Ихсан – иманның жемісі

25 наурыз 2021 7536 0
Оқу режимі

«Ихсан» сөзі жақсылық, ізгілік және шынайылық деген мағыналарды білдіреді.

Әділдікті ту еткен мұсылмандардың басшысы, саңлақ сахаба хазіреті Омар бин Хаттаб (р.а) риуаят еткен хадисте Жәбірейіл періште (ғ.с.) екеуінің арасында болған ғибратты оқиғада Алла елшісі (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштенің ихсан деп нені айтамыз деген сұрағына: «Ихсан дегеніміз – Алла Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық жасауың. Себебі, сен оны көрмесең де ол сені күмәнсіз көріп тұрады», – деген екен.                               

Иә, ихсан – бұл Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық қылу. Әр істе, әр құлшылықта шынайы болу. Алла Тағала біздің әр ісімізді, сөзімізді, ойымызды, ниетімізді біледі. Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 255-ші аятында:  «Ол сондай Алла, одан басқа сиынуға лайық күш-құдірет жоқ. Ол тірі және бақылап тұрушы. Ол ұйықтамайды және қалғымайды. (ұйықтау, шаршау деген сияқты махлұқтарға тән кемшілік атаулыдан пәк) Жеті қабат аспан мен жердегі барлық нәрсе оның иелігінде», – деп ескертеді.

Осы аяттағы Алла Тағаланың сипаттарын әрдайым жүрегіміз бен ойымызда сақтайтын болсақ екі дүниеде игілікке жетеміз деп үміт етеміз. Қасиетті қазақ топырағында иман және ихсан деңгейі жоғары қаншама тақуа жандар өткен. Атап айтар болсақ Отырарда Арыстанбаб, Маңғыстауда Бекет ата, т.б. түркі жұртынан шыққан танымал тұлғалар асыл дініміз исламның дамуына және ихсан ілімінің жандануына мол үлес қосқан. Солардың ішінде хазіреті Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың өнегелі өмірі мен рухани дүниелерін өзімізге үлгі етуге болады.                     

Сол бабамыздың «Диуани хикмет» деп аталған даналық кітабында мынадай өлең жолдары кездеседі:

«Бісміллә» деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «дәптер сәни» сөзін аштым, міне.

Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне.

Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,
Көре қалсаң мүсәпірді дәмдес болғыл.
Махшар күні құзырына жақын болғыл,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне.

Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді,
Сол кеште миғраж шығып, дидар көрді.
Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр, халін білді,
Ғаріптердің жайын ұғып келдім, міне.

Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,
Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл.
Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл,
Қанағат қылып сауық шарабын іштім, міне.

Мәдинеге Расул барып, болды ғаріп,
Ғаріптікте бейнет тартып, болды ғашық.
Жапа тартып, жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып, ауыр жолда бастым, міне.

Ақылға ерсең ғаріптерді мейіріммен сүй,
Мұстафадай елді кезіп, жетімді жый.
Дүниеқоңыз, пасықтардан бойыңды тый,
Бойым тыйып дариядай тастым, міне.

Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым сәлам,
Мұстафаның аманатын бер деп маған.
Сол мезетте мың бір зікір еттім тамам,
Нәпсім тыйып Аллаға бет бұрдым, міне.

Құрма беріп, басым сипап, назар салды,
Сол сәтте ол дүниеге сапар салды.
Қоштасып бұл әлеммен кете барды,
Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне
!

Қожа Ахмед Яссауи бабамыздың мағыныасы терең даналыққа толы хикметті өлең жолдарынан ол кісінің Алла Тағалаға деген берік иманы мен Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген шыныайы махаббатының өте жоғары деңгейде болғандығын байқаймыз. Ол кісіге Алланың рахымы болсын!

Қорыта айтқанда иманымыздың кәмілдігі біздің күнделікті жасап жүрген амалдарымыздың көркем және шынайылығы ихсан деңгейін білдіреді екен. Ылайым, Алла Тағала иманымызды кәміл және амалдарымыздың көркем болуын нәсіп етсін!

Нұржан Ескендірұлы
НҰР-СҰЛТАН қаласы
«AQ MESHIT» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру