Имам Ахмадты алдына әкелген дұға

01 қазан 2020 5488 0
Оқу режимі

Бір қалаға келген имам Ахмад ибн Ханбал бір түнін мешітте өткізуін қалайды да, мешітке бет алады. Алайда, күзетші оны танымау себебінен мешітке түнеуге рұқсат етпейді.

Барып түнейтін жері болмағаннан соң имам Ахмад мешіттің жанында түнеп шығуды ұйғарады. Мешіт күзетшісі оны да қаламайды.

Сол кезде мешіттің жанынан өтіп бара жатқан бір наубайшы «Енді не істедім» деп ойланып тұрған имам Ахмадты байқап қалады. Қараса, жүзінен тақуалықтың нышаны көрініп тұр. Содан оған наубайханада түнеп шығуды ұсынады.
Наубайханаға келгеннен соң наубайшы қамыр илеуге кіріседі. Сонда төсегінде жатқан имам Ахмад оның ұзақ уақыт бойы истиғфар жатқанын естіп: «Бұ неге сонша көп истиғфар айтты екен?!» – деп таңданады.

Ертесіне имам Ахмад наубайшыдан көп истиғфар айтудың себебін сұрайды. Сонда найбайшы: «Түн болса ұзақ, жұмыс та көп. Сондықтан да истиғфар айтпағанда не істеймін» – деп қоя салады. Бұл істің бір сыры бар екенін сезген имам Ахмад: – Қалай, истиғфардың пайдасы бар ма? – деп сұрайды.

– Әрине! Көп истиғфар айтудың нәтижесінде дұға-тілектерім қабыл. Не тілесем де, Алла Тағала тілегенімді беріп жатыр. Тек қабыл болмай жүрген бір ғана тілегім бар.
– Ол не тілек?
– Имам Ахмад ибн Ханбалды көру.
Сол кезде имам Ахмад көзіне жас алып: «Ендеше, көп истиғфар айтқаның зая кетпепті. Көруін армандап жүрген Ахмад менмін», – деген екен.

Алла Тағала әрдайым истиғфар айтуды әдет еткен пендесiне кез-келген ауыр жағдайдың шешiмiне нұсқап, барлық уайымын жеңiлдетедi. Әрi ризығын ол күтпеген жерден нәсiп етедi», – деген. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру