ЕКІ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТ: БИЯЗЫЛЫҚ ПЕН БАЙСАЛДЫЛЫҚ

05 желтоқсан 2023 1947 0
Оқу режимі

Бір күні Расулуллаһ (с.а.у.) сахабаларымен сұқбатасып отырып айтады: “Біраздан кейін мына жақтан бір топ келеді, олар өз елдерінің қайырлылары”.

Омар (р.a.) орнынан тұрып солай қарай жүреді. Жолда көлікті 13 кісіге кезігеді. “Сендер кімсіңдер?” деп сұрайды, “(Бахрейннен) Aбдүлкайс тайпасынанбыз” дейді. “Бұл жаққа не мақсатпен келдіңдер, саудамен жүрсіңдер ме?” дейді. “Жоқ” деп жауап береді. Сосын Омар (р.a.): “Пайғамбарымыз (с.a.у.) жаңа ғана сендер жайлы жақсы сөз айтты” дейді. Сонан соң солармен бірге Пайғамбарымыз (с.a.у.) отырған жерге жақындағанда “Әне, іздеген кісілерің, анау отыр” деп, Пайғамбарымызды нұсқайды.

Сонда жаңағы топ көліктерінен апыр-топыр түсіп, біреуі асыға адымдап, бірі жүгіре басып, енді бірі емпеңдей жүгіріп Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құзырына жетуге жарысады. Расулалланың (с.a.у.) мүбәрак қолын алып сүйеді. Тек қауымның басшысы Әшәс ибн Мүнзир (р.a.) артта қалады. Oл көлігінен түседі, оны шөктіреді, заттарын тиянақтай жиып, үсті-басын ретке келтірген соң (байсалды) адымдармен Пайғамбарымыздың (с.a.у.) алдына барады. Mүбәрак қолын алып сүйеді.

Пайғамбарымыз (с.a.у.) Әшәске былай дейді: “Сөз жоқ, сенің бойыңдағы екі қасиетті Алла мен Расулы жақсы көреді. Олар биязылық (жұмсақ мінез) және байсалдылық (салмақты болу)”.

Әшәс: “Уа, Расулуллаһ! Бұлар бойыма кейін жұққан мінез бе, әлде жаралған табиғатымнан ба?” деп сұрайды.

Пайғамбырымыз (с.a.у.) “Жаратылысыңнан” дейді. Сонда Әшәс: “Мені өзіне және Расулына ұнайтын қасиетпен жаратқан Алла Тағалаға мадақ” дейді.

 

Пікірлер Кіру