ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІНІҢ НЕГІЗДЕРІ ЖӘНЕ ТАРИХИ ДАМУЫ (Басы)

28 ақпан 2024 2306 0
Оқу режимі

Өркениет – қалаларда пайда болған ұйымдық форма ретінде адамдардың ауыл-шаруашылығымен айналысып, отырықшылыққа көшкен кезде қалыптасқан қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы. Қазіргі зерттеулерге, әсіресе археологиялық қазбаларды әртүрлі діни, мифологиялық аңыздар арқылы түсіндіру нәтижесінде алынған мәліметтерге сәйкес, өркениет деп атауға болатын алғашқы формациялар Месопотамия аймағында қанат жая бастады. Одан кейін Мысырда, Үндістан түбегінде, Қытай мен Грекияда Өркениеттер пайда болды. Өркениет тарихының маңызды кезеңі – біздің дәуірімізге дейінгі 800-200 жылдар арасындағы кезеңді қамтиды. Бұл кезеңді неміс философы Карл Ясперс (1969 ж. к.) «Осьтік дәуір» деп атады. Бүгінгі күні өмір сүріп келе жатқан діндер мен осы діндердің айналасында қалыптасқан өркениеттерге бастамашы ретінде Будда, Конфуций, Иса пайғамбар және Мұхаммед пайғамбарды атауға болады. Бұдан белгілі және танымал өркениеттердің барлығы дерлік бір дін төңірегінде қалыптасқанын көреміз. 

«Өркениет» ұғымы батыс дүние­танымындағы «civilasation» терминінің мағынасын білдіру үшін ХХ ғасырда енгізілген. Араб тілінде береке мен бақытты білдіретін, қоғамдық-саяси жағдай мен құрылымды дамыту үшін «умран» (гүлдену, көңіл көтеру) сөзі қолданылады. Сондай-ақ, арабтарда өркениет ұғымын сипаттайтын «Хадара» сөзі қалалық болу, мәдениетті болу дегенге саяды. Батыс әдебиетіндегі өркениет ұғымының баламасы «цивилизация» XVIII ғасырдың ортасынан бері қолданыла бастады (алғаш рет Францияда, кейін ағылшын тілінде қолданылған). Батыста мәдениет пен өркениет ұғымдарының дамуы туралы мынадай көзқарас қалыптасқан:

 Іс жүзінде астық пен мал-шаруашылығын білдіретін мәдениет уақыт өте келе адамның қабілетін дамыту, жетілдіру деген мағынада қолданыла бастады. Мәдениетке бәсекелес ретінде «өркениет» ұғымы XVIII ғасырда пайда болды. ХVIII ғасырдағы ағартушылық дәуірі өркениет сөзіне тарихи прогрестің мағынасын берді. Бұл кезеңде мәдениет пен өркениет әлі де бір-бірінің орнына қолданылатын ұғымдар болды. Бірақ мәдениет түсінігі нанымдар мен дінді қамтыса, өркениет тек ағартушылық ойға сәйкес діни емес прогресті білдірді.

Мәдениет пен өркениет арасындағы айырмашылық пен қарама-қайшылық ХVIII ғасырдың аяғында туындады. Бұл бөлу бойынша мәдениет адамның ішкі жетілуін, ал өркениет оның сыртқы дамуы мен табиғатқа үстемдігін көрсету үшін қолданыла бастады. Кейінгі кезеңдерде мәдениет сыртқы байлықты емес, ішкі байлықты жақтаушылардың ұранына айналды. 
Өркениет пен мәдениет бір-біріне қарама-қарсы емес, бірін-бірі толық­тырып, жетілдіріп отыратын қоғамдық прогресс. Дегенмен, өркениет мәдениетке қарағанда жан-жақты қасиетке ие. Өйткені өркениет мәдениеттің аясын анықтайды. Мәдениетте жетіспейтін немесе өзгермелі жағдайларда өзгеруі керек мәселелер өркениет шеңбері аясында анықталып, өзгертілуі мүмкін.


Ислам өркениетінің негізгі белгілері

Ислам өркениетінің негіздері Құран Кәрім мен Сүннетке негізделген. Аяттар мен хадистер аясында құрылған ислам өркениеті мұсылман халықтары ұсынған барлық материалдық және рухани-мәдени элементтерден тұрады. Тарихи процесс барысында өзге өркениеттер ислам өркениетінің қалыптасуына өз үлестерін қосты. Мұсылмандардың Мысыр, Сирия, Месопотамия, Мауреннахр және Үндістанға билік жүргізуінің нәтижесінде, аталған аймақтардағы ежелгі өркениеттерді пайдалана отырып, ислам өркениетінің дүниеге келуіне үлес қосты.

Жеке адамдар мен қоғам тарих пен мәдени дәстүрдің бір бөлігіне жатады. Сондықтан тарихи оқиғаларды олардың тарихи-мәдени шеңберлерінде бағалау қажет. Әйтпесе, тарихтың басқа бір бөлігінде өмір сүріп жатқан және әртүрлі қоғамдық құрылымға ие біреуді өз жағдайымызға сүйене отырып, ғылыми әдіс ретінде қабылдауға болмайды. Әсіресе, ортағасырлық араб өркениеті VIII-IX ғасырлар бойы ғылымның шарықтау шегіне жеткен «Мұсылмандардың ғылыми жаңғыруы» деген атпен белгілі.

Әлемдік өркениет тарихына көз жүгіртсек, грек өркениеті ақыл-ойды ерекшелендіретіні байқалады, Үнді өркениеті мистицизмді ерекше көрсетеді, ал Ислам өркениеті уахиға негізделген және ақыл мен сезімнің үйлесімді синтезі ретінде пайда болды. Дін өркениет элементі емес, өркениеттің жол көрсетушісі. Басқаша айтқанда, Құранның негізгі қағидалары төңірегінде қалыптасып, уахиге негізделгендіктен оны Құран өркениеті деуге болады. Екінші жағынан, Құранның негізгі мәні болып табылатын адам – Ислам өркениетіндегі маңызды және құрметті болмыс ретінде сипатталады. Сонымен бірге адам баласы Құран қағидалары аясында өзіндік құқықтарға ие. Сондықтан, ислам өркениетінде адамдардың өз міндеттерін біле отырып өмір сүруі және сол арқылы жеке тұлғаның бақытын қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қамтамасыз ету көзделеді. 

Ислам өркениетін құқықтық өркениет ретінде де анықтауға болады, өйткені ол балалар, әйелдер, құлдар және мүгедектер сияқты өз құқықтарын қорғауға дәрменсіз адамдарды фиқһтың әртүрлі салаларында (жеке және отбасылық құқықта) арнайы ережелермен қорғайды. 

Ислам өркениетінің негізгі мақсаты – адам баласының сенім, өмір, дүние-мүлік, ұрпақ және ақыл сияқты негізгі құндылықтарын құрметтеу арқылы олардың құқықтарын қорғау болып табылады. Ислам өркениеті сан ғасырлық даму тарихында таухид сеніміне сүйене отырып, рухани бірлікке, ынтымаққа, жауапкершілікті бөлісуге негізделген қоғамдық құрылымды құрды. Мысалы, зекетті парыз ету арқылы бай мен кедей арасындағы алшақтықты жоюға тырысты. Ол құқықтық тұрғыдан ислам өркениетінің ең маңызды аспектісін құрайды. Сондай-ақ, ислам өркениеті – абсолютті бауырластық қағидасына негізделген мұсылмандар арасындағы таптық айырмашылықты жойып, жаңа әрі берік моральдық қағидаларды енгізді. Осы себепті Исламды моральдық өркениет ретінде анықтауға болады. Ғасырлар бойы кең жағрафияға үстемдік еткен Ислам өркениеті адамзат тарихына елеулі үлес қосып қана қоймай, өз тәжірибелерімен классикалық кезең мен одан кейінгі ғасырларға да жарық түсірді. Мәдениет пен өркениет бір-бірімен өзара сабақтаса түсті, сонымен қатар жаулап алулар мен сауда қатынастары және әртүрлі өркениеттермен өзара әрекеттесу арқылы қоғамда жаңа тілдер мен мәдениеттердің қалыптасуына ықпал етті.

Ислам өркениетінің ең маңызды сипаты – ғылым.

Құранда 750-ге жуық жерде білім мен одан алынған сөздер айтылады. Демек, Ислам – ғылым діні. Исламның негізгі қайнар көзі – Құран Кәрімде пайғамбарлардың адамзатты біліммен нұрландыру үшін жіберілгені айтылады. Бұхарадан Кордоваға дейін тараған ислам өркениеті ғылыми және мәдени салаларда бірегей нәтижелер берді.

Сонымен қатар, Құран адамдарды зерттеуге, зерделеуге және ойлануға шақырады. Аббасидтер дәуірінде ең алғашқы жоғары оқу орны – Селжүк уәзірі Низамүлмүліктің Бағдадта негізін салған Низамие медресесі болды. Ислам тарихындағы тұңғыш университет болған Низамие медресесінде шәкірттердің тамақ, баспана қажеттіліктері өтеліп, ақысыз білім берілді.
Ислам өркениетін сенім, әділеттілік, сүйіспеншілік және төзімділік сияқты моральдық, саяси, әлеуметтік және экономикалық аспектілері бар негізгі құнды­лықтармен жабдықталған мораль­дық өркениет ретінде анықтауға болады.

Мұсылмандар өздерінен басқа қоғам мәдениеттері мен өркениеттеріне, тіпті ежелгі Греция сияқты пұтқа табынушылық ілімдерге төзімділікпен қарады және олардан алған кейбір элементтерді дамытып, адамзатқа қызмет етті. Сол сияқты, олар ислам өркениеті үстемдік еткен аймақтар мен елдердегі ежелгі өркениеттердің жинақтарына, мәдени және өнер туындыларына мейірімді болды. Тарих бойы мұсылмандар мешіттерді шіркеулер мен синагогалармен қатар қоюдан тартынбаған. Екінші жағынан, ислам өркениеті түрлі нәсілдер мен мәдениеттерге жататын халықтардың үйлесімді формасы ретінде мұсылмандар арасындағы аймақтық, нәсілдік, тектік, әлеуметтік және мәдени айырмашылықтарды екінші деңгейге ығыстырып, әртүрлі этникалық топтарға жататын барлық мұсылмандардың үлесін арттырды. 

Ислам өркениетінің отаршылдыққа қарсы сипатқа ие екендігін ерекше атап өтуге болады. Христиан Батыс елдері соңғы үш ғасырда бүкіл Африканы, Шығыс Азияны, Азия мен Африканы түгелдей дерлік діни, саяси, коммерциялық, экономикалық және басқа да мақсаттарға пайдаланып, жергілікті халықтың мұқтаждықтарын есепке алмағандықтан, өңірдің жер ресурстары мен әртүрлі байлықтарын тонаумен айналысты.

 Ал православиелік Ресей Азияның батыс, орталық және солтүстік аймақтарында отаршылдықты жүзеге асырды. Мұндай шапқыншылық пен қанаушылық Ислам өркениетінің тарихында кездеспеген. Өйткені ислам өркениетінің теологиялық түсінігі адамдарды қанауды құптамайды. 

 

Махмет МҰРАТХАН,
дінтанушы, Нұр-Мүбарак университеті

 Академиялық мәселелер департаментінің директоры

 

 

 

Дереккөз: ақиқат журналы

Пікірлер Кіру