтетіндіктен, қалалық жерлерде, партияда жұмыс жасайтын отбасыларда Ислам дінінің талаптарын ұстану мүмкін болмады. Ең ақыры марқұмның жаназасы шығарылмай, аққа орап, арулап көму де ел үшін мұң болды. (Н.Нуртазина. Борьба с Исламом. – Алматы: «Қазақ университеті», 2008,19). Қазақ-қалмақ соғысынан кейін жұртымыз патшалық Ресейдің құрамына қосылып, өз тәуелсіздігінен айырылды. Міне осы тұста ел ішіндегі әлеуметтік, рухани, діни өзгерістерді отаршыл елдің миссионерлері тиімді пайдалана білді. Қазақтың ұстанған дінін тамырымен құртып, халықты шоқындыру үшін де әрекеттер жасады. Ол туралы ғалым М. Мырзахметов «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты еңбегінде жазды. Қазақты дінінен түбегейлі айыру деген сөз, халықтың өзіндік «менінен» айыру, ең ақыры бодан етіп, тәуелді қылу болатын. Елдің дінін шамандықпен, тәңіршілдікпен байланыстыратын, болмаса салт-дәстүрден ескінің қалдығын іздеп, «қазақ топырағында таза Ислам болмаған» деп келетін жасанды пікірлердің негізгі іргетасы осы патшалық Ресей кезінде қаланып, Кеңестік атеистік дәуірдегі сыңаржақ зерттеулер бұл мәселенің қолтығына су бүркіп, өршуіне дем берді.
Біз тарихи тағылымға, дәстүрлі өнегеге бай Қазақ еліміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз. Исламның мәйегі болып табылатын рухани құндылықтар ұлтымызбен бірге жасасып, рухани мәдениетімізге, әсіресе әдебиетімізге үнемі көрініс тауып отырған. Сондықтан ата дініміз бен рухани бастауларымызға оралудың ең жақын жолы әдебиет арқылы өтеді. Біздің буынды әдебиет тәрбиеледі. Осы көркем әдебиет арқылы исламның құндылықтарын, тарихымызды, руханиятымызды таныдық. Білім мен ғылымсыз қазақтың сана-сезімін ояту мүмкін емес екендігін түсінген Ж.Аймауытов: «Ғылымды кісінің білімі де күшті, білегі де күшті, надан кісі осал, құр қол кісі сияқты, алыса кетсе айлалы, азулы кісі нашар кісіні алып соғатыны ап-анық. Бұлай болған соң басқаның аузында кетпей, тіршілік қылайын деген жұрт мәденилікке жармаспасқа шарасы жоқ» дей келіп, «басқа елдерге еліктей бермей өз бетіміздің, жұрттығымыздың белгісін көрсеткеннен не кемдік табылады? Қаза, тексере берсек, Еуропаның өнеге қылуға жарамайтын жерлері де бар» деп басқа елдерге еліктей бермей, өз жетістіктерімізді сақтауға шақырады. Мәселен, 2004-2009 жылдар арасында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 408 еңбек жарыққа шыққан. Солардың ішіндегі діни мазмұндағы жарыққа шыққан еңбектер саны – 16 («Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік философиялық мұра», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Әдеби жәдігерліктер», «Ислам философиясы 4 том», «Орта ғасырлардағы түркі ойшылдары 5 том», «Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы 47 том», «Бабалар сөзі 100 том»). «Бабалар сөзі» жүз томдығының 11-16 томдары – «Қазақтың діни дастандары» жинағында «Мұхаммед пайғамбар», «Қисса Мансұр әл-Халлаж», «Қисса уақиға Кербала», «Қисса хазірет Расулдың миғражға қонақ болғаны» т.б. секілді көптеген діни дастандар қамтылған. Бұл дастандарда ислам тарихындағы маңызды тұлғалар, айтулы оқиғалар көркем тілмен жырланады әрі жырлаушы мен тыңдаушы халықтың діни көзқарастары, дүниетанымы бейнеленеді. «Қисса» жанрының дүниеге келуіне әсер еткен Ахмет Ясауи бабамыздың «Диуани хикмет» кітабы – түркі топырағындағы әдеби-рухани жанрлардың қалыптасуына әсер еткен бірден-бір мұра. Ясауи ілімі мен шығармашылығы түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да рухани мәдениетінің барлық саласында – әдебиетінде, тарихында, дүниетанымында, ойлау жүйесінде терең із қалдырған. «Менің хикметтерім – Алладан пәрмен, Сөзін ұққанға бар мағынасы Құран» дей келе, қазақ халқы ислам діні аясында ұлт болып қалыптасып, бүгінгі әлемдік қауымдастықта да түркі халықтарын ынтымақтастырушы басты факторға айналды. Ұлы ойшыл Ясауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Ахмет Ясауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Олты. Қазақ халқының барлық діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясында қалыптасты. Мұның мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен айқын аңғарамыз. Жалпы, жыраулар ел өмірінде ерекше идеологиялық рөл атқарды. Мысалы: «Әғузы» мен «Бісмілдә»- Әрбір сөздің бастауы. «Әлхамділда» салауат – Мұсылман пенде аузынан Дұрыс емес тастауы. Ала таңмен аралас Зікір айтып зарлаған Бір Құдайдың достары. Алланың досы кім десең, Бұрыңғы өткен пайғамбар. Олардың жолын құп тұтқан Ғұлама деп айтқандар, Ғашық болып Аллаға Дүнияны қойғандар. Ізгілікке қосылмас, Тұғыры жолдан тайғандар. (Әбубәкір Кердері) Мекке менен Медине жолдың ұшы, Алыс сапар дейді ғой барған кісі. Атаң менен анаңды құрметтесең, Мекке болып табылар үйдің іші. (Шал ақын) Дін мұсылман баласы Адамдықтан жерімес, Тіл мұсылман, қарашы, Арамдықтан шегінбес (Үмбетей жырау), – деп, мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуы және көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Міне, осындай рухани қайраткерлердің күш-жігерімен бертінде Сыр бойында және Маңғыстауда атақты ахундар мектебі қалыптасты. Бұхара, Самарқанд медреселерінде білім алған көптеген рухани тұлғалар ел ішіне оралып, туған халқының діни дүниесіне қызмет еткен. Қазақ халқының дүниетанымы, діни көзқарастары, ұлттың рухани құндылықтары ауыз әдебиеті шығармаларында көрініс тапты. Діни тақырыпқа арналған діни қисса-дастандар, әңгімелер, жырлар ислам дінінің негізгі қағидалары, шариғат заңдары жайында мол мәлімет алуға болатын. Мұндай туындылар көпшілікке арналған діни оқулықтың рөлін қоса атқарып, қазақ мұсылмандығын қалыптастырудың, діни сауатын көтерудің теңдесіз құралына айналды. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүрді сөйлету, тірілту қажет. Ата-бабаларымыздан қалған керемет рухани аңыздар мен қиссалардан жинақталған әңгімелерді жаңа түрде жарыққа шығарып, халыққа ұсынып, жеткізу мақсатында «Отбасы хрестоматиясы» жобасы 2013 жылдан бастап этнография, философия, психология салаларында кітаптар шығарумен айналысып келеді. «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр шәріп», «Әлдиден эпосқа дейін», «Яссауи феномені», «Махаббаттың мәні», «Логотерапия немесе Өмірге құштарлық», «Балалықтан даналыққа», «Мың сұрақ», «Ecosophy немесе киелі табиғат», «Бейсен және Болмыс», «Өркениетті адам», «Өмірге ғашық болу», «Сыр сөз» т.б. туындылары жарыққа шыққан. Жоба он жылдан бері 36 кітап шығарса, оның 16 балаларға арналған кітаптар. Бұл жобаның тағы бір бағыты 1930 жылдары Алаш қайраткерлері аударған шағын шетел әдебиеттерін шығару екен. Жалпы қиссалар Ислам сенімінің негіздерін түсіндіруге арналған. Жалпы діни қиссаларда Алладан басқа ешбір құдайдың жоқтығы, Алланың барлық Пайғамбарлары мен періштелерінің өнегелі өмірі, Пайғамбар Мұхаммедтің адамзат баласы алдында атқарған ізгі істері зор шабытпен жырланған. Діни қисса имандылыққа, қанағат-ынсапқа, күншіл болмауға, біреуге зорлык-зомбылық жасамауға, жетім-жесірлерге көмек көрсетуге, қайырымдылыққа, т.б. ізгі қасиеттерге үндейді.
Бахтияр АЛПЫСБАЕВ, дінтанушы