КЕҢШІЛІК ТИЫШХАН: ҰЛТ ПЕН ДӘСТҮРЛІ СЕНІМ – БІРТҰТАС ҰҒЫМ
Бірінші дін бе, әлде ұлт па? Қазақ «шеше» деген сөзді жаман мағынада қолданғаны рас па? Қазіргі күні қазнетті шулатып тұрған «хит» тақырыптардың бірсыпырасы осындай. Желідегі жөн-жосықсыз дау-дамай мен дүрбелеңнің туындауына арандату мақсатында арнайы жарияланатын жазбаларды былай қойғанда, кейбір уағызшы имамдардың ұшқары пікірлері де себеп болып жатқаны белгілі. Біз дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Кеңшілік Тиышханды әңгімеге тартып, діни саладағы талас-тартыстың ақ-қарасын ажыратып, анық-қанығына жетуге тырыстық.
– Дін саласындағы бір азаматтың: «Алла сенің ұлтыңды сұрамайды, дініңді сұрайды» деп, дінді ұлттан жоғары қойған пікірі – қазіргі күні көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Сіздің ойыңызша, бірінші дін бе, әлде ұлт па?
– Кез келген салада талқылауға болатын және талқылауға болмайтын тақырыптар бар. Соның бірі – адамның діні мен ұлтына қатысты әңгіме. Адам баласы үшін бұл екеуінің де маңызы айрықша. Ислам дінінде адамның ұлтына қатысты айтқан өсиеттер көп. Мысалы, бауырластық туралы. Бауыр болу, туыстық қатынас дегеннің өзі айналып келгенде ұлтқа қатысты ұғымдар. «Бір мұсылман екінші мұсылманға өзіне қалағанын қаламайынша шынайы иман еткендей болмайды» деген хадис бар. Біз мұсылманның бәрін бір туыс-бауыр деп қабылдаймыз. Бірақ бұл жерде мұсылманшылық менің ұлтымнан жоғары деген ұғым болмауға тиіс.
Құранда: «Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Бір-бірлеріңді тануларың үшін, бір-бірлеріңмен араласуларың үшін ұлттарға бөлдік», дейді. Мұсылманшылық та, ұлт та – Құдайдың берген дүниесі. Оның бірін екіншісінен артық қою дұрыс емес. Ол «Анаңды жақсы көресің бе, әкеңді ме?» деген сұрақпен бірдей. Осы секілді кейбір киелі ұғымдар өзара салыстыруға жатпайды. Ал егер салыстырып, бірін екіншісінен жоғары қоятын болсақ, қазіргідей дау-дамай туындап кетуі мүмкін. Өйткені егер мен «Бірінші қазақпын, содан кейін мұсылманмын» десем, онда менің иманым екінші орынға түсіп қалады. Ал керісінше айтсам, онда ұлтымды төмендетіп жіберемін.
Имамдарымыз алдағы уақытта мұндай талас тудыратын пікірлерді айтудан аулақ болғаны жөн. Өйткені кешегі «бірінші дін, одан кейін ұлт» деген сөзден кейін «Бұл имамдар қазақтан гөрі арабты немесе пәкістандықты артық көреді екен» деп түсініп қалып жатқаны белгілі. Жалпы, біздің халықта «қазақ» пен «мұсылман» сөздері бір-бірінен айырғысыз ұғымдар. Түріктердің мынадай сөзі бар: «Түрік десе мұсылман еске түседі, егер мұсылман емес болса, ол түркілігін де жоғалтқаны», дейді. Сол сияқты біздің де ұлт пен имани сенім – біртұтас дүние. Тарихи тұрғыдан келсек, дәстүрімізге сіңісті болған құндылық. Біз дін мен ұлт ұғымдарын бір-бірінен ажыратып, бірін екіншісінен жоғары қоймай, керісінше екеуінің арасын жақындататын тақырыптарда сөз сөйлеп, насихаттауымыз керек.
– Қоғамды дүрліктірген тағы бір дау – «шешеге» қатысты сөз. Өзіңіз білесіз, бір имамның оғаш пікірі сынға ұшырады.
– Бір жағынан, жас әрі білімді имам жігіттердің елді имандылық пен қайырымдылыққа шақырып, адал мен арамның аражігін түсіндіріп жүргеніне қуанасың. Өйткені дәстүрлі дінді насихаттайтын мамандардың көбеюі дәстүрлі емес діни ағымдарға еретін адамдардың санын азайтады. Яғни Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерде жұмыс істейтін имамдарымыз сырттан теріс насихат жасайтын пиғылы теріс «шейхсымақтардың» арбауына тосқауыл болып, оларға ілескен адамдардың бетін бері бұрып жатыр.
Бірақ уағыз айтқанда да бір адамның барлық саладан хабардар болуы мүмкін емес екенін еске тұту керек. Қанша жерден жан-жақты білімді болсаң да, барлық ғылымды терең білу мүмкін емес. Басқа мамандықтарды былай қойғанда, дін ғылымының өзі түрлі салаға тармақталып жатыр. Бір адам оның бәрін жетік меңгере алмайтыны ақиқат. Сондықтан сауатты да сауапты насихатымен елге танылған имам бауырларымыз өздері тереңнен біле бермейтін тақырыптарға жоламаса деген тілегіміз бар. Үлкен аудиторияның алдында сөз сөйлегеннен кейін оған қойылатын сұрақтар да әртүрлі бағытта болуы мүмкін. Жоғарыда айтқандай, абсолютті білімді адам жоқ. Сол үшін білетін тақырыбыңды ғана қаузап, білмейтініңді жылы жауып қойған дұрыс. «Ана» мен «шешеге» қатысты әңгіме осындай қателіктен туындап отыр.
– Сонда «шеше» деген жаман сөз емес қой?
– Қазақтың дүниетанымыда «шеше» сөзі де – «ана» секілді сакральді ұғым. Имам: «Ана деген жақсы сөз, ал шеше деп баласын тастап кететін әйелдерді айтқан», дейді. Бірақ кейінгі қазақта (бұрын болмаған) баласын тастап кететіндерді «көкек ана» деген. Сол сияқты «шеше» деген сөзді тек жаман мағынада қолданбайды. «Қайран шешем», «әке-шеше», т.б. сөздер – бұған дәлел. Сондықтан бұл дау-дамай мәселенің байыбына бармай, эмоциямен айтылып қалған қателік деп есептеймін.
Осы жерде еске сала кетер маңызды нәрсе, қатені де түзететін – қоғам. Соның ішінде зиялылар қателігін түсініп жатса, жерден алып, жерге салуға тағы болмайды. Негізі имамдардың халықты жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару жолында атқарып жатқан еңбегі мол. Сондай-ақ имамдардың өздері де осындай сәттерден сабақ алып, келесіде хабары жоқ тақырыптарға сергек қарайды деп үміттенеміз.
– Осындай келеңсіздіктерден кейін діни құндылықтарды жаппай терістеуге ұмтылушылар тіпті көбейіп кеткендей. Бұған не дейсіз?
– «Жаптым жала, жақтым күйе» деген сыңайда таңылатын мұндай негізсіз әрі ұшқары пікірлерге көңіл аудармай-ақ қоюға болушы еді. Алайда қоғамда көп талқыланып, кеңінен таралып жатқаннан кейін біз бұған түсініктеме беруіміз керек. Мұсылмандық – қазақтың санасына сіңісті болып кеткен ұғым. Дінге қырын қарайтын адамдар «Сен мұсылмансың» десе, ол ешкімнің көңіліне тимейді. Сондықтан олар дін жолындағы азаматтарға, соның ішінде имам-молдаларға күйе жағу мақсатында теріс пікір, бейпіл сөз айтса, үлкен қателік. Ғасырлар бойы мұсылман болған ата-бабасын сенімі үшін кінәлай алмас, бұл жерде мәселе – қоғамға жік салған бүгінгі танымда. Негізі, жалған сөз имандылық жолындағы азаматтарымызды діннен қайтарып жібермейді. Бірақ ішкі тұрақтылыққа белгілі бір деңгейде іріткі салуға жеткілікті.
Ислам және христиан діндері әлемдік, ал иудаизм, синтоизм, индуизм секілді діндер ұлттық діндер деп саналады. Исламды тек араб халқы ұстанбайды. Ол ең алғаш рет араб жерінде, ұлты араб пайғамбарға түскенімен, қазір оны көптеген халық ұстанып отыр. Олардың бәріне «арабқұл» деп айдар тағу қателік. «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан артықшылығы жоқ» деп пайғамбарымыздың өзі де айтып кеткен.
– Осындай оқиғалардың көбейіп кетуіне не себеп деп ойлайсыз?
– Әлеуметтік желі шыққанда ол жерде негізінен танымдық дүниелер жарияланатын. Қазір жұрттың эмоциясын оятуға бағытталған негативті жазбалар көбейіп кетті. Оның ішінде тапсырыспен жарияланатындар немесе табыс табу мақсатында шығарылатын посттар да бар. Әрбір адам іштегі ренішін, эмоциясын, жан сырын желіге ақтаратын болды. Адамның бәрі виртуалды әлемге байланғандықтан халыққа сол арқылы әсер етуге болатынын сезген түрлі арандатушы топтар да әлеуметтік желі арқылы өз жобаларын іске асырып жатуы әбден мүмкін. Соның ішінде исламға қарсы бағытталған зымиян әрекеттер де жоқ емес.
Тарихта талай қиыншылықты көрген халқымыз әлгіндей әсіредіншілдікке, арандатушылықтарға, ішкі тұрақтылығымызды бұзуды көздеген теріс әрекеттерге байсалдылықпен қарап, соңынан ермейді деп үміттенемін. Қоғамда жұрттың алдында жүрген аузы дуалы, зиялы тұлғаларымыз елдің шырқы бұзылмай, бірлігі сақталуы үшін жұмыс істеуі керек. «Ит үреді, керуен көшеді» деп бейқам жүрмей, қоғамды қырықпышақ етуге бағытталған теріс пікірлер мен қауесеттердің алдын алып, халықты дұрыс жолға жетелеп отыру – бәріміздің мойнымыздағы міндет.
– Дінаралық араздықтың, бір ұлттың өзін бірнеше діни ағымға бөлудің салдары қандай болуы мүмкін?
– Қазақ өз тарихында барлық қиындықты ұлттық және діни біртұтастығы арқасында жеңіп шыққан. Ал қазір әлеуметтік желіде, басқа да орындарда айтылып жүрген діни дүрдараздық тудыратын жазбалар мен видеолар біздің осы бірлігімізді бұзғысы келеді. Егер оған жол берсек, Таяу Шығыс жеріндегі кикілжіңдер бізді де айналып өтпейді. Сирия секілді мемлекеттерде дәл осылай діни алауыздықты қоздырып, дінаралық қақтығыстарды тудырып, ақыр соңы елдің тұтастығын бұзған. Соған бағытталған идеологиялық жұмыстарды жүргізу арқылы мемлекеттің шаңырағын ортасына түсірді. Бұл – көп шығынды қажет етпейтін, бірақ салдары өте ауыр болатын қитұрқы әрекеттер. Бізде бұрын бай мен кедейді, ру мен руды бір-біріне айдап салса, енді қазір дін арқылы жік тудыру кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Мұның соңы үлкен трагедияға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан бұған мемлекет те, діни қайраткерлер де сергек қарап, дер кезінде алдын алып отыруы қажет.
– Қоғамда ішнара «имамдар неге тек арабтың тарихын айтады, арабтың тұлғаларын насихаттайды. Өз тарихымызды неге айтпайды?» деген әңгіме айтылып қалады. Бәлкім мешіттерімізде қазақтың тарихы, мемлекеттік тіл туралы уағыз-насихатты көбірек айту керек шығар?
– «Жақтырмаған бақсының демі сасық» демекші, дінге ықыласты қауымды сынаушылар қазақтың тарихын, ана тіліміз жайында уағыз айтып жатсаң да, бәрібір дінді, имамдарды қаралайтын ілік табады.
Ал мемлекеттік тіл мәселесіне келсек, мешіттеріміз ана тілімізді жетілдіру жолында тек сөзбен айту ғана емес, іс жүзінде үлгі көрсетіп жатқан бірден-бір орын десек қателеспейміз. Еліміздегі 2700-ден астам мешітте діни уағыз-насихаттар толықтай ана тілінде жүреді. Соңғы жылдары жұма намазы алдындағы құтпада, уағыздардың ішінде қазақ дін ғұламаларының еңбектерінен мысалдар, даналық сөздер, мақал-мәтелдер пайдалану қалыптасып келеді. Өкінішке қарай, кеңестік заманда қазақтың діни тарихы түгіл, жалпы тарихы жадымыздан өшірілді. Соның салдарынан тарихта болған дін ғұламаларының аты-жөндерін, жазған еңбектерін ұмыттық. Қазір енді ғана зерттеліп, кейбірінің аты-жөндерімен танысып жатырмыз. Сондықтан діни тарихымызды ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге жетуіміз үшін әлі біраз зерттеулер керек, бірталай уақыт қажет. Қазақ ешқашан дінсіз болмаған, әлемді мойындатқан ғұламаларымыз көп. Оның бәрін ұрпаққа таныту – уақыт еншісіндегі мәселе.
Жалпы, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда имамдарымыз құралақан емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басымдық берілген жұмыс бағыттарының бірі – дін мен дәстүрді үйлесімділікте дамыту. Осы мақсатта мешіттер тарапынан ұлттық ойындар, оның ішінде асық ату, көкпар, садақ атудан жарыстар ұйымдастырылып келеді. Айтыстар мен мүшәйралар өтіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, имамдар өз деңгейінде ана тіліміз бен дәстүріміздің насихатталуына өз үлестерін қосып жатыр. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ