«Ғылым – жоқшылықта байлық, байлықта сән»...
Құранды ашып үңілсек, Ислам дінінің ғылымға, ғылым үйренуге қаншалықты маңыз бергендігі туралы көптеген аяттарды байқаймыз. Ғылым біліммен келсе, білім тек оқумен келеді. Қасиетті Құранның тұңғыш түскен «Алақ» сүресінің алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы тектен-тек емес. Алла Тағала білім үйренуді адам баласына бұйырып міндеттеген.
Сондықтан да, Құранда «Зүмәр» сүресінің 9-аятында: «... Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» – дейді. Тағы бір аятта былай делінген: «Сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді».
Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды», – дейді. Сондай-ақ: «Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді», – деген.
Адамды азғырып тура жолдан тайдырушы әзәзіл шайтан үшін де шариғатты жетік меңгерген ғалым, білімі шамалы қатардағы қарапайым мың мұсылманнан әлдеқайда қорқынышты екен. Бұл жайында хадисте былай делінеді: «Бір фақих (Шариғатты жетік меңгерген ғалым) шайтанға мың қарапайым мұсылманнан қорқыныштырақ». Дінімізді неғұрлым біліп тани түскен сайын азғырушыдан алыстап, тақуалыққа жақындай түсеміз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала игілік тілеген пендесін дін ғылымынан ғұлама етеді», – дейді. Ендеше, діни ғұламалық Алла Тағаланың сүйікті пендесіне ғана нәсіп болмақ. Ал сол нәсіптен үміт етуші әрбір мұсылманға қойылар талап: «Кімде-кім білімді үйренсе Алла Тағаланың разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал керісінше тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннаттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді».
Тағы бір хадистерінде: «Ілім үйрену – еркек болсын, әйел болсын әрбір мұсылманға парыз», – делінген. Дініміздің осы әмірлеріне сәйкес аталарымыз білімге аса мән беріп, ілім адамдарына құрметпен бас иген. Мұсылман билеушілердің бірі Сұлтан Сәлім Мысырдан қайтып келе жатқан кезінде жанында атақты дін ғалымы Ибн Кемалмен бірге балшықты жерден өтіп бара жатады. Ибн Кемалдың астындағы аттың аяғынан шашыраған балшық Сұлтан Сәлімнің киімдерін ластап, Ибн Кемал қысылып ұялады. Ұстаздың қысылып, қымтырылғанын көрген Сұлтан Сәлім: «Қысылма, ұстазым! Ғалымның атының аяғынан шашыраған балшық – біз үшін әшекей, ою-өрнек. Бұл көйлек осы балшығымен сақталып, өлгенде табытымның үстіне қойылсын», – деп өсиет айтып, ғалымдарға деген құрметтің керемет үлгісін көрсеткен екен.
Хазірет Әлидің (р.а.) Күмәйілге айтқан өсиеті де ғылымнан үміттенушіге таптырмас кеңес: «Әй, Күмәйл, ғылым байлықтан қайырлы. Өйткені, малды сен қорисың, ал ғылым болса сені қориды. Ғылым бағындырушы, байлық бағынушы. Байлық берсең азаяды, білім берсең көбейеді». Сондай-ақ, Әлидің: «Бір ғалымның дәрежесі аузы берік болса да соғысқа қатысып, түнін ғибадат етумен өткізген мужахид құлдан жоғары», «Бір ғалымның өлімінен кейін ислам әлемінде қаңырап қалған бос орынды, сол (ғалым) сияқты ғалым өсіп жетілмегенше (орны) толықтырылмайды», – деген де өсиеттері бар.
Әбул Әсуад: «Ғылымнан бағалы нәрсе болмайды. Өйткені, сұлтандар адамдарға басшы, ал ғалымдар сұлтандарға басшы», – дейді.
Фәтхи Мусылы: «Ғылым мен хикметтен (Алла Тағаланың сүйікті құлдарына беретін ғылымы) мақұрым қалған жүрек ішіп-жей алмайтын ауру адам секілді өлімге душар болады. Өйткені, денені жеп-ішу арқылы сақтаймыз, ал жүректің асы – ғылым және хикмет. Жүрек осы екеуімен өмір сүреді. Ғылымсыз жүрек өлімге жақын...», – деген.
Хасан Басри: «Ғалымдардың қаламы шейіттердің қанымен таразыға тартылады және ауыр басады», – дейді.
Ибн Масғуд (р.а.) «Ғылым құрып кетпей тұрып, оқыңдар. Ғылымның жоғалуы ғалымдардың өлімімен болады. Шыбын жанымды уысында ұстаған Құдіретті Аллаһтың атымен ант етемін, Аллаһ разылығы үшін өлген шынайы шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерін көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» – дейді.
Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің азғантай да болсын бөлігін ғылым үйренумен өткізу – түні бойы ғибадат етуден жоғары», – дейді.
Хасан Басри «Бақара» сүресінің 201-аятындағы «Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде жақсылық бер және ақыретте жақсылық бер» деген аятындағы бұл дүниедегі жақсылық бізге ғылым және ғибадат, ал ақыреттегі жақсылық жәннатқа кіргіз деген мағынада айтылған дұға», – дейді.
Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар», – деген екен.
Хазірет Лұқман ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктемде жаңбырмен жерді көгертетін Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың көкірегін оятады».
Ғалымдар: «Ғалымның өліміне теңізде балықтар, ауада құстарға шейін әрнәрсе жоқтап жылайды».
Яхя ибн Муаз (р.а.): «Ғалымдар мұсылман үмбетіне әке-шешелерінен де мейірімді. Өйткені, әке-шешелері оларды дүниедегі оттан қорғайды, ал ғалымдар болса (адамдарды) ақыреттегі оттан қорғайды».
Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жандылардан айырмашылығы болмас еді. Өйткені, солардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен», – дейді.
Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ
Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан