Кемел иман – көркем мінезде

16 қаңтар 2021 6754 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда, Исламды қабылдаушылардың 80 пайызы мұсылман үмбетінің мінез-құлқы және қарым-қатынасы себепті иманға келуде екен. Біздің ата-бабамыз да осылай мұсылман болған. Ал, қалған 20 пайызы ғылым, зерттеу, дәлелдеу және т.б. сол сияқты ізденістер нәтижесінде мұсылман болатын көрінеді.

Біз – мұсылманбыз. Әлемге рақымет, мейірімділік етіп жіберілген Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіміз. Кітабымыз – имандылыққа, ізгілікке, жақсылыққа шақыратын Құран. Раббымыз – Рахман және Рахим Алла. Мұның барлығы, мейірімділікті аңғартады. Демек, мұсылман мейірімділіктен бастау алатын барша көркем мінезді бойына қалыптастырушы жан. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мұсылмандардың ең кемел имандысы – көркем мінезді болғаны...[1]»,-деп тектен-тек айтпаған. Жақсы да көркем мінез барлық жағдайда маңызды және шешуші рол атқарады. Құрандағы пайғамбарға (с.ғ.с.) қаратыла: «...Егер дөрекі, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді...[2]»,-деп айтылған аят мұның айқын дәлелі.

Құран Кәрімдегі «Және сен, шын мәнінде, ұлы мінезге иесің[3]» аятын тәпсіршілер:«Мұхаммед! Сен биік те жоғары мінездің иесісің. Алла сенің бойыңа жақсы қасиет пен кемелдік атауын түгел жинаған»,-деп түсіндіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жақсы қасиеттері көп-ақ. Ол ілімді, жұмсақ, ерекше ұятты, аса жомарт тым ғибадатшыл, сабырлы, шүкіршіл, кішіпейіл, мейірімді, жанашыр, жақсы мәмілешіл еді.

Бүгінде, Исламды үйренемін деген жастарға барлық мүмкіндік қарастырылған. ҚМДБ тарапынан ашылған сайттар, діни әдебиеттер, газет-журналдар, уағыз-насихаттар. Түрлі діни тақырыпты қамтитын аудио-видео өнімдері. Сауат ашу курстары. Тағысын тағы. Кез келген талғампаздың сұранысына жауап беретін жағдай баршылық. Дегенмен, имандылық жолымен жүруге талпынған жастарға жетпейтіні – көркем мінез. Базар жырау:

Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, ділде жоқ...,- 
дегендей, мұның салдарынан өздері де зардап шегеді. Имандылыққа бет бұрайын деп тұрған достарына да зияны тиеді.

Ал, дін – шынайылық. Жақсылыққа шақыру және жамандық атаулыдан адам баласын тыю. Тәмим әд-Дәри (р.а.) риуаят еткен хадисте: Дін – шынайылық (насихат). Сахабалар: «Уа, Алла Елшісі! Кімге?», – деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға, Оның кітабына, Оның елшісіне, мұсылман басшыларына және жалпы мұсылмандарға (шынайы болу)[4]», – деп жауап берген».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан, Алла Тағалаға қатысты шынайылық: Аллаға иман ету, Оған серік қоспау, кемел сипаттарымен атау, кемшілік атауынан пәктеу, әміріне бойұсыну, тыйым еткен амалдардан аулақ болу, Алла тағалаға бойұсынғандарды дос, қарсы шыққандарды қас тұту. Шын мәнінде, бұл амалдардың барлығында пенде үшін жақсылық бар.

Алланың кітабы – Құранға қатысты шынайылық: Құран иләһи сөз деп иман ету. Құран халал дегенді халал, харам дегенді харам деп қабыл алу. Құранда көрсетілген тура жолды ұстану. Құранды мәнерлеп оқу, мағыналарына терең бойлау, айтылған уағызы мен ғибратына құлақ түру.

Елшісіне қатысты шынайылық: Пайғамбарды мойындау, әкелген шариғатын қабылдау, әміріне итағат етіп, ерекше құрмет ету. Пайғамбарды көзі тірісінде де, қайтыс болған соң да ерекше ардақ тұту. Сүннетін білу, оған амал ету және басқаларға да үйрету.

Мұсылман басшыларға қатысты шынайылық: Басшыларға ақиқат жолында жәрдемші болу, оларға бойұсыну, адамдардың мұң-мұқтажын жеткізу, жұмсақтық және әділдікті насихат ету. Мұсылман басшылар – адамдардың дүнияуи ісін жүйелеуші басшылар мен діни басшылар. Демек, патша, әмірлер, басшылар мен ғұламаларды қамтитын сөз.

Жалпы мұсылмандарға қатысты шынайылық: Мұсылмандардың екі дүниесіне де пайдалы амалдарға жол сілтеу. Оларға зиян тигізбеу, білмейтіндерін үйрету. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю.

Ал, дінді үйрету, оны ғылым ретінде зерттеу ғұлама-ғалымдар иығына жүктелген жауапкершілік. Құран Кәрімде: «Сендерден жақсылыққа шақыратын, сондай-ақ, дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне, солар құтылушылар[5]», – деген аят бар.

Біздің еліміздегі мұсылман қауымы үшін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын діни орталық – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ). Асыл дінімізге қатысты жауапкершілік ҚМДБ-ға жүктелген. Діни басқарма бұл жауапты жұмысты абыроймен атқаруда.

Ислам – ізгілікке үндейді. Мұсылман – айналасына жақсылық нұрын төгуші пенде. Құран мен хадис – имансыздық пен зұлымдыққа қарсы.

Есіңізде болсын! Ислам жайлы бір сөз айтып тұрған адамның мінез-құлқы жаман болса одан сақ болыңыз! Айтқан сөзінің астарында өктемдік, өшпенділік байқалса, демек оның көздегені имандылық емес. Дін атын жамылып жаман іс-әрекетін жүзеге асыруға тырысушы екенін біле жүріңіз!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру