ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ (Жиырма екінші күн)

11 наурыз 2026 42 0
Оқу режимі

11 наурыз

Жиырма екінші күн

ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Мұсылман адамның бойында болуы керек асыл қасиеттің бірі – адалдық. Алла Тағала қасиетті Құранда:

كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا 

«Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», – деп, мұсылман адамның жейтін асы адал, атқаратын ісі де ізгі болуы керектігін бұйырған («Муминун» сүресі, 51-аят).

Адам баласы адалдықты өмірінің өзгермес қағидасы ету арқылы Алла Тағаланың разылығына кенеледі. Өйткені адалдық – тек қана аста, ішіп-жеуде, не кәсіп жасауда ғана қолданылатын сипат емес. Қазақ халқында адал жан, адал дос, адал ас, адал жар, адал перзент сынды т.б. адал сөзімен байланысты ұғымдар өте көп. Бұдан адалдық мұсылманның әрбір ісінде қажет екенін аңғарамыз. Тәмим ибн Әус әд-Дәри (Алла оған разы болсын) бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الدِّيْنُ النَّصِيْحَةُ قُلْنَا: لِمَنْ يَا رَسُولَ اللهِ ؟ قَالَ: للهِ، ولكتابه، ولِرَسُوْلِهِ، وَلأَئِمَّةِ المُسْلِمِيْنَ، وَعَامَّتِهِمْ

«Дін – насихат (адалдық)», – деді. Біз: «Кімге қатысты?» – деп (сұрадық). Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға, Оның кітабына, Оның Елшісіне және мұсылмандардың басшыларына, сондай-ақ түгелдей барлық (мұсылмандарға) қатысты», – деді», – деген (имам Мүслим).

Құнанбай қажы мынадай өсиет қалдырған екен: «Абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім... Өзіме елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!».

Хазіреті Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: арамнан аулақ болу, адалды талап ету және отбасына кеңпейілді болу», – деген екен.

Бірінші: адал адам өтірік сөйлемейді

Адал адамның сөзі де ісі де шындыққа негізделіп, жалған мен өтірік атаулыдан аулақ болады. Өтірік – қоғамда адамдар арасында күмәннің тууына, ақиқаттың жоғалуына алып баратын, дінімізде екіжүзділердің сипаттарынан деп танылатын, үлкен күнәлі іс. Ғалымдарымыз өтірікті қандай да бір болған жағдай жайында дұрыс хабар жеткізбеу деп түсіндірген. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 119-аятында:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырып, иман келтіргендерді шыншылдармен бірге болып, өтірікшілердің қатарында болудан сақтандырған.

Адал адам ешуақыт өтірікті кәсіп етпейді. Өтірік айтып, алдап пайда табуды көздемейді. Ішкі жандүниесі таза, амалы да дұрыс адамның, сөзінде де жалған болмайды. Ал ішінде жоқ нәрсені бар етіп көрсетіп, көзбояушылық жасап, өтірік айту асыл дінімізде екіжүзді адамдардың сипаты ретінде айтылған. Хадисте:

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ: إذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ وَإِذَا اُؤْتُمِنَ خَانَ

«Екі жүздінің үш белгісі бар: сөйлесе өтірік айтады, уәде берсе   орындамайды, аманатқа қиянат жасайды», – делінген (имам Бұхари, Мүслим).

 

Қисса

Баяғы бір заманда күнәсіз күні өтпейтін біреу болыпты. Бойында бір кісіден артып жығылатын міні бар екен. Күндердің күні Құдай жүрегіне һидаят беріп, түзелгісі келген көрінеді. Бірақ қалай түзелерін білмей басы қатады. Неден бастау керек деген сияқты ой мазалайды. Ақыры, бір ғалымға ақыл-кеңес сұрап іздеп барады. Осыншама күнә істен қалай құтыламын деген сауалына ғұлама бір ғана күнәдан арылуға кеңес береді. Адам баласына және өзіне өтірік айтпау керектігін түсіндіреді. Кез келген жағдайда шыншыл болуды талап етеді. Тіпті, оған ант-су ішкізіп уәдесін де алады. Бірер күннен кейін арақ ішкісі келіп жайғаса бергенде ғалымға берген уәдесі есіне түсіп: «Япырай, ғұлама сұрап қалса, ішпедім деп қалай айтам? Өтірік айтып құтыламын ба? Басқа-басқа уәдеде тұрмасам еркек атым қайда қалды? Жоқ, мұным болмас», – деп райынан қайтады. Қанша қиын болса да, сөзінде тұруға әрекет етеді. Ақыры ішпейді. Келесі күні бұрынғы әдеті бойынша тағы бір күнә жасамақ боп тұрғанда, шындықты ғана айтамын, бір ауыз сөз өтірік айтпаймын деген уәдесі есіне түсіп тыйылады. Осылайша, әлгі кісі жалған сөйлемеу және шыншыл болу арқылы жаман істерінен бір-бірлеп түгелдей арылған екен.

Екінші: адал адам, адал кәсіп жасайды

Адамның екі дүние қадір-қасиетінің артуына, ешкімге мұқтаждық етпей, ар-намысын сақтауына себепші болатын іс – адал кәсіп жасау. Алла Тағала қасиетті Құранның «Майда» сүресі, 88-аятында:

وَكُلُوا مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلالا طَيِّبًا

«Алланың өздеріңе адал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» – деп бұйырған.

Арамдық, қулық-сұмдықтан ада болып, ешкімге қол жаймай, тіленшілік қылмай, өз маңдай терімен нәпақа табу – нағыз арлы, адал адамның сипаты. Хакім Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол», – дейді. 

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Ол адамның қайраты мен жігерін байқаған сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Мына адам Алланың жолында ма?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, ол Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, ол Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, риякерлік, мақтаншылық мақсатында шықса, ол шайтанның жолында», − деп жауап береді (имам Табарани).

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, алалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи – деген.

Үшінші: адал адам, аманатқа қиянат жасамайды

Адал жанның тағы бір маңызды сипаты – аманатқа берік болып, өзгенің мал-дүниесін ақысыз емденуден сақтану. Шариғатта аманат деп сенімді адамға өзгенің уақытша сақтауға берген бағалы заттары мен қалдырған мүлікке айтылады. Аманатқа ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару – міндет һәм сауапты іс. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етер болсаңдар, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей керемет насихат айтуда. Шүбәсіз Алла, толық естуші, бәрін көруші», – деп айтқан («Ниса» сүресі, 58-аят).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ізгі қасиеттің өзге де мұсылмандардың бойында болғанын қалап:

أدِّ الْأمَانَةَ اِلَى مَنْ اِئْتَمَنَكَ و لاَ تَخُنْ مَنْ خَانَك

«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат жасаған болса, сен оған қиянат жасама», – деп өсиет айтқан (имам Әбу Дәуіт).

Төртінші: адал адам әр істе әділ болады

Адалдық пен әділдік – егіз ұғым. Өйткені адал жан өзгелермен әділеттілікпен қарым-қатынас жасайды. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

وَقُلۡ ءَامَنتُ بِمَآ أَنزَلَ ٱللَّهُ مِن كِتَٰبٖۖ وَأُمِرۡتُ لِأَعۡدِلَ بَيۡنَكُمُۖ ٱللَّهُ رَبُّنَا وَرَبُّكُم

«Мен Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Мен араларыңда әділ болуға бұйырылдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың!» – деп айтқан («Шура» сүресі, 15-аят).

Әділеттілік қағидасы болмаған жерде құқұқ, ынсап және теңдіктің болуы мүмкін емес. Мәшһур Жүсіп бабамыз: «Алла Тағала пенделеріне ғаділменен әмір қылған. Ғаділдік деген әр нәрсенің ортасы. Қалыбынан асырмай, не кем соқтырмай, орта қып ұстауды «ғаділ», – деп соны айтады. Әуелде адам өзінің ғытиқадында («иғтиқад» сенімінде) ғаділ болу керек. Екінші, пенде өз пиғылында ғаділ болу керек. Үшінші, пенде Құдай тағалаға қылған ғамалында ғаділ болу керек. Төртінші, мінезде ғаділ болу керек», – дейді. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте:

إِنَّ الْمُقْسِطِينَ عِنْدَ اللَّهِ تَعَالَى عَلَى مَنَابِرَ مِنْ نُورٍ الَّذِينَ يَعْدِلُونَ فِي حُكْمِهِمْ وَأَهْلِيهِمْ وَمَا وَلُوا

«Әділдікті ғұмырының темірқазығы етіп, турашыл болғандар (о дүниеде) Алланың құзырында нұрлы мінберлерде болады. Олар – үкім шығарғанда, отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға қатысты әділ болғандар», – деген (имам Мүслим).

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру