ИЛАҺИ ҚҰДІРЕТ: ӨЛГЕН СОҢ ТІРІЛТУ

14 желтоқсан 2023 2037 0
Оқу режимі

Бақара сүресінің 259-шы аятында баян болған және жүз жыл өлі күйде жатқан соң тірілтілген адамның Үзәйір aлейхиссәлам болғаны тәпсірлерде жазылған. Бұл оқиға жұртқа ақыретті және өлген соң тірілу сырын түсіндіруге таптырмас мысал. Бұл аят былай тәпсірленген:

Залым патша Бухтуннаср Кудүс аймағын басып алып күйретеді, халқының біразын өлтіріп, біразын тұтқынға алады. Тұтқындардың арасында жас Үзәйір де болады. Бабылда бір зынданға тасталады. Кейін ол жерден құтылып өзінің бұрынғы отаны Кудүске барғанда, ол өңірдің толық қирағанын, иесіз далаға айналғанын көріп қатты мұңаяды. “Aлла Tағала мына күйреген аймақты енді қалай, қашан қалпына келтіреді? Мұны қайтадан бұрынғы күйіне келтіруді мақсат ете ме?” дейді.

Алла Тағала оның тілегіне орай, бұл оқиғаны құдіреттің кереметі ретінде бүкіл адамзатқа көрсетіп, баяндау хикметіне негіз үшін ол адамды жүз жыл өлі күйде қалдырып, сосын қайта тірілткен.

Ол кісі өлген соң жетпіс жылдан кейін Кудүсті бір парсы әміршісі басып алып, қайта қалпына келтіріп, Исраил әулетінің қалғандары қайтадан сонда жиылады, қалған отыз жылда ол жер қайта көркейген аймаққа айналады.

Жүз жылдан соң Алла Тағала Үзейір алейхиссәламды қайта тірілтіп, былай дейді: “Мұндай күйде қанша уақыт жаттың? Басыңнан қандай күй өткенін білесің бе?”

Ол өзін ұйықтап тұрғандай көріп: “Бір күндей немесе соның бір бөлігіндей болдым” дейді. Түсінетініміз, өмірде өткен жүз жылдық уақыт, айналып келгенде, адамға бір-ақ күндей келеді.

Үзәйір алейхиссәламның бұл жауабына Алла Тағала:

“Жоқ, жүз жыл. Бұл аралықта сен өлі болдың. Қазір кезінде қасыңда болған ас пен суға қара, олардың ешбірі бүлінбеген, олар осы жүз жылда сол қалпы сақталған. Енді есегіңе қара, ол қандай күйде, күл-парша болған сүйектерінің түрін көр. Сені ажалың келгеннен кейін емес, жұртқа аят қылу үшін, тек ғибрат үшін солай өлтіріп тірілттік. Сені өлімнен кейін адамдардың бәріне дәлел қылдық. Сүйектерге қара, оларды бір-біріне қалай қосамыз, бәрін қайтадан орнына қалай қайтарамыз, сонан соң оларға ет кигіземіз, бәрін бұрынғы қалыптарына келтіріп, өмірге жеткіземіз. Мына сүйектер ажырап бөлшектенген, қурап еттен айрылғанда илаһи құдіретпен қайтадан бұрынғы күйіне келіп, бұл айқын көрініс тапқан.

Қай кезде де бұл ақиқатты, яғни өлгендері тірілту мәселесін және Алла Тағаланың кемел құдіретін ол көзімен көріп, куә болды. Былай деді: “Мен білемін, Aлла Tағала сөз жоқ бәріне құдіретті. Расында бүкіл өлгендерді қайта тірілтуге–әмәнна- құдіретті. Өлгендердің қалай тірілетінін ойлағаным бұған Илаһи құдіреттің жетіп артылатынын білмегенімнен емес. Бәлкім бұл қайта қалпына келу тағдыр шығар? Тағдыр болса қандай үлгіде орын алатынын білуге қызығушылықтан болар. Әйтпесе Алла Тағаланың бұндай түрлі ғажайыпты, теңдессіз кереметті жаратуға құдіретті екендігінде шүбә жоқ”.

Қысқасы, ол адам да қайта тірілгенде үш ғажапты; әрі өзінің, әрі сүйектердің қайта тірілгенін көрген, әрі ел-жұртының қайта жанданғанына куә болған.  Алла Тағаланың мұндай сансыз ғажайыпты жаратқанына, әлі де жаратып жатқанына дау жоқ. Міне, бұл аятта осылардың бірін бізге осылай жеткізген.

 

Пікірлер Кіру