ХЕЛЛОУИН – АДАСУДЫҢ БІР БЕЛГІСІ

31 қазан 2022 4170 0
Оқу режимі

Қазан айының соңында Хеллоуин дейтін ұсқынсыз бір мерекесымақтың болатынын айтып кейбір жұрттар шулап жатады. Ол қайдан шықты дерсіз? Мұсылмандарға тән мерекесі емес екендігі анық нәрсе. Онда христиандардан шыққан болар? Жоқ, олай емес екен. Христиандардың өзі бұл мерекені естігенде төбе шаштары тік тұратын көрінеді. Керек десеңіз, бұл күнді «азап күні» деп санайды екен олар. Бұл жайында Солтүстік Американың ислам қоғамының бұрынғы президенті, доктор Музаммил Сыддық былай дейді:

«Бұл мейрам кельттердің (индоевропалық тек) рухтарды шақыратын ырымдарының бірі. Кейіннен христиан шіркеулері бұны «Барлық қасиетті нәрселердің күні» (бұл күні батыстық шіркеулерде өлілерді еске алу күні) деп атап, өзгерткісі келді. Бір анығы, көптеген христиандар осы уақытқа дейін бұл нәрсеге түбегейлі қарсы шығып, тойламаған. Оны тіпті, heilday (азап күні) деп атаған».

«Христиандар бұл мейрамды қабылдасын-қабылдамасын, біз мұсылмандар бұны қабылдай алмаймыз. Үлкен көлемдегі асқабақтарды бекерге ысырап қылып, үйді «жын» секілді безендіріп қою ақылға қонбайтын нәрсе. Ақыл тоқтатқан кісілердің сайқымазақ секілді жүретіндеріне таңым бар. Соңғы кездері бұл қорқынышты болып бара жатыр. Адамдар кәдімгідей түрлі құбыжық күйге еніп, жан-тәнімен берілетінді шығарды. Мұсылмандар бұлардың қатарында болмауы керек».

Бастысы бұл батыстың мерекесі. Әр жылды қазан айының 31 күні кешке басталады. Қарап тұрсаң, бұл әрекеттер друидтердің (кельт халықтары) жаңа жылын еске түсіреді. Себебі, олар сол кезде өлгендер үйлерді аралайды деп сенеді-мыс. Бұл кез асқабақтардың пісетін мезгілі. Хеллоуиннің кесірінен сол асқабақтар әр үйдің қазанынан емес, әр елдің қоқыс жәшігінен табылады. Неге десеңіз, бүтін асқабақты ойып, ішіне шам жағып қояды. Хеллоуиннің басты белгісі де осы.

Хеллоуин – адасудың бір белгісі. Көпқұдайшылықты насихаттайды. Мұсылмандарға бұл мерекені тойлауға болмайды. Жалпы, есі дұрыс адамның бұл мерекені ұната қоюы екіталай. Бір қынжылтатыны, әлі онша таныла қоймаған осы мейрамды адамдар көп жиналатын ойын-сауық, сауда орталықтарында, т.б. орындарда шолақ белсенділер насихаттап жатады. Еріккен кейбір жастарымыздың бұған есі кетіп, хэллоуиннің жанқияр қолдаушысына айналуы ғажап емес.

Хеллоуин деген жат мерекені жақындатып абырой таппаймыз! Жын-ойнаққа жақын бұл мейрамға үлес қосып қадірімізді кетірмейік! 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру