Имандылық – ихсан ілімінде!

11 наурыз 2021 7717 0
Оқу режимі

Ислам – ең соңғы дін, Алла Тағаланың мәңгілік болып қалатын жолы, адам баласының өмір сүретін заңы, бұл заң бір заманға, бір мекенге, бір ұлтқа, ұлысқа немесе бір белгіленген мемлекетке байланысты емес, бұл дін бүкіл адам баласына Алла Тағала тарапынан жіберілген ең соңғы дін.

Алла Тағалаға мыңдаған шүкірлік етіп, тәубе деуіміз керек, себебі Алла Тағала бүгінгі күнде біздерге бұл дінді үйренуімізге, үйретуімізге барлық жағдай жасап беріп отыр.

Бұл діннің жолын үйренуге және үйретуге көптеген аяттар мен хадистер жіберілген. Бұл мақаламызда Исламның негізі болып есептелінетін иман туралы баяндап бермекпіз. Иман – Ислам дінінің іргетасы, адалдық пен исламдық идеологияны күшейтетін және ой-сезіміміз, дүниетанымымызды ислами тұрғыдан куаттайтын, бұл дүниенің басталуы сол Жаратушыдан екендігін әрі бүкіл ғаламның жаратылысы да соның қолында екенін дәлелдейтін ғылым. Ол Аллаға иман келтіру, яғни Алланың барлығына сену деген ұғымды береді.

Иманы бар адам барлық жерде де өзін Алла Тағаланың көріп тұрғанын біліп тұрады, Алла Тағаланың оның істеген амалын көріп тұрғанын сезіп тұрады. Құранда мынандай аят бар: «Алла Тағаланың оны көріп тұрғанын шын білмегені ме?»[1]. Яғни, пенденің әрбір істеген ісі, амалы Алла Тағалаға аян, әлбетте Алла Тағала оны көріп тұрады. Бұл иманды қалби иман дейді, яғни жүректегі иман. Жүректегі сенім мықты болса, бұл қалби иман адамның жүректегі бір сакшысы болып орнығады, қалай адам үкіметтің полициясынан қорқып, ұрлық-қарлыққа бармайды, сол сияқты біздің жүрегімізде қалби иман орнығып алатын болса, ол адам ешқашан біреуге қиянат жасауға, күнә жасауға, бір мұсылманға зиян келтіруге бармайды.

Осындай иманы мықты адамға ерік беріп, сен ауыр күнә жасауың керек, болмаса қиыншылыққа душар боласың десе, Аллаға иманы мықты адам әлбетте қиыншылықты өзіне таңдап алады, ол Алланың алдында кінәлі болуды немесе бір мұсылман бауырына қиянат жасауды өзіне лайық көрмейді.

Құраннан осыған байланысты Жүсіп пен Зылиханың қиссасын мысал ретінде келтіруге болады. Зылиха арбап, азғырып Жүсіпті (ғ.с.) өзінің сарайына кіргізіп, онымен төсектес болуды ойлайды. Зылиханың сарайында бір тастан жасалған пұт тұрған еді. Есік-терезені жауып болған соң, сол пұттың үстін де бір шүберекпен жапты. Соңда Жүсіп (ғ.с.): «Неге бұлай істедің?» – деп сұрады. Сонда Зылиха: «Бұл пұт – менің Құдайым, оның көз алдында сенімен болғанымнан және күйеуіме істеген қиянатымнан ұяламын», – деді. Зылиханың күйеуі бар еді, ол Мысыр патшасының уәзірі болатын. Сонда Жүсіп (ғ.с) Зылихаға айтты: «Бұл тас не көрмейді, не естімейді, ал оның алдында күнә жасаудан сен ұяласың, оның үстін шүберекпен жабасың. Ал мен күні-түні менімен бірге болатын өз Құдайымнан ұялмаймын ба, сенімен күнәға барғаныма?!». Осы сөзді айтып ол бірден қашты. Зылиха енді оны қорқытуға кірісті. Ол Мысыр шаһарының ең сұлу және ең бай әйелдерінің бірі еді.

Бұл қисса бүгінгі жастарға имандылық туралы сабақ болуы керек, олар да Жүсіп сияқты амал етулері керек! Зылиха айтады: «Менің айтқанымды істемесең сені зынданға тастаймын, қол аяғыңа кісен салып қамап қоямын. Сонда Жүсіп (ғ.с.) өзіне айтты: «Ия, Алла! Зылиханың айтқанына көніп, күнәға барғанымнан гөрі бұл дүниенің қиыншылығы, зынданның қиыншылықтары мен үшін жеңіл болады. Бұл дүниенің барлық қиыншылықтарына шыдауға дайынмын, тек сенің ғазабыңнан, қаһарыңнан қорқам»

Бұл – мықты иманның белгісі. Жүректегі иманның тағы бір пайдасы – ол адам бойындағы ар-ожданды оятып, тірілтеді.

Иман дегеніміз – тазалық, пәктік. Көңіл тазалығы, сенім тазалығы, ар тазалығы, ой-түйсік тазалығы, жалпы айтқанда жан тазалығы. Міне, осы Ислам ақидасының негізі – Иман. Алла Тағаладан біз үшін және барлық мұсылмандар үшін осы иманымызды кәміл етуін тілейік.

Алла Тағала баршамызды өмірімізді иманды етіп өткізуге жазсын! Әумин!

Яхияхожа Исмаилов
«Ырыскелді қажы» мешітінің Бас имамы

 


[1] «Алақ» сүресі, 13-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру