ҒЫЛЫМ ҮЙРЕНУДІҢ ӘДЕПТЕРІ

24 сәуір 2024 1369 0
Оқу режимі

Әрбір мұслыман білімді адал ниетпен үйренуі керек. Мақсаты тек қана байлық жинап, мәртебеге ие болып, рахат өмір сүру болса, бұл дүниеде өз еңбегінің жемісін көргенімен, ақыретте оның еш пайдасы болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Қиямет күні ең көп азап көретіндер, Аллаһ тағаланың ілімінен пайдаланбаған ғалымдар», «Аллаһ тағаланың разылығына лайық болу үшін үйренетін білімді тек қана дүниені иелену үшін үйренген адам қиямет күні жәннаттың иісін де сезбейді», «Әрбір адам үйренгенімен амал етпейінше, оны тәжірибеде қолданбағанша, нағыз білім иесі ғалым болып есептелмейді. Ал, дін ғылымын үйреніп, онымен амал етпегендерге өз ілімін қызғанып немесе ерініп үйретпеген мұсылманға Аллаһ тарапынан үлкен бір азап бар». «Құл білгенімен амал етпейінше ғалым болмайды», «Білім жайында сұралған уақытта оны жасырғанға Қиямет күні оттан ауыздық салынады»[1].

Хазірет Омар (р.а.) «Бұл үмбет үшін ең қатты уайымдайтыным – ғылым меңгерген мұнафықтар» деп айтқан. «Білімді мұнафық дегеніміз кім» деген сұраққа: «Тілі ғалым, жүрек және амалдары надан» деп жауап қайтарған. Бұл хадисте тілі ғалым деген сөздің мағынасы Аллаһ тағаланың әмірлерін үйреніп, уағыз насихат беріп, үйреткен ғылымы тек қана тілінде қалған ғалым. Өзінің жұртқа үйреткеніне жүрекпен сенбегендіктен амал етпейтін надандар сияқты әрекет ететін кісі.

Суфиян Сәури (р.а.): «Ғылым амал етуге шақырады, амал етсе жақсы, етпесе ғылым да кетеді» деп баяндаған.

Ибн Мүбәрак: «Ғалым, ғылым үйреніп жүргенде ғалым болады. Қашан «мен ғалым болдым» деп, ғылымын арттырудан бас тартса, міне, сол кезде надан болады» дейді.

Фудайл болса былай дейді: «Менің үш кісіге жаным ашиды:

1. Бір қауымның қадірлісі бола тұра, ой-санасы қысқа болған кісіге.

2. Байлықтан кейін пақыр болғанға.

3. Бұл дүниелік нәрселердің алдында өзін ойыншық сияқты қолдандырған ғалымға» деген екен[2].

 

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ

 


[1] Нәуәуи Әбу Зәкәрия Яхя бин Шәрәф, Риязу-с Салихин, аударма және түсініктеме: (Яшар Кандемир,   Исмайл Лютфи Чакан, Рашит Күчүк), I-VIII, Стамбул 1997, 1395-1398.

[2] Әбу Хамид Мухаммед ибн Мухаммед, Кимя-яы Саадет, Стамбул 1970, 66 б.

Пікірлер Кіру