«КІМ ЖАҚЫН, НЕ ҚЫМБАТ, НЕ ҚИЫН?»

03 қаңтар 2024 8396 0
Оқу режимі

 «КІМ ЖАҚЫН, НЕ ҚЫМБАТ, НЕ ҚИЫН?» деген сұраққа ҚАЗЫБЕК БИ аса тапқырлықпен былай жауап берген екен:

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Алдыңа тартқан адал асын –

Қимас жақын қарындасың.

Сыбайлас болса, нағашың жақын,

Адал болса, досың жақын.

Жан серігің жас кезіңнен

Бәрінен де әйелің жақын.

Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт-берекең – атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат,

Асқар тауың – әкең қымбат.

Мейірімді апаң қымбат,

Туып-өскен елің қымбат.

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат.

Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын.

Шанышқылаған сөз қиын,

Жазылмаса дерт қиын,

Іске аспаған серт қиын,

Ақылыңнан адасып,

Өзің түскен өрт қиын!

 

Қазыбек бидің шешендік сөздері бата, тілек түрінде де келеді. Мысалы: 

Өркенім өссін десең, кекшіл болма, кесепаты тиер еліңе.

Елім өссін десең, өршіл болма, өскеніңді өшіресің.

Басына іс түскен пақырға қастық қылма, қайғысы көшер басыңа.

Бүгін сағы сынды деп, жақыныңды басынба!

 

ҚАЗЫБЕК БИдің сөздері мақал-мәтелге де айналып кеткен.

 Мысалы:

 «Бір қолың ұрысшы болса, екінші қолың арашашы болсын»,

 «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос»,

 «Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме»

 

 

Пікірлер Кіру