ИСЛАМДА ТЕРЕҢ ОЙЛАНУДЫҢ (ТӘФӘККҮРДІҢ) МӘН-МАҒЫНАСЫ МЕН ОРНЫ

21 маусым 2024 1542 0
Оқу режимі

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Ислам дінінде ақылдың, терең ойланудың маңызы өте зор. Оны тәфәккүр деп атайды. Ал шариғатта тәфәккүр деп Алла Тағаланың әлемді жаратқан жаратылыстарына терең ой жүгіртіп, ғибрат алуын айтады.

Хакім Абай:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой!

Бес асыл іс көнсеңіз, – деп, «терең ойды» бес асыл істің қатарына жатқызғаны тегін емес. Аталмыш қасиеттердің қай-қайсысын алып қарасақ та исламның рухымен астасып жатқандығын көреміз. Ислам діні еңбекке, алға талпынуға, қанағат пен мейірімге және терең ойға шақырады. Соның ішінде тәфәккүр, яғни ой жүгіртудің орны бөлек.

Тәфәккүр – пайғамбарлардың ғибадаты, ізгілердің әдеті, Жаратушы Аллаға жеткізер жарқын жол. Терең ойға бойлаған адам әлемнің жаратылысындағы әсемдікті, табиғаттағы таңғажайып үйлесімді, Жаратушы Алланың бар, бір, әрі аса құдіретті екендігін ұғынып, бас иері сөзсіз.

Алла Тағала Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын ойлануға шақырып:

قُلْ إِنَّمَا أَعِظُكُمْ بِوَاحِدَةٍ أَنْ تَقُومُوا لِلَّهِ مَثْنَى وَفُرَادَى ثُمَّ تَتَفَكَّرُوا ...

«(Уа, Мұхаммед) Оларға: «Сендерге бар-жоғы бір ғана насихат айтамын: Естеріңді жиыңдар, мейлі жұптасып, мейлі оңаша қалып Алла үшін (менмендікті қойып) шын көңілмен ақылға салып ойланыңдаршы!..» – деп айт», – дейді («Сәбә» сүресі, 46-аят).

Бір күні түнде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға (Алла оған разы болсын) «Уа, Айша! Маған рұқсат бер! Раббыма құлшылық етейін!» – дейді. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) «Аллаға ант етейін! Мен сізді жақсы көремін! Сізге қуаныш сыйлайтын нәрсені одан да қатты жақсы көремін!» – дейді. Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәретін алып, намазға тұрады. Содан сақалын жас жуып, жер суланғанға дейін жылап тұрып намаз оқиды. Біләл (Алла оған разы болсын) таң намазының азанын айтуға келгенге дейін осылай жалғасады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жылағанын көрген Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Не үшін жылайсыз? Алла Тағала сіздің өткен және болашақ күнәларыңыздың бәрін кешіріп қоймады ма?!» – дейді. Сонда Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен шүкір етуші құл болмайын ба?! Маған бүгін түнде бір аят түсті. Оны оқып, ой жүгіртпеген адамға неткен өкініш?!» – дейді. Сосын Құрандағы:

وَلِلَّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاللَّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ (١٨٩) إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ لآيَاتٍ لأولِي الألْبَابِ (١٩٠) الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَى جُنُوبِهِمْ وَيَتَفَكَّرُونَ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ رَبَّنَا مَا خَلَقْتَ هَذَا بَاطِلا سُبْحَانَكَ فَقِنَا عَذَابَ النَّارِ

«Күллі аспан әлеміндегі және жердегі барлық мүлік пен билік – бір Аллаға тиесілі. Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жердің жаратылуында, күн мен түннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқарып тұруында ақыл иелері үшін (Алланың шексіз құдіретімен мен билігін көрсететін) ғибратқа толы айқын белгілер (дәлелдер) бар. Олар (яғни, ақыл иелері) тікесінен тік тұрып та, отырып та, бір бүйірлеп жантайып жатып та Алланы еске алады һәм күллі аспан әлемі мен жердің жаратылысына терең ой жүгіртіп: «Уа, Раббымыз! Сен мұны бекерден-бекер, мақсатсыз (босқа) жаратпадың. Сен мақсатсыз, мәнсіз іс істеуден пәксің! Бізді тозақ отынан сақтай гөр!» – деп жалбарынады», – деген аятты оқиды («Әли Имран» сүресі, 189-191-аяттар)[1]

Сондықтан мұсылман адам бүкіл жаратылыс жайында тәфәккүр етіп, терең ойлануы тиіс. Ал мына әлемге терең ой салып, шынайы ойланған адам оны жаратқан Жаратушысының шеберлігіне көз жеткізіп, құдіретіне бас иеді. Осы себепті ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың жаратылысы турасында ойлаңдар, Алланың заты турасында ойланбаңдар», – деген (имам Табарани).

Хакім Абай:

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей, – деген. Бұл өлеңнің мағынасына үңілсек, адам баласы алған білімін өмірде қолданып, әр нәрсенің себебіне үңілген кезде, өмірдің өткінші екенін, бақи көзбен қарағанда пайдасы аз ғана екенін түсінеді. Бұл – тек Жаратушыны, адамды, дүниені тануға деген құлшыныстан, терең ойланудан туатын нәрсе екенін ұғынамыз.

Адам баласы дұрыс тәфәккүр етуі үшін, терең ойланудың маңызы мен оның қандай түрлері бар екендігін білуі қажет.  

 

  1. Тәфәккүрдің маңызы

Қасиетті Құранның ең алғашқы аятынан бастап, ең соңғы аятына дейін бізді ойлануға шақырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп ойланғанды өте ұнататын болған. Пайғамбарлық келмей тұрып Хира үңгіріне барып, ойымен оңаша болғанды қалайтын. Сол кездегі оның ғибадаты әлемдерге ой жүгірту болды. Тәфәккүр арқылы Алла өзінің Пайғамбарын болашақтағы ұлық пайғамбарлық міндетіне дайындады. Содан кейін де тәфәккүр ету әдетін өмірінің соңына дейін қалдырған жоқ. Һинд ибн Әби Халә (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Ардақты Пайғамбарымыз үнемі үнсіздікпен, ойға шомған күйде жүретін. Оның өмірінде рахат деген нәрсе жоқ болған. Бос сөз сөйлемейтін. Ол көбінде үнсіздік сақтап жүретін. Сөзін бастағанда да, аяқтағанда да үнемі Алланың есімін айтатын ...».

Ендеше, тәфәккүр – Алла Елшісінің ең маңызды сүннетерінің бірі. Алла Тағаланың жаратылыстары туралы терең ойланып, тәфәккүр етудің өзі –  үлкен ғибадат.  

Табиғин өкілдерінің үлкені, ғалым Әмір ибн Абдулқайс (Алла оны рақымына алсын): «Сахабалардың көпшілігінен естігенім «Пайғамбарымыз иманның жарқырауы мен иман нұрының артуы тәфәккүрмен ғана мүмкін болады» деген сөз еді», – деген.

Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын): «Тәфәккүр – ғибадаттың бір бөлшегі», – десе, ибн Хиббан (Алла оны рақымына алсын): «Тәфәккүр секілді құнды ғибадат жоқ», – деген екен. Кейбір даналар да: «Біршама тәфәккүр ету – бір жыл (нәпіл) ғибадаттан құндырақ», – деп айтқан. Ал имам Дәйлами (Алла оны рақымына алсын): «Үнсіздігі тәфәккүр, қарағаны ғибрат болып, көп истиғфар еткен адам құтылды», – деген екен. Осы себепті де тәфәккүр етудің мұсылман адам үшін маңызы өте үлкен.

Алла Тағала қасиетті Құранның көптеген аяттарында біздерді тәфәккүр етуге шақырған. Мысалы, қасиетті Құранның «Ғашия» сүресі, 17-20-аяттарында.

أَفَلَا يَنْظُرُونَ إِلَى الْإِبِلِ كَيْفَ خُلِقَتْ. وَإِلَى السَّمَاءِ كَيْفَ رُفِعَتْ. وَإِلَى الْجِبَالِ كَيْفَ نُصِبَتْ. وَإِلَى الْأَرْضِ كَيْفَ سُطِحَتْ

«Олар түйеге қарамай ма, қайтіп жаратылғанын? Олар аспанға қарамай ма, қайтіп көтерілгенін? Олар тауларға қарамай ма? Қайтіп тігілгенін? Олар жерге қарамай ма, қалайша төселгенін?» – деп төрт нәрсеге үңіліп, терең ойлануға шақырған. Олар:

 

Біріншісі: «Түйеге қарамай ма, қайтіп жаратылғанын?»

Алла Тағала бұл аятта адам баласына түйенің қалай жаратылғаны туралы ойланыңдар! Олар шөлге шыдамды, ауыр жүктерді көтере алады және т.б. қасиеттері көп. Осыны ойланыңдар деп, түйелер жайында келесі аятта:

وَتَحْمِلُ أَثْقَالَكُمْ إِلَىٰ بَلَدٍ لَمْ تَكُونُوا بَالِغِيهِ إِلَّا بِشِقِّ الْأَنْفُسِ ۚ إِنَّ رَبَّكُمْ لَرَءُوفٌ رَحِيمٌ

«Олар сендердің жандарың қиналып, шамаларың жетпейтін ауыр жүктеріңді қалаға жеткізіп көтереді. Расында, Раббыларың өте жұмсақ, ерекше мейірімді», – деп айтқан («Нахл» сүресі, 7-аят). Алла Тағала бұл қуатты жануарды мойынсұнғыш етіп адамға бағындырып қойды, тіпті кішкентай бала да түйені тізгіннен ұстап, қалаған жеріне апара алады.

 

Екінші: «Аспанға қарамай ма, қайтіп көтерілгенін?»

Адамзат баласы үшін әлі ашылмаған шексіз космос әлемі, жердің әуе қабаты, аспан кеңістігі т.б. хикметтер көп. Аспан туралы қасиетті Құранда былай баяндалады:

وَجَعَلْنَا السَّمَاءَ سَقْفًا مَحْفُوظًا ۖ

«Аспанды (құлаудан) қорғалған берік бір төбе (күмбез) еттік» («Әнбия» сүресі, 32-аят). Келесі аятта:

خَلَقَ السَّمَاوَاتِ بِغَيْرِ عَمَدٍ تَرَوْنَهَا ...

«Ол (Алла) өздерің көріп тұрғандай, көктерді тірексіз жаратты ...», – деген («Лұқман» сүресі, 10-аят). Расында аспанның жаратылысында көптеген ғибрат бар. Аспанның ешқандай тіреусіз тұруы адам баласы үшін мысал ретінде жеткілікті болса керек. Міне, адам баласы осыған терең ой жүгіртіп, ойлануы қажет.

 

Үшінші: «Тауларға қарамай ма? Қайтіп тігілгенін?»

Біздің айналамызда тігілген таулар да өздігінен берік тұрады, ешқандай мызғымайды. Егер барлық адам баласы осындай үлкен нәрсені жасау үшін жиналса да, оны дәл осы қалыпта жасау мүмкін болмас еді. Алла Тағала тауларды ұлы даналықпен, ерекше құдіретпен жаратты. Таулар жер бетін тербелістерден сақтайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَلْقَىٰ فِي الْأَرْضِ رَوَاسِيَ أَنْ تَمِيدَ بِكُمْ وَبَثَّ فِيهَا مِنْ كُلِّ دَابَّةٍ ۚ وَأَنْزَلْنَا مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَنْبَتْنَا فِيهَا مِنْ كُلِّ زَوْجٍ كَرِيمٍ

«Айналғанда сендерді шайқалтып, теңселтпесін деп жерге мызғымас берік етіп таулар қағып қойды және онда сан алуан тіршілік иелерін жаратты. Аспаннан жауын жаудырып, онда жұп-жұбымен әртүрлі өсімдіктер өсірдік», – деп айтқан («Лұқман» сүресі, 10-аят).

 

Төртінші: «Олар жерге қарамай ма, қайтіп төселгенін?»

Алла Тағала жер бетін жайып төсеп, оны адамзатқа бағындырып қойды. Ол тым жұмсақ та емес, әйтпесе адамдар оған құлап кетер еді. Ол тым қатты да емес, әйтпесе адамдар ештеңе отырғыза алмайтын еді. Ол адамға көбірек пайда әкелетін етіп, қолайлы түрде жасалған. Алла Тағала ол жайында келесі аятта:

أَفَلَمْ يَسِيرُوا فِي الْأَرْضِ فَيَنْظُرُوا كَيْفَ كَانَ عَاقِبَةُ الَّذِينَ مِنْ قَبْلِهِمْ ۚ دَمَّرَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ ۖ وَلِلْكَافِرِينَ أَمْثَالُهَا

«Олар жер жүзінде кезіп, өздерінен бұрынғы (күпірлікке салынған) қауымдардың ақыры қалай болғанын көріп, ғибрат алмай ма? Алла оларды жермен-жексен етті. Кәпірлердің ақыры солай болады», – деген («Мұхаммед» сүресі, 10-аят).

Алла Тағала осы аятта жерді кезіп жүруді бұйырды, онда адам баласы емін еркін жүреді, аралайды. Алайда мұндай саяхаттың екі түрі болады:

  1. Денемен саяхаттау. Адам жер бетін не жаяу, не мінген жануармен, не көлікпен, не ұшақпен және т.б. кезеді. Адам жер бетін кезіп көргенде Алла Тағалаға қарсы шығып, күпірлікке салынып, сенбегендердің мысалын, оның нәтижесі қалай болғандығын көреді. Соны ой елегінен өткізіп, терең ойланады.
  2. Жүрекпен саяхаттау. Бұл өзіне жеткен түрлі ғибратты оқиғаларды естіп ойланады, оларды талдайды және одан ғибрат алуға тырысады.
  3. Тәфәккүрдің түрлері

 

Ғалымдар тәфәккүрды төрт түрге бөледі:

 

Бірінші: Алла Тағаланың жаратқан нәрселерінің сұлулығы мен  пайдалары туралы ойлана отырып, Алла Тағалаға деген иманын нығайтып, Жаратушыға деген махаббатын арттыратын тәфәккүр.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Рағыд» сүресі, 3-аятында:

وَهُوَ الَّذِي مَدَّ الْأَرْضَ وَجَعَلَ فِيهَا رَوَاسِيَ وَأَنْهَارًا ۖ وَمِنْ كُلِّ الثَّمَرَاتِ جَعَلَ فِيهَا زَوْجَيْنِ اثْنَيْنِ ۖ يُغْشِي اللَّيْلَ النَّهَارَ ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Ол сондай Алла, жерді төсеп, онда асқар таулар, өзендер жаратты. Әрі онда әртүрлі жемістерден екі-екіден жұп етті. Түнді күндізге (алмастырып) жабады. Шынында ойланатын қауым үшін мұнда айқын дәлелдер бар», – деп біздерді ойлануға шақырған.

Осы себепті мұсылман адам қасиетті Құран аяттарын оқыған кезде Алла Тағаланың ойлануға шақырған аяттары турасында тәфәккүр етіп, ғибрат алуы қажет. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Заңдары мен ережелерін білмей, фиқһсыз (шарттарын білмей) жасаған құлшылықта, руханияты мен салмақтылығы жоқ фиқһта, тәфәккүр етілмей оқылған Құранда қайыр жоқ», – деген. 

 

Екінші: Алла Тағала уәде еткен сауаптар туралы ойлап, адамның құлшылық етуге құштарлығын оятатын тәфәккүр.

Алла Тағала қасиетті Құранда және ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде әлде бір ізгі істі атқаруды бұйырумен қатар, ол істің сауабы турасында да баяндаған. Сол сауаптардың үлкендігі әрі ол үшін ақыретте берілетін сый турасында терең ойлану, мұсылман адамның ізгі істерге деген ынта-жігерін арттырып, құлшылығында ықыласының артуына себепші болады. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 261-аятында:

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّئَةُ حَبَّةٍ وَاللّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاء وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Алла жолында мал сарп қылғандардың  мысалы – жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла тым кең, әр нәрсені білуші», – деп садақаның сауабы жайында мысал беріп, оның қаншалықты еселенетіні турасында баяндап, біздерді ойлануға шақырған.

 

Үшінші: Алланың жазалары туралы ойлану, одан қорқу сезімін тудырып, жамандық жасамауға, күнәлардан аулақ болуға көмектесетін тәфәккүр.

Алла Тағаланы жақсы көрген пенденің бойында үміт пен қатар қорқу да болуы қажет. Халқымызда «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз тегін айтылмаған. Жаратушысын танып, күнәлі істер үшін ақыреттік жазаның ауыр екенін сезініп, Алла Тағаладан шынайы қорыққан пенде ешуақыт өзгенің ақысына кірмейді, шариғат тыйым салған шекараны аттамайды. Осыны меңзеп хазіреті Бишр Хафи (Алла оны рақымына алсын): «Адамдар Алла Тағаланың ұлылығын дұрыс тәфәккүр етсе, Оған қарсы келе алмайды, күнә істей алмайды», – деген. 

Әбу Зәр (Алла оған разы болсын) былай дейді: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бір түні намазда таңға дейін:

إِن تُعَذِّبْهُمْ فَإِنَّهُمْ عِبَادُكَ وَإِن تَغْفِرْ لَهُمْ فَإِنَّكَ أَنتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ

«Егер оларды жазаласаң, сөзсіз, олар сенің құлдарың (қалағаныңды істейсің). Егер оларды кешіретін болсаң, Сен сөзсіз аса үстемсің, ерекше данасың», – деген аятты қайталады («Мәидә» сүресі, 118-аят). Сонан соң қолын көтеріп: «Уа, Аллам! Үмметім, үмметім!» – деп жылап отырып, жалбарына бастады. Осыған орай Алла Тағала: «Уа, Жәбірейіл! Шынында, Раббың бәрін өте жақсы біледі, бірақ сен (адамдар да білсін деп) бар да, Мұхаммедтен неге жылап жатқанын сұра», – деп бұйрық береді. Жәбірейіл періште келіп сұрағанда, Алла Елшісі үмметі үшін уайымдап жылап отырғанын айтады. Сонда Алла Тағала: «Уа, Жәбірейіл! Мұхаммедке бар да: «Үмметің туралы Сені разы етеміз. Сені мүлде ренжітпейміз» деп сүйіншіле!» – деп бұйрық берді (имам Мүслим).

Ардақты Пайғамбарымыздың жұбайы, мүминдердің анасы Айша анамыз (Алла оған разы болсын) жиі тәфәккүр ететін. Бір күні ұзақ ойланып, көзіне жас алып, жылайды. Сүйікті жарының жылап отырғанын көрген Алла Елшісі: «Айша, саған не болды? Неге жылап отырсың?» – деп сұрайды. Сонда Айша анамыз: «Ақыреттік азапты ойлап жылап отырғаным ғой! Сіздерге, яғни пайғамбарларға, қиямет күні отбасы мүшелері естеріне келеді ме?» – деп сұрайды. Алла Елшісі: «Үш жер бар. Олар жерде ешкім ешкімді ойламайды: біріншісі, Мизанда (таразыда). Істеген істер өлшеніп, таразының ауыр не жеңіл екенін білмейінше. Екіншісі, амал дәптерлері қолға берілер кезде, дәптерінің оңынан ба, әлде солынан ба немесе артынан ба, оны білмейінше. Үшіншісі, тозақтың үстіне Сырат көпірі құрылғанда. Көпірдің екі жағында көптеген ілмектер мен қатты тікендер болады. Міне, адам бұл ілмектерден құтылып, құтылмайтынын білмейінше ешкімнің қамын жеп, өзгені ойлай алмайды», – дейді (имам Хаким).

 

Төртінші: өзіне берілген нығметтер мен істеген күнәлары туралы ойлана отырып, Алла Тағаланың алдында ұят сезімін ұялататын тәфәккүр.

Адам баласы әлемге назар салып, өз бойына жақсылап үңілер болса, өзіне берілген Алла Тағаланың нығметі өте шексіз екендігін түсінеді. Оны түсінген адамның жүрегінде өзін жаратқан, жоқтан бар еткен Жаратушысына деген махаббат пайда болып, шынайы шүкір етуге тырысады. Сондықтан да қасиетті Құранда біздерге осы жайтты ойлануға шақыратын аяттар көп. Мысалы, «Жәсия» сүресі, 12-аятында:

اللَّهُ الَّذِي سَخَّرَ لَكُمُ الْبَحْرَ لِتَجْرِيَ الْفُلْكُ فِيهِ بِأَمْرِهِ وَلِتَبْتَغُوا مِنْ فَضْلِهِ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ         

«Ол сондай Алла, теңізді еріктеріңе берді. Оның бұйрығымен теңізде кемелерді жүргізіп, Оның кеңшілігінен несібе іздейсіңдер. Әрине, шүкірлік етерсіңдер», – деп айтылған.

Мұхаммед ибн Абдуллла: «Тәфәккүр бес түрлі болады:

  1. Алланың аяттарын тәфәккүр ету. Одан мағрифат (таным) туындайды.
  2. Алланың нығметтерін тәфәккүр ету. Одан махаббат туындайды.
  3. Алланың уәдесі мен сауабын тәфәккүр ету. Одан ынта туындайды.
  4. Алланың жазасын тәфәккүр ету. Одан қорқыныш туындайды.
  5. Алланың берер сыйына қарап, нәпсінің жапасы мен қиянатын тәфәккүр ету. Одан ар мен ұялу, өкініш сезімі туындайды», – деген екен.

 

Қадірменді жамағат!

Адам баласы Алла Тағаланың берген күнделікті жиырма төрт сағатының ішінде, бір сәт тәфәккүрге арнайы уақыт бөліп, жалғыз отырып, айналасына көз жүгіртіп, ғибрат алуы қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хазіреті Ибраһим пайғамбарға  түскен он парақтан мыналарды жеткізеді: «Ақылды кісінің белгілі сағаттары болуға тиіс. Уақытының бір бөлігін дұға мен мінәжат үшін Раббысына, бір бөлігін Ұлық Алланың өнері мен құдіретін тәфәккүр етуге, бір бөлігін істеген істері туралы ойланып, өзін есепке алып, келешекте жасайтын істерін жоспарлауға, енді бір бөлігін күн көрісін адал жолмен табуға бөлуі керек».

Қорыта айтқанда, тәфәккүр ету бұрынғы ізгі адамдардың үлкен мән беріп, әрдайым атқаратын ісі болған. Сахаба Үммү Дәрда (Алла оған разы болсын) бір кісіден: «Сахаба Әбу Дәрданың ең көп маңыз берген құлшылығы қандай болатын? – деп сұрағанда: «Оның ерекше мән беретіні тәфәккүр мен нәтижесінен ғибрат алу», – деп жауап берген екен.

Сол секілді тақуа, өте діндар болған Рәби ибн Хайсәмнан: «Өзіңізден де жоғары, қайырлы адамды бізге айта аласыз ба?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Иә, кімде-кімнің сөйлегені – зікір, үнсіздігі – тәфәккүр, қарағаны – ғибрат болса, ол кісі менен әлдеқайда қайырлы деп жауап берген екен».

Шынында да әлемге бір сәт назар салып, оған терең тәфәккүрмен ойлану адам баласына дұрыс бағыт берері сөзсіз. Сондықтан бұрынғы ізгілер: «Бір сағат терең ойланып, пікір жүргізу – алпыс жыл құр (ықылассыз) құлшылық жасағаннан артық», – деген.

Алла Тағала біздерді тақуа жандардан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
 

[1] Ибн Хиббан, Сахих 523.

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру