КӨРШІ АҚЫСЫ – ТӘҢІР АҚЫСЫ
Қазіргі таңда Ислам дініндегі құндылықтың бірі әрі ата-бабамыздан кележатқан жақсы бір салт-дәстүріміздің бірі – көршіге құрмет көрсету, қарайласу, сыйласу амалы. Осы күні, қалалық менталитет пе немесе адамдардың мінез-құлқының өзгергені ме, көршіге қарайласу былай тұрсын, тіпті бір-бірімізді танымайтын, сәлем бермейтін жағдайға жеттік.
Ертеректе ғалымдарымыз көршінің шеңберін қырық үйге дейін белгілеген екен. Ол, алдыңғы жағынан, артқы, сол жақтағы және оң жақтағы қырық үй. Сонда бір ауыл немесе көп қабаттағы үйлердің тұрығындарының барлығы көрші болып шыға келеді.
Қасиетті Құран Кәрімде көрші ақысы туралы былай дейді:
«Алла (Т.) ға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді». (Ниса сүресі, 36-аят)
Әбу Шурайхтан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Уаллаһи иман келтірмейді, уаллаһи иман келтірмейді, уаллаһи иман келтірмейді!» - деді. Оған (с.а.у.): «Уа, Алла Елшісі, кім ол?» - деп сұралғанда, «Көршісі жамандығынан аман болмаған адам» - деп жауап берді. Бұл көршілердің барлығына бірдей қатысты. Көршіге зиян келтіруге болмайтынын Пайғамбар (с.а.у.) үш рет қатарынан ант етуімен қуаттаған. Көршісіне зиян тигізуші адам толық иман келтірмейді. Әрбір мұсылман адам көршісіне зиян жасаудан сақ болуы керек. Себебі мұсылман деген Алла мен Оның Елшісі (с.а.у.) тыйған нәрселерінен тыйылып, разылық танытқан, қызықтырған нәрселеріне талпынады. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі рияуаят етілді. «Көршілер үшке бөлінеді. Бірінші көршінің үш ақысы бар, екіншіінде кеі ақы, үшіншіде бір ақы бар. Үш ақысы бар көрші-туыс мұсылман көрші. Оның туыстық ақысы бар, мұсылмандық ақысы бар, әрі көрші. Екі ақысы бар көрші, ол – мұсылман көрші. Оның мұсылмандық ақысы бар, көршілік ақысы бар. Ал бір ғана ақысы бар көрші – ол кәпір адам. Оның ақысы көршілік ақы».
Көріп отырғандарыңыздай көрші ақысы Исламда өте маңызды ақылардың бірі екен. Көршінің дінінің қандай екендігіне қарамастан оның көрші ақысы бар екен. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көршілеріне жасаған адамгершілік мәмілесінен олар әсерленіп Ислам дінін қабылдаған-ды.
Ата-бабаларымыз да көрші ақысына қатты мән берген. Осынау дәстүріміз қазір жоғалып барады. Біз ел боламыз десек осындай дәстүрлерімізді дәріптеуіміз қажет.
Бақытжан Өткелбаев