Ең бірінші жұмаққа кіретін әйел
Бір күні ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы Фатима әкесінен сұрайды:
- Әкетай! Дүние жүзінде ең бірінші жұмаққа кіретін кім?
- Анау төменгі ауылда, пәлен үйде тұратын бір кісі бар. Бірінші жұмаққа кіретін сол.
Хазреті Фатима бұл кісіні көруге құмартады. Айтқан үйге барып, есікті қағады. Арғы жақта қартайған бір әйел кісінің дауысы шығады:
- Бұл кім екен?
- Мен ғой, Фатима. Хазреті Пайғамбардың қызы Фатима.
Енді әлгі дауыстің қиналып, абыржып шыққаны байқалады:
- Айналайын, қызым! Сен ренжімеші! Бірақ отағасының рұқсаты болмаса, сені үйге кіргізе алмаймын. Мен бүгін рұқсат сұрап қояйын. Сен ертең келе аласың ба?
Бұл Фатима үшін күтпеген жағдай еді. Алғашқыда сасып қалады. Бірақ кері қайтып кетеді. Ертеңіне әлгі қақпаны тағы барып ұрады. Қасына сүйікті ұлдары Хасан мен Хусейнді ертіп алады. Әлгі әйел тағы да жөн сұрайды:
- Бұл кім, қасыңдағы кімдер?
- Бұл мен ғой, Фатима. Қасымдағы балаларым.
- Жаным, Фатима, айыпқа бұйырмашы. Мен күйеуімнен тек сен үшін рұқсат сұрап едім. Балаларың келетінін білмедім ғой. Тағы да ертең келесің бе? Рұқсат алып қояйын.
Фатима кері қайтады. Күн өткен сайын таң қалысы артып жатыр. Ертесіне тағы келеді.
- Бұл кім?
- Фатима.
Сол кезде есік ашылады. Міне, қызық, кешеден бері дауысына қарап, үлкен апа шығар деп жүргені жап-жас, әп-әдемі келіншек екен. Фатима таң қалып сұрайды:
- Менімен сөйлесіп жүрген апа қайда?
Әлгі әйел ауызындағы тасты шығарып алып тастады да: «Ол мен ғой.» - деді.
- Ұртыңызға неге тас салып алғансыз?
- Жолдан әрі-бері өтушілер болып қалып, менің себебімнен күнәлі болып қалмасын деген ниетім еді.
Міне, жұмаққа алғаш кіретін әйел осындай болған екен. Осы оқиғадан үлгі алуымыз керек-ақ. Күйеуіне соншалықты адал, діндар әйел. Сондай-ақ әйел кісінің даусының өзі кейде адамды күнәға батырып қоюы ықтимал.
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ
Дереккөз: muslim.kz