ЕКІ ҚОШҚАР
Біз: "Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас", - деген мақалды жиі қаперге аламыз. Аталмыш мақал негізінен бір-бірімен бақталас, ат үстінде жүрген адамдарға қарата айтылады. Қазіргі кезде қызметке қатысты көбірек тілге тиек етіледі. Сонымен қатар, саясатқа, мемлекетаралық жанжалдарға байланысты да қолданыла береді. Негізгі мән текетірес, сүзісу болған соң бұл мақал қай тұрғыда да дұрыс қолданылып жатқандай әсер қалдырады. Бірақ шынтуайтына келгенде...
Ол үшін әдеттегідей мақалдың тура мағынасына назар аударып көрелік. Әуелгі сауал. Неге екі қошқар? Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтындығы мәлім болғаннан кейін не себепті екі қошқар сойылуы (енді қазан қаперге алынған соң сойылатыны белгілі ғой) керек? Той болып жатыр деуге тағы келмейді. Себебі, қазан жалғыз. Егер қонақ екі қошқар соятындай соншалықты қадірлі болса, онда тайқазанды пайдалануға болар еді. Мәселені осылай саралағанда, екі қошқардың да қазанға түсу қажеттілігі мәлім болады. Оның үстіне біздің:
"Қазанға түскен
Қапқа түспейді", - деп те қоятынымыз бар. Сондай-ақ:
Қазаншының еркі бар,
Қайдан құлақ шығарса", - дегенді де айтқанбыз. Демек бір қазанға қанша бас саламын десе де үй иесі өзі біледі. Алайда,
"Ақылды отқа қарайды,
Ақымақ қазанға қарайды", - деген даналықты қаперге алсақ, екі басты бір қазанға сыйдыру, аталмыш мақал қисынына келмейді.
Қырғыз халқы:
"Азансыз молда болса да,
Қазансыз қатын болмайды", - дейді екен. Әйтсе де қазан өзімдікі екен деп бір қазанға екі бас салуға қай қатынның да тәуекелі жете қоймасы белгілі. Қанша жерден діншіл болып:
"Аллаға жағамын десең,
Азаның болсын.
Пендеге жағамын десең,
Қазаның болсын", - десек те бір қазанға екі қошқардың басын салатын адам жоқтың қасы. Оның үстіне біз:
"Саулықтың жасы үлкен,
Қошқардың басы үлкен", - дегенді айтқан ұлт өкіліміз. Сондықтан: "Мал баққан қошқардың жайын біледі", - демекші, сыйымдылығына қарай қошқардың басына тоқтының басын да қосақтап аспаймыз. Себебі:
"Кәрі қойдың басы піскенше,
Тоқты басының арсасы шығады". Оның үстіне қанша жерден: "Қойшы қошқарын мақтайды,
Тентек шоқпарын мақтайды", - десек те, қай қойшы да бір қазанға екі қошқардың басын қабат асуға пейіл танытпайды.
Жалпы бұл айтқанымыздың бәрі аталмыш мақалды тура мағынасында қабылдаған кездегі таным. Оның үстіне осы ыңғайда қолданылатын өзге де мақал-мәтелдер баршылық. Мәселен бірде:
"Қошқар соймай, қой сойсам
Жасық дерсің.
Қой соймай, қошқар сойсам
Сасық дейсің", - десек, тағы бірде:
"Палуан болар баланың
Етек, жеңі кең келер.
Қошқар болар қозының
Маңдай жағы дөң келер", - дейміз.
Алайда көңілде күмән қалмас үшін: "Сыймайтыны мәлім бола тұра екі қошқардың да басы салынуы тиіс ол қандай қазан?", - деген сауалға да ерік беріп көрелік. Басын ашып айтайық. Мақалдың негізгі мәні де осы жерде ашылады. Білген жөн. Әр адамның көкірек көзінде қазан бар. Сыйқырлы қазан. Ол "қазан" біздің қалауымызды материялды тұрғыда жүзеге асырып отырады. Діни тілде ол қазан "гауhар", "аманат" деп аталады. Бір сөзбен айтқанда, біз жақсылықты да, жамандықты да ниетіміз арқылы өзіміз жаратамыз. Осы жақсылық пен жамандықты екі қошқар деп түсінген жөн. Оның бірі - нәпсі, екіншісі - рух. Ал ол екеуінің басы бір қазанға ешқашан сыймайды. Соған орай аталарымыз:
"Жақсылық қылсаң өзіңе,
Жамандық қылсаң өзіңе,
Аспанға қарай оқ атсаң
Қайтып тиер көзіңе", - деген. "Жақсылық еккен алғыс орады", - дейтініміз де сондықтан. Жалпы біздің ұлттық ұстанымымыз:
"Жақсылықты қызғанба,
Бәріңізге жетеді.
Жақсы болып бір жүрсең,
Дүние қызық өтеді", - дегенге саяды. Бұл орайда Шәкәрім атамыз:
"Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын, - десе, М. Әуезов: "Маңына ұрық шашпаған жақсылық, жапанда жалғыз өскен бәйтерекше, тұл болады да қалады", - дейді.
Жалпы өмірде тек жақсылық пен жамандық қана алмасып отырмайды. Бұл "алмасудың" мәні кең. Оның қандай алмасу екенін Күләш Ахметова өлең тіліне былай түсіріпті:
"Бітер емес сағынышым,
Сезім неге жомарт тым?
Бір бақытты табу үшін
Бір бақытты жоғалттым.
Кімге жетті өкінішім,
Кімнен нені сұраймын?
Бір шаттыққа жету үшін
Бірнеше рет мұңайдым.
Бір шумақты баптау үшін,
Он шумақты өшірдім.
Достың өзін сақтау үшін
Сатқындығын кешірдім.
Жартастың да қатты тәнін
Жарып өтер қарағай.
Күттім күннің сәтті таңын,
Жастығыма қарамай.
Күлер жерде түнеріппін,
Жаным ашып жақынға.
Айырбастап жіберіппін
Жастығымды ақылға.
Бірде ойымды нұрландырдым,
Бірде, бейне, құйын — ішім.
Басқа арманды құрбан қылдым
Бір өзіңді сүю үшін.
Тіршіліктің, әр күнінің
Ғұмырға бар қатысы.
Жақсылықтың барлығының
Жақсылық па ақысы?
Алып өтіп сапар — күннен
Өлеңімнің жарқылы.
Асуларға бет алдым мен,
Қия жолдар арқылы".
Иә, өмір жолы бұралаңды. Солай бола тұра Александр Куприн:
"Кейде бір жамандықтан кейін екінші жамандық күтіп тұрады. Алайда оған бола өмірден түңілудің керегі жоқ. Әлі алда талай тамаша күн туатынына сеніңіз", - дейді. Алайда Артур Шопенгауэрдің мына сөзін де жоққа шығаруға болмайды. Ол кісі адамның табиғи болмысы туралы:
"Адамның адамға жамандығында басқа себеп жоқ, бәрі де қара ниет, жаман ойдан туады және барлық тіршілік арасында тек адам ғана себепсіз жамандық жасайтын, ерекше болмыс", - депті. Ал аталарымыз болса:
"Жамандықта – тек жоқ,
Жауыздықта – шек жоқ", - дейді. Бұл тұрғыда С. Довлатов:
"Адам бәріне де қабілетті. Одан жақсылықты да, жамандықты да күтуге болады. Сол мені қынжылтады. Сондықтан күндіз-түні жаратқаннан тек адал, ақкөңіл, мейірімді адамдарды жолықтыр деп тілеймін", - десе, Иүгінеки:
"Жақсылықтан үміт етсең - сабыр ет", - дейді.
Қорыта келгенде айтарымыз, "Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды". Сондықтан жамандықтың орнын жақсылық алмастыру керек. Себебі, Роберт Пенн Уоренн айтпақшы:
"Сен жақсылықты жамандықтан жасауың керек, өйткенi оны жасайтын басқа ештеңе жоқ".
Сөз соңын Қадыр ағамыздың "Жақсылық туралы ертегі" атты өлеңімен түйіндейік:
"Ертеректе,
Болмай тұрып бақсылық,
Жоқ кезінде қулық деген ат сүлік,
Бір-ақ нәрсе қымбат екен адамға,
Қымбат екен,
Оның аты — Жақсылық!
Алтын балық қалса торға шырмалып,
Босатыпты пейілі кең жыр халық.
Жақсылықты
Алғаш кезде
Қайда да
Өзіменен жүріпті ылғи бірге алып.
Бірақ өмір ең алдымен ерге сын,
Ер туралы ел шығарыпты термесін...
Жақсылықты сандыққа әкеп тығыпты ел
Онда-мұнда ұмытып кете бергесін.
Мұның үшін кінәламан халықты,
Бір күні адам алтын көріп қалыпты.
Көздің жауын ала берген сайтанды
Жақсылықтың үстіне әкеп салыпты.
Адам алғаш затқа естігі құнықты.
Байлық деген пәленді тез ұғыпты.
Асыл тас бар,
Піл сүйегі,
Күміс бар,—
Бәрін әкеп сандыққа әлгі тығыпты.
От шашыпты бір тасына тасты ұрып.
Үлкендерге жармасыпты жас тұрып.
Неше түрлі дүниемен
Білмепті
Жақсылықты тастағанын бастырып.
Сөйте-сөйте пайда бопты мұз кеуде.
Бармайды аузым:
Ол — Сіз деуге,
Біз деуге.
Енді қазір
Байлық-дәулет астынан
Ерінеді
Жақсылықты іздеуге!
Мұң деген бір қалың жыныс тоғайда
Көбіне-көп отырамын мен ойда.
Бай адамға қарағанда
Кедейдің
Жақсылығы тұрады ылғи оңайда!"
Құдияр БІЛӘЛ