КИМЕШЕК – ҚҰНДЫЛЫҚ
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедияның бірінші томында қазақ әйелдерінің ұлттық дәстүрлі бас киімі кимешекке: «Көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық талаптарға толықтай жауап беретін қазақ әйелдерінің бас киімі» деген анықтама беріліпті.
Ал мына суретте өздеріңіз көріп отырған бес түрлі кимешектің иесі Сара Сабақбайқызы (суретте) деген апамыз екен. Жасы жетпістің бесінде. Астана қаласында тұрады. Ширек ғасыр бұрын Қытай Халық Республикасы Гансу өлкесіне қарасты Ақсай Қазақ автономиялы ауданынан көшіп келіпті. Жарықтық 20 жасында келін болып түскен сәтінде енесі басына «келін кимешегін» кигізген екен. Содан бері бір күнде кимешексіз жүріп көрмепті.
Апамыздың айтуына қарағанда, кимешектің төменгі қарынсалдығына сырмалап ою салатын дәстүр ежелден бар, ал кимешекті жиектей бүрмелеген айналма белдікті «шытыра» дейді екен. Сонан кейін кимешектің алқымына өрнектелген бедерді «сырмаша ою» деп атап, оның сыртындағы кестелі жиекті «өрнек сағат» дейді екен. Осы сағат-сырманың сыртынан жиектеген жіңішке өзек-оюды «су» деп атаса, кимешектің алқым шыршысын безендіріп тұрған бөлшек-бөлшек тіркесті қызыл-жасыл таңбаларды «алақұрт» деп атайтын көрінеді.
«Аппақ шытырадай әйел адамның жамалына көрік беретін сәнді әрі көркем бітеу киім басқа жұрттың бірінде жоқ. Қазақ салты бойынша, жаңадан түскен келін әуелі кимешек киеді, уақыт өте келе жетім шылауыш тартып, желек жамылады. Одан кейін көкала кебіс киеді. Алғашқы көтерген баладан соң ауылдың дуалы бәйбішесі келіп, келіннің желегін алып, кимешегін ауыстырады. Біздің жақта келін болып түскенде киетін, одан кейін балалы болғанда киетін, ене болғанда киетін, кемпір болғанда киетін кимешектің түр-түрі бар. Қосағы дүниеден өткен әйелдер қызылды-жасылды ою өрнегі жоқ тек шытыра салынып, су жүргізген аппақ кимешек киеді. Ол «жесір әйел» деген белгі. Жөн білетін кісілер жесір отырған жерде оның көңіліне келетін артық-ауыз сөз айтудан тиылады», дейді Сара апай.
Ал суреттегі бес кимешекке келер болсақ, сол жағындағы шытыра оюы солғын, сарыжағал кестелі кимешекті апамыз келін болып түскенде енесі сыйлапты. Екінші ретте тұрған шытырасы алтын түстес, қошқар мүйіз оюлы кимешекті жат жұртқа келін болып түскенде өзі тігіп киіпті. Қайын жұрты келген келін тегін адам емес, ісмер екенін білсін деген лебі іспетті. Үшінші кимешекті немерелі болғанда киіпті. Бұл кимешектің оюы біртекті сарғылт түстес болып келуі, адам өмірінің толысқан тұсы күздің бояуын елестетеді, дейді кейуана. Төртінші – қарт әжелерге арналған кимешек. Оның алқымынан шекелігіне қарай шаптырған сары түсті оюлы өрнегінің шеті қарақоңыр түстес бунақ кестемен сырылғаны және омырау тұсындағы қара жұлдызды дақтар әжелерге тән сипаттың белгісі екен. Ал суреттегі бес кимешектің оң жақта тұрған бедерлі түрі сән-салтанатты тойларда киетін сәндік кимешек екен. Апамыз дәл қазір осы сәнді кимешегін киіп жүр. «Бұл менің береке мен ырысы бай, жұрты тату өмір кешіп жатқан атажұртыма деген ішкі құрметім» дейді апамыз.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
Дереккөз: Егемен Қазақстан газеті