Исламның гигиеналық нұсқаулары

17 наурыз 2020 9834 0
Оқу режимі

 

Алла Тағала таза, барынша таза құлдарын жақсы көреді екен. Ислам діні тазалықты екіге бөледі. Ол – сыртқы және рухани тазалық. Мұндағы сыртқы тазалықтың өзі бірнеше бөлімге бөлінеді. Мысалы, отырған жердің тазалығы, киімнің тазалығы, дененің тазалығы, ішер астың тазалығы, т.б. 

Отырған жердің тазалығы жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисі бар:

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап: «Екi түрлi қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» – дейді. Сонда сахабалары: «Әй, Алланың Елшiсi! Екi қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?» – деп сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы», – деп жауап берген екен. 

Расында, мұсылман – бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қиратушы емес – дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес – пайда әкелушi. Дінімізде қоршаған ортаны қорғау да жиi насихатталған. Ағаш отырғызу мен құдық қазу дiни тағылымдарда мақталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылдырылған. «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн», – дейдi Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). 

Тәннің тазалығы жөнінде де әңгімелесек. Ислам діні кейбір лас дүниелерден, нәжістен су, жаңбыр, күн нұры және топырақ (жер) арқылы тазаруды ұсынады. Өйткені, ластану және тазаланбау кедейлік пен ауру туғызады немесе шайтанға баланады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Қоқыс шелегін үй ішіне қоймаңыздар, оны сыртқа қойыңыздар. Өйткені, қоқыс – шайтанның орны. Ыдыс-аяқты жуу және үйді тазалау рыздықты арттырады» деуі бекер емес. Расында, Исламның гигиеналық нұсқаулары кіршіксіз таза болуды көздейді. Ал мұндай талап өзге діннен табылмайды екен. 

Төл дініміздегі гигиеналық тазалықты сақтау, аула мен үйдің маңын абаттандыру, тамақты асыра ішуден бас тарту сынды шарттар ең алдымен денсаулықты сақтауға негізделген. Сонымен қатар адамның жаны мен тәніне зиян тигізетін барлық заттардан, алкоголь ішу мен есірткі шегуден бас тартуды насихаттайды. Лас және дұрыс емес тамақтану да адам денсаулығына зиян. Құранда Алла Тағала адамдарды таза тамақ жеуге шақырады. 

«Тәһа» сүресінің 81-аятында: «Сіздерге берген ырзықтан алып отырыңыздар» деген жолдар бар. Бүгінгі дәрігерлер де табиғи, таза тамақ жеуге шақырады. Жемістер мен көкөністер сияқты тамақтар адамның дене жасушаларын қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Осы орайда, имам Садықтың (р.а) мына сөзін есімізге алсақ: «Барлық жемісте у бар. Егер жеміс-жидек жесеңіз, оны алдымен жуыңыз». Иә, адамдар микроб пен ұсақ тіршілік иелері жайлы хабары болмаған заманда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен имамдар оларды шайтан немесе у деп атаған. Осылайша ағзаны ластайтын және ауру тудыратын заттардан бас тартуға шақырған. 

Исламның денсаулық сақтау жайлы тәлімдерінде кейбір жемістердің қабығын аршымай жеуге кеңес береді. Алма, алмұрт, өрік сынды жемістерді қабығымен жесек, көптеген дәрумендер денеге сіңеді екен. Өйткені, бұл жемістердің нәрі олардың қабығы мен қабық асты бөлігінде жиналған. Тамақтың тазалығымен қоса, оның жаңа болуы да ерекше рөл атқарады. Дәрігерлер ғана емес, Құран мен Ислам рауаяттары да жас ет, таза (жаңа) жемістер мен көкөністер жеуге кеңес береді. Исламның соңғы Пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). әр жемісті өз мезгілінде жеуді оңды деп санайды. Бұған «Жемістерді піскен кезінде жеңіздер! Өйткені, осы кезде ол адам денсаулығына пайдалы және қам-қайғыны жоюға көмектеседі. Егер оны мезгілі өткеннен кейін жесеңіздер, адам денесіне зиянды және ауру тудыру қаупі бар» дегені дәлел. Бұл – қазіргі ғылыммен де анықталған.

Исламның тазалық туралы кеңестерінің бірі – жуылмаған етті жеуге тыйым салуы.

«Бауырым Иса бір қаладан өтіп бара жатыпты. Ол қала тұрғындарының беттері сарғайып, көздері көгеріп кетіпті. Олар Исаға өз аурулары жайлы айтқан екен. Иса «Сіздердің емдеріңіз өздеріңізбен бірге. Сіздер ет жер алдында оны жумай пісіресіздер. Дүниедегі ешқандай жануар тап-таза болып өмірден өтпейді» дейді. Содан кейін әлгі қаланың халқы өздері жейтін етті жуып, аурудан арылыпты». 

Бұл – Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).жеткен бір хадис. Адам қолымен әр түрлі заттарды ұстайды да, ол тез кірлейді. Сондықтан қолдың тазалығы да, әсіресе, тамақ ішу кезінде өте маңызды. Имам Әли (р.а): «Тамақтың алдында және одан кейін қол жуу өмірдің ұзаруына себеп болады» деген. Ислам тәлімдерінде тырнақ тазалығы мен оны қысқартуға өте үлкен көңіл бөлінген. Тырнақ – терінің қосымшасы. Қазіргі медициналық зерттеулерге қарағанда, оның астына қабыну тудыратын әр түрлі бактериялар мен паразиттер жиналады. Сондықтан тырнақты үнемі қысқартып тұру керек. Бұл үлкен де ауыр аурулардың алдын алады және ырыздықты арттырады. 

Адамзаттың ардақтысы, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). «Он нәрсе жаратылыстан бар. Олар – мұрт қысқарту, сақал өсіру, мисуак пайдалану, мұрынға (кеңсірікке) су жіберу арқылы жуу, ауыздың тазалығы, тырнақ алу, саусақ араларын салалап жуу, қолтықты түктен арылту, белден төменгі жерді (ұятты жерін) қыру, истинжа жасау», – деген. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Намазға тұрғыларың келгенде беттеріңді, шынтаққа дейін қолдарыңды жуыңдар, бастарыңа масих тартып, тобықпен бірге аяқтарыңды да жуыңдар» деген жолдар бар. Сондықтан дін дұшпандары Исламға тазалық жағынан ештеңе айта алмапты. 

Сахабаларын бір жерге аттандырарда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына насихатты айтқан екен: «Сендер бауырларыңның жанына кетіп бара жатырсыңдар, көліктеріңді тәртіппен бір жүйеге қойыңдар, киім-кешектеріңді де дұрыстап реттеңдер, адамдар арасында бет-әлпетіндегі сұлулық нышаны – мең сияқты болыңдар. Өйткені, Алла жағымсыз көріністі және тұрпайы сөз сөйлегендерді жақсы көрмейді». 

Иә, Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шашына, сақалына, киіміне, қысқасы сыртқы көрінісіне өте мән беріп, тістерін әрдайым мисуакпен тазалайтын. Өйткені, ол Исламның Пайғамбары болатын және Алланың ең соңғы дінінің үлгі-өнегесі еді. Демек, мұсылмандар да Пайғамбарымыздай (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тап-таза болуы қажет.

Әділ Агитаев
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру