ҒҰЛАМАЛАРДЫҢ МӘУЛІТКЕ ҚАТЫСТЫ АЙТҚАНДАРЫ

18 қыркүйек 2023 2436 0
Оқу режимі

Имам Суютый, тәпсір сала-сында беделді «Әл-Жәмиу ли ахкамиль-Қуран» атты еңбектің авторы: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жина-лып Құран оқуы, Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Нәбиге (с.а.у.) деген  құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш», – деген.
«Сахих Әл-Бұхари» атты хадистер жинағына түсініктеме жазған имам Ибн Хажәр Әл-Аскаләни мәуліт жайында сұралғанда, былай деп жауап берді: «Рас, мәуліт жаңа іс. Бұл іс бастапқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандардан мұра ретінде жетпеді. Дегенмен, дінге қайшы істерден сақтанса, мәуліт жақсы іс болады. Мен мұны хадисте айтылған мына жағдай-мен байланыстырамын. Расулулла (с.а.у.) Мәдинаға һижрат еткен кезде сондағы иудейлердің Ашура күні (мухаррам айының оныншы күні) ораза ұстап жүргенін байқады. Нәби (с.а.у.) оразаның себебі жайында сұрағанда, олар: «Осы күні Алла Перғауынды теңізге батырып, Мұса пайғамбарды (ғ.с.) құтқарған болатын. Біз Тәңірге шүкіршілік ретінде осы күні ауыз бекітеміз», — деп жауап берді. Сонда Расулулла (с.а.у.): «Негізі ораза ұстауға сендерден гөрі біз лайықпыз», – деп үмметіне сол күні ораза ұстауды бұйырды… Ал рахмет пайғамбары Нәбидің (с.а.у.) дүниеге келуінен артық сый бар ма?! Ендеше, пайғамбарымыздың  (с.а.у.) туған күнін тойлауға осы айтылған жайттар негіз бола алады. Сондықтан, мәулітте бар ынтаны Алла Тағалаға шүкіршілік етуге бағыттау керек. Ал шүкіршілік дегеніміз – Құран оқу, мұқтаждарды тамақтандыру, садақа беру, пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айту, ізгі амал істеуде көрініс табуы тиіс».

Имам Ибн Әл-Хадж Әл-Мәлики бұл жайында: «Біз Хақ Тағаланың ұлық сыйы үшін шүкіршілік пен көп құлшылық етіп, ізгі амал істеуіміз керек… Мәуліт түні жайдары болу, көп салауат айту Нәбиге (с.а.у.) деген құрмет болып табылады», – деген.

Хафиз Абдур-Рохим Әл-Ираки болса: «Бір мейрамды атап өту, мұқтаждарды тамақтандыру қашан да мұстахаб (жақсы) амалына жатады. Көптеген мұстахаб амалдар орындалуы міндетті амал ретінде қабылданып жатқанда, бұл айда осы ай-тылғанға қоса Нәбидің (с.а.у.) дүниеге келуіне қуанып, мәз-мейрам болу айыпты іске жата ма?», – деп мәулітті мерекелеудің еш сөгеттігі жоқтығын айтады.

Шейх Мұхаммед Аләуи Әл-Малики: «Біз мәулітті атап өту және Нәбидің (с.а.у.) тарихын тыңдау, оған салауат айту үшін жиналу, мұқтаждарды тамақтандыру және соның құрметіне қуану дұрыс деп ойлаймыз», – дейді.
«Сахих Муслим» түсінікте-месінің авторы имам Науауидің ұстазы шейх Әбу Шама бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара жайдары болумен өткізу. Осының бәрі Нәбиге (с.а.у.) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі».

Біздің дәуіріміздің әйгілі ғалымы, шейх Юсуф Әл-Қардауи пайғамбарымыздың (с.а.у.) туған күніне қатысты: «Алла тағала өзінің рахметі етіп жіберген Нәбидің (с.а.у.) тарихы мен оған тән қасиеттерді еске алу мүмкіндігін пайдалану бидғатқа жата ма?», – деп оның дінімізге еш қайшылығы жоқ екендігін айтады.

Біздің дәуіріміздің тағы бір атақты ғалымы, шейх Мұхаммед Саид Рамазан Әл-Бутый: «Мәуліт қазіргі күні өткізілетін діни конференция тәрізді іс. Ілгеріде конференциялар өткізілмесе де, конференция бидғатқа жатпайды. Бар мәселе мәуліт барысында дінге қайшы іске жол берілмеуінде», – деп түсініктеме берген.

Шейх Нұх Әл-Қада, Иордания мүфтиі: «Нәбидің (с.а.у.) дүниеге келуі Хақ Тағаланың ұлық сыйы екенінде күмән жоқ. Сол үшін бізге бұл күні қуану міндетті», – деген.

Шейх Омар ибн Хафиз есімді ғұлама: «Мәуліттің құрметіне жиналу – шариғат бұйырған бір игі істі істеу, Құран оқу, Алла тағаланы зікір ету, Нәбиге (с.а.у.) салауат айту, мұқтажды тамақтандыру, Хақ Тағаланы ұлықтау, Оған дұға ету, ілім алу сынды жақсы амалдар үшін жиналғанмен тең амал», – деп өз ойын білдірген.

Бұдан мәулітті тойлаудың дінімізге еш қайшы емес екендігін көруге болады. Сондықтан пайғамбарымыздың (с.а.у.) туған күнін атап өтіп, оған (с.а.у.) салауат айту сауапты істердің бірінен екені даусыз.

 

 

 

Пікірлер Кіру