Көп әйел алған ер кісінің әділдігі қалай болмақ?

11 тамыз 2021 6182 0
Оқу режимі

Ер кісіге төрт әйелге дейін алуға рұқсат. Егер ер кісі екі не төрт әйелге дейін алатын болса, бұлардың бәріне бірдей әділдікпен қарауға тиіс. Әйтсе де ер кісінің бірнеше әйеліне бірдей толық әділдік жасауы қиын нәрсе. Құранда: «Қанша қаласаңдар да әйелдер арасында әділ болуға шамаларың жетпейді. Ендеше, біреуіне мүлде ауып кетіп, өзгесін жіпсіз байлағандай етіп қоймаңдар»[1], – дейді.

Иә, ер әйелдеріне нәпақа жағынан әділдік жасай алуы мүмкін. Бірақ кейде өзгелеріне қарағанда біреуін қатты жақсы көріп, соған қатты көңіл бөлу қаупі бар. Мұндай жағдайда отбасының әділдік жүйесі бұзылады. Шафиғилардан тыс көптеген ғалымдардың көзқарасына қарай, ердің әйелдері арасында түнеу үлесінде де әділдік жасауы уәжіп. Бұл жерде бір әйелі кәрі, бірі жас немесе бірі мұсылман енді бірі христиан болуы есеп емес. Хазіреті Айша (р.а.): «Алла елшісі әйелдері арасында күндерді бөліп, әр әйелі үшін арнайы бір күн, бір түн белгіледі»,[2] – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Екі әйелі бар ер адам біреуіне бет бұрып, екіншісіне немқұрайлы қараса, қиямет күнінде бір жағы қисайып тұрады»,[3] – дейді.

Сондықтан Құран төрт әйел алуға есік ашқанымен, жүгі ауыр болғандықтан, жалғыз әйел алуға ынталандырып: «Әділетсіздік жасаудан қорықсаңдар біреуін ғана алыңдар»,[4] – дейді.

Ислам дінінде көп әйел алу – парыз, уәжіп не сүннет түрінен емес, берілген рұқсат қана.

Әсіресе кейде бір елде соғыстан соң көптеген әйелдер жесір, қыздар жетім қалуы мүмкін. Яки қоғамда халық саны азайып кетуі де мүмкін. Мінекей, осындай жағдайда көп әйел алудың демографияға қосар үлесі мол. Сондай-ақ кейде бір ердің әйелі жазылмас дертке шалдығуы мүмкін. Егер бір әйел ғана болуы керек деп шектелетін болсақ ері зинаның құрығына шалынуы ықтимал. Егер ажырасатын болса, әйелдің тағдыры қиынға соғады. Һәм кейде бір-біріне ынтызар болған екі ғашық қосылғанда әйелі бедеу болуы мүмкін. Ал ерінің бала сүйіп, ұрпағым болса деп армандайды. Міне, осындай жағдайда ер кісі екінші әйел алатын болса кейінгі әйелі науқас әйеліне қамқор болса, ердің кейінгі әйелінен туған бала екі әйелге де ортақ бала болып қалмақ. Бұдан басқа да хикметтер бар.


[1] «Ниса» сүресі, 129
[2] Бухари, Һибә, 15
[3] Әбу Дәууд, Никах, 38
[4] «Ниса» сүресі, 3

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру