ИМАМ ҒАЗАЛИДІҢ КЕРЕМЕТКЕ ҚАТЫСТЫ КЕРЕМЕТ СӨЗДЕРІ

26 қыркүйек 2024 918 0
Оқу режимі

Имам Ғазалидің «Кимия ус-Сағадат» кітаптың «Нәпсісіне алданғандар» бөлімінде Имам Ғазали кереметке қатысты керемет сөздер келтіреді.

Жалпы, көпшілікте «әулиелік керемет көрсетумен өлшенеді» деген түсінік бар ғой. Негізі сопылықта ең үлкен керемет – тура жолдан айнымай жүре алу. Әулиеге берілген кереметтің өзі негізінен құлдың тура жолдағы табандылығын тексеретін бір сынақ.

Сондықтан да, көп сопылар кереметке қызықпауды, нәпсіні бұнымен алдамауды өсиет етіп, кереметке желіккен жандардың желігін басып отырған. «Аспанда ұшқанға неге қызығасың, аспанда құс та ұшады, судың бетінде жүргендерге неге қызығасың, балық да суда жүзеді» деп, кереметке қызығудың қажеті жоқтығын тілге тиек етеді.

«Арыстанды ерттеп міне алмасаң, бұған қайғырма! Жүрегіңдегі ашу атты итті ерттеп мінсең, арыстанға мінгенің.

Ғайыптан хабар бере алмасаң, оған да қайғырма! Нағыз ғайып сенің кемшіліктерің. Өз кемшіліктеріңнен хабардар болсаң, ғайыптан хабардар болғаның.

«Тай-и мәкан» (бір мекеннен әп-сәтте басқа бір мекенге өту) жасап, алып сахараны бір түнде өте алмасаң, оған да қайғырма! Дүние атты асудан өтіп, дүниені тәрк еткенің, сахараларды кешіп өткенің.

Бір-ақ аттап таулар мен асулардан өте алмасаң,  оған да қайғырма! Харам мен күмәнді нәрселерден бас тартуың, бір адым аттап, таудан асқаның», – деп, ғұлама кереметтің біз ескере бермейтін көзден таса тұстарына назарымызды аударады.

Міне, Имам Ғазалидің ұғымындағы әулиеліктің негізі осылардан басталмақ.

Пікірлер Кіру