Истиғфар қиындықтан құтқарады

07 сәуір 2020 8566 0
Оқу режимі

Бүгінде әлем жұртшылығын дүрліктірген COVID-19 жұқпалы дерті көптеген елге тарап үлгерді. Әлемде бұл індетті жұқтырған адам саны 1 миллионнан асты, 60 мың адам дүние салды. Бұл жағдай бізді де алаңдатып отыр.

Баршамызға белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі еліміздегі төтенше жағдайға байланысты шариғаттағы зәрулік үкімін негізге алып, жамағат арасында жұқпалы індеттің тарап кетпеуінің алдын алып, мешітте жұма және жамағатпен оқылатын намаздарды уақытша тоқтату туралы пәтуа шығарды.

Еліміздегі мұсылман қауымы бұл пәтуа мен ҚМДБ-ның қосымша нұсқауларын түсіністікпен қабылдап, бойұсынуда. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықты сабырға шақырып, сындарлы сәтте дұға жасап, ізгі амалдар санын арттыруға үндеді. Өзі де бастамашыл ниет танытып, бүкіл дін қызметкерлерін мүмкіндігінше қасиетті Құранды хатым етуге шақырды. Бас мүфти республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран хатым ету рәсіміне қатысып, бата жасап, дұға етті. Алла қабыл етсін деп тілейміз.    

Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері республикалық «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында мұқтаж отбасыларға көмектесіп, алғысын алуда. Моралдық һәм материалдық тұрғыда жасалған бұл көмек көптеген отбасыға қуаныш сыйлап, жігерін оятып, көңіліне демеу болғанын айта кеткеніміз абзал.

Жанға демеу болған бастаманың бірі – Бас мүфтидің кезекті үндеуі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барша мұсылман қауымын Аллаға дұға етіп, ең кемінде 100 истиғфар және Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға шақырып, арнайы Үндеу жолдады.

«Барша жамағатты осы үндеуді қолдап, еліміздің амандығын сұрап, жұқпалы дерттен тезірек айығу үшін 3 сәуір жұма күні, бесін намазынан кейін «100 истиғфар және 100 салауат» немесе одан да көбірек айтып, дұға жасауға шақырамыз. Жаратқан Алла халқымызға амандық берсін, науқас жандардың тезірек айығып кетуін және мешіттерімізге қайта қауышуды нәсіп етсін. Әмин!» делінген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ел мұсылмандарына жолдаған Үндеуінде.

Қасиетті жұма күні әдебиет, тарих, өнер, дін, журналистика, т.б. саладағы белгілі тұлғалар мен еліміздегі жалпы жамағат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Үндеуін қолдап, үн қосты.

Бас мүфти бастамасын қолдаған тұлғалар әлеуметтік желіде халықты игі іске үн қосуға шақырып, ізгі тілегін жолдады. Қоғамды истиғфар мен салауат айтуға шақырған ақындар мен журналистер өсиетті өлең жырларын жариялады.

Бас мүфти «24 Хабар» телеарнасына берген сұхбатында сындарлы сәтті сауапқа айналдыру қажеттігін атап өтті. «Карантин кезінде сабыр сақтап, бұл уақытты жақсылықпен өткізуге тырысқанымыз абзал. Бұрын күйбең тірлікпен қолы тимей жүрген көптеген ата-ана қазір ұл-қыздарының қасында. Бірге құлшылық жасап жатқандар да бар. Бірге кітап оқып, уақытты тиімді пайдалануда. Ал насихат тыңдаймын деген жандар үшін де мүмкіндік мол. Біз қазір онлайн режимде уағыз айтып, тәулік бойы жұмыс істейтін call-center арқылы жамағаттың сауалына жауап берудеміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы өз сұхбатында.

Расында, біз истиғфар мен дұғаны көбейтсек, Алла Тағала түрлі апаттар мен сынақтарды, жұқпалы індеттерді ортамыздан алыс етеді. Бірде бір кісі Әлиден (оған Алла разы болсын) құрғақшылық пен ашаршылыққа, ауру мен түрлі сынаққа тап болғанын айтып, кеңес сұрайды. Сонда саңлақ сахаба истиғфарды көп айту қажеттігін жеткізген.

Бір кісі біраздан бері перзентті бола алмай жүргенін айтады. Сол кезде де Әли (оған Алла разы болсын) истиғфарды көбейтуді жеткізеді. Осы жағдайларды көріп тұрған бір кісі сахабадан: «Сіз түрлі сұрақпен келген барлық адамға истиғфар айту қажеттігін жеткіздіңіз. Мұның сыры не?» – деп сұрайды. Сонда Әли (оған Алла разы болсын) «Нұх» сүресіндегі: «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Ол өте кешірімді. Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жаудырады. Әрі дәулеттеріңді арттырып, ұрпақтарыңды көбейтеді. Сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады», – деген аяттарды алға тартады. Расында, мұсылманның ең мықты қаруы – дұға.

Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтауға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал келетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.

Барша мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге және Алла Тағалаға мінәжат етіп, истиғфар айтып, дұға етуге шақырамыз. Алла Тағала баршамызға разы болып, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Әмин!

Жақия қажы АБДУЛЛАҰЛЫ,
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер Кіру