ІІІ Республикалық имамдар форумынан не күтеміз?

16 қазан 2019 7611 0
Оқу режимі

Қазан айының 23-күні елордадағы ҚМДБ ғимаратында ІІІ республикалық имамдар форумы өтеді. Биылғы форум аясында маңызды деген бірнеше құжат қабылданады деп күтілуде. Осыған орай игі шара қарсаңында ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен сұхбаттасқан едік.

- Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы жақында Діни басқарма үлкен шара өткізбекші. Биыл үшінші рет өткелі отырған Республикалық имамдар форумының маңыздылығына тоқталсақ?

- Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Ассалаумағалейкум қадірлі қазақ жұрты, ардақты ағайын! Ия, өзіңіз айтып өткендей, ҚМДБ ұйымдастыруымен ІІІ Республикалық имамдар форумы өткізу жоспарланып отыр. Алла ісімізге берекесін бергей!

Жалпы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – еліміздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы, рухани ордасы. Бүкіл мешітті бір орталыққа біріктірген мүфтият қоғамды имандылыққа үндеп қана қоймай, барша ұлттар мен ұлыстарды бірлікке шақырады. Діни басқарма өзінің 30 жылға жуық тарихында діни салада ауқымды іс-шаралар атқарды, берекелі бастамаларға ұйытқы болды. Еліміздегі екі жарым мың мешіт халқымыздың бірлігін ұйыстыратын, дәстүрлі рухани орталыққа айналды. Қазіргі таңда толыққанды кәсіби имамдардың корпусы калыптасты. Алғашқы кезде имамдарымыз 5 уақыт намазды өткізумен шектелсе, бүгінгі таңда халық арасындағы сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын тұлғаға айналды. Бұл ретте ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деп есептеймін. Бүгінгі имам біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір мешіт қызметкері қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттаса алатын рухани көшбасшыға айналуы қажет. Біз осыны қазіргі имамдардан талап ете бастадық. Имамды ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Демек, дін қызметкеріне қарап, дінді танимыз.

Осы ретте, үшінші рет ұйымдастырылып отырған Имамдар форумы «РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ НЕГІЗІ» деп аталып отыр. Жалпы мақсат-мұраты – халықтың, мұсылман жамағатының білім алып, қоғамға пайдалы болу, отансүйгіштік, ізгілік, бірлік, мейірімділік, еңбекқорлық секілді адамгершілік құндылықтарға үндеу, діни қызметкерлердің біліктілігін көтеріп, еліміздегі діни рәсімдердің бірізділігін ретке келтіру, тағы да басқа кезек күттірмес түйткілді мәселелерге қатысты жаңа шешімдер шығару. Осы орайда, ІІІ Республикалық Имамдар форумында бірқатар маңызды құжаттар қабылданатын болмақ. Атап айтқанда, «ҚМДБ ҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ДІНИ ЛАУАЗЫМДАР ТІЗІЛІМІ», «ҚМДБ АТҚАРАТЫН ДІНИ РӘСІМДЕР ТІЗІЛІМІ», «ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ «РУХАНИ ТҰҒЫРНАМАСЫ» және «ҚМДБ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЛАУАЗЫМДЫҚ МІНДЕТТЕРІ» атты құжаттар қабылданады.

Осы құжаттардың ішінде қоғам арасында ізгілік пен мейрімділіктің жарқын үлгісін қалыптастырып, елдегі татулық пен тұрақтылықты нығайта түсу мақсатында, айналамыздағы жандардың, біздің балаларымыздың – болашағымыздың көркем болуы үшін «Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазығы немесе рухани тұғырнама» атты құжат қабылдағалы отырмыз. Аталмыш, құжатта Имандылық, Отаншылдық, Білімділік, Ауызбіршілік, Еңбекқорлық, Мәдениеттілік, Әділдік секілді қасиеттерге үндеу арқылы қоғамды игілікке тәрбиелеу көзделген.

Шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік принциптерге негізделеді. Алла Тағала Құран Кәрімде «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп адамзат баласын ізгілікке шақырған.

Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деп, ислам дінінің негізгі мақсаты адамзат баласын көркем мінез-құлыққа тәрбиелеу екенін баяндаған. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген. Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін, көптеген асыл қасиеттер бар. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.   

Ислам этикасы – көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды көптеген рухани құндылықтардан тұрады.

Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады.

 

- Бұл форумда өзіңіз атап өткендей бірнеше құжаттар қабылданады. Бұл тұжырымдамалар несімен құнды? Имамдарға, елге берер құндылығы туралы айта кетсек?

Еліміздегі және алыс-жақын шет елдердегі дін қызметкерлерінің басын қосқан айтулы жиын бұған дейін Елорда төрінде екі мәрте өткен болатын. Осы басқосулар барысында Діни басқарма жұмысына қажетті көптеген тарихи құжаттар қабылданған болатын. Қазіргі таңда аталмыш құжаттар ҚМДБ өмірінде оң әсерін беріп, жол сілтеп тұратын темірқазық жұлдызы іспетті.

 

Бұл тарихи құжаттардың Діни басқарма жұмысын жүйелеп қана қоймай, еліміздегі барлық мешіттер қызметін жандандыруға қазіргі таңда осы құжаттардың тигізген септігі көп болды. Осы себепті де, биылғы Имамдар форумында келесі кезек күттірмес мәселелердің шешімі шығарылады десек те болады. Атап айтсақ, форум қатысушыларының талқысына бұл жолы «Жеті рухани қазығы», «Діни рәсімдер мен діни лауазымдар тізілімі» секілді маңызды құжаттар таныстырылады.

Ал, енді бұл құжаттардың дін қызметкерлеріне, жалпы елге берер құндылықтарын айтпас бұрын, халқымыздың соңғы бір ғасыр ішіндегі тарихына сәл көз жүгіртсек. Жетпіс жылғы Кеңес Одағының қыспағы, оның ар жағындағы ақ патшаның қысымы, барлығы – халқымыздың рухани өзегі болған асыл дінімізден алыстатуға тырысып бақты. Сан ғасыр бойы халқымыздың салт-дәстүрімен бітеқайнасып, бірігіп кеткен асыл дініміз сол қысылтаяң кезеңдерде еліміздің әр өңірлерінде түрлі өзгерістерге ұшырап, күштеп ұмыттыруға тырысқан кейбір шариғи дәстүрлеріміздің ырым-жұрнақтары ғана жетіп, бір сөзбен айтқанда, кейбір шаиғат талаптары түрлі өңірлерде түрліше орындалып келеді.

Сондай-ақ, еліміз егемендігін алған жылдары қазақ даласындағы құлшылық ордаларының аздығы сияқты, діни мамандар да тапшы болатын. Ал, енді қазіргі таңда, Алланың қалауымен, еліміздегі мешіттер саны 3000-ға жуықтап, діни оқу орындарымыз орнығып, білімді де білікті жастарымыз көбейе түсуде. Осы орайда, еліміздегі діни лауазымдар жүйесін бірізділікке келтіріп, әр маманның атқаратын қызмет түрін тайға таңба басқандай анық етіп бекіту, бұл – бүкіл ҚМДБ-ға қарасты құлшылық ордаларының жұмысы жемісті болуына жасалған игі бастама.

Бұл айтулы жиынға кімдер келеді деп күтілуде?

- Имамдар форумын ұйымдастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі – дін қызметкерлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Осы орайда, «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, тарихи маңызы зор Имамдар форумына шақырылған қонақтарымыз бен қатысушыларымыз барлығы – аса қадірлі, айналасына аты белгілі, ғұламалар-ғалымдарымыз, елге билік айтқан аузы дуалы қайраткерлеріміз. Сондай-ақ, Еліміздің салалық бағыттағы министрліктің лауазымды тұлғалары, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, дін қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, ҚМДБ-ның облыстағы бас имамдары жиналады. Сонымен қатар, форумның қонағы ретінде ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері және Қазақстан халқы Ассамблеясы шақырылып отыр.

- Діни рәсімдер тізілімі деген құжатты айтып өттіңіз. Шынында бұл құжаттың өміршең болатыны сөзсіз. Қоғамның сұранысы да осы емес пе?

Ия, өте дұрыс айтасыз. Қазіргі қоғам үшін ең қажетті құжат осы десек те болады. Өйткені, бағана сөзімізде айтып өткендей, еліміздегі діни рәсімдердің орындалуы әр өлкеде әртүрлі. Сәби туғаннан бастап, бұл дүниемен қоштасқанға дейінгі өмірінің әр кезеңінде түрлі діни рәсімдер бар. Мысалы, айталық, азан шақырып, ат қойғаннан бастап, тұсауын кестіру, сүндетке отырғызу, неке қидыру, жаназасын шығару, қабірге қою деп сынды жалғасып кете береді. Қарап тұрсаңыз, осы бір әр амалдың астарында дініміз бен салтымыздың сүйегі жатқанын көреміз. Дегенмен, әр өңірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне орай кейбір діни рәсімдеріміз, әсіресе, жаназа және жерлеу рәсімдері түрлі болып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге бұған дейін де жіті назар аударып, қажетті шаралар жасап келген еді. Осыдан бірер жыл бұрын ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мақұлдауымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты арнайы нұсқаулық кітап шығарылған болатын. Ал, енді, мінекей, еліміздің барша білікті имамдары жиналған алқалы жиында арнайы құжат болып бекітілмек.

- 2015 жылы алғаш рет ұйымдастырылғанда «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты құжаттар қабылданды. Соңғы рет 2017 жылы «Үздік зияткер имам» атты тұжырым бекітілді. Бұл жұмыстар қалай жүріп жатыр?

- Сіз айтып отырған бұл құжаттар Діни басқарма жұмысының дамуына айтарлықтай серпін бергенін айта кету керек. Діни басқарма жұмысына оң әсерін тигізіп, елдегі барлық имамдар қызметін айқындап, мұсылман жанның қоғамдағы орнын, тұлғалық келбетін көрсетіп берді. Осы құжаттар арқылы біз мешіттер қызметін дамыта отырып, жамағатты да асыл қасиеттерге, салт-дәстүрімізге тәрбиелеуге тырыстық. Жамағат арасындағы имам беделін көтеріп, діни сауат ашу курстарындағы ұстаздар мәртебесін орнықтыруға күш салдық. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте. Еліміздің әр азаматына терең білім, көркем мінез, мықты рух, ел, жер, Отан қадірін білетін биік сана және ең бастысы татулық керек. ІІІ республикалық имамдар форумы діни тұтастығымыз бен тұрақтылығымызды нығайта түсуді көздейді. Сонымен қатар, әр азаматтың рухани дамуын мақсат тұтады.

- Жылды қорытындылап муфтият дәстүрлі түрде мәуліт мерекесін өткізетіні бар еді. Бұл шара да биыл жалғасын табатын шығар?

- Бұл сұрақты өте орынды қойдыңыз деп есептеймін. Мен де осы эфир барысын пайдаланып, жалпы көрермендеріміз үшін аздаған ақпарат бере өткенім жөн болар. Мәуліт мерекесі – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туған айдың құрметіне орай ел болып, жұрт болып жабыла тойлайтын мейрам. Ғаламның рақым нұры болған Әз Елшінің ғибратты ғұмырынан үлгі-өнеге алып, тәлімін жалпақ жұртқа жеткізе түсу мақсатында жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде, яғни барлық ҚМДБ өкілдіктері бойынша бұл мереке лайықты дәрежесінде аталып өтіліп келеді. Биылғы жылы да бұл дәстүр өз жалғасын табатын болады. Еліміздің бас шаһары Нұр-Сұлтан қаласында да бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Игі мереке қараша айының бас жағында өтеді.

Алла Тағала барша игі істеріміз бен амалдарымызға берекесін дарытып, жемісті болуын нәсіп еткей!

- Наурызбай қажы өзіңізге де Алла разы болсын! 

Пікірлер Кіру