МАҚАШ ПЕН ЕСҚАЗЫ

08 қараша 2024 338 0
Оқу режимі

Нарын бойында Есказы деген аузы дуалы, сөзі уәлі кедей адам болыпты Мақаштын сол кісімен кездесу уақыты келмей жүреді. Бірде Бақтыгерей Құлмановтын шақыруымен сол ауылға сапар шегеді де, Есказымен дидарласудың сәті түседі.

Аздаған әңгімеден кейін Мақаш Есқазыға:

— Менің сізге қояр төрт сауалым бар, мүмкін соларға жауап берерсіз, - дейді.

Есказы:

— Сұраңыз, – дейді.

— Оттан ыстық не бар? - деп сұрайды Мақаш.

— Уайым-қайғы шығар, өртіңіз су шашса сөнер, ал өзекке түскен аш құрттай жегідей жеп бой жаздырмайтын қай- ғыны басарсыз, меніңше жалыны жаныңды күйдірер ең ыстық уайым-қайғы деп білемін, – дейді Есқазы.

— Көктен биік не бар? - деп сұрайды Мақаш.

— Көктен биік көкірек деп қаламын, өйткені көктен биік аспаныңыздың өзі үн-түнсіз мүлгиді де тұрады, ал есерсоқтың менмен тәкаппар кеуде-көкірегі өзін де, өзгені де арандатып, қыруар іске кеселін тигізбей ме, адамның аяулы жүрегін азалап, жігерін құм ететін де сол өпіремдік, ойсыз көкіректік, – дейді Есқазы.

— Тұңғиықтан терең не бар? – деп сұрайды Мақаш.

— Адамның түпсіз терең ойы болса керек, қанша тұғиық болғанмен, бәрінің де шегі бар, ал ой тұңғиығы шыңыраудан да шүңейтте, түпсіз тереңде, ойсыз адам өсе алмайды, тегінде адамдарды ойсыздықтан сақтасын, – дейді Есқазы.

— Топырақтан ауыр не бар? – деп сұрайды Мақаш.

— Сабыр болар, «сабыр түбі сары алтын» дейді, қашанда, нені болса да, байыбына барып, ойлап-пішіп істеу керек, асыққан - шайтанның ісі, сабырлылық жүрген жерде жеңілдік болмайды, ендеше ауырлық деп осыны айтады,- дейді Есказы. Көйлегінен иіні, шұлығынан жұлығы көрініп отырған адамның бұл жауабына дән риза болған Мақаш сол бойда Бақтыгерейге:

— Есекеңе менің есебімнен астына ер-тұрманы бар тәуір ат мінгіз, үстіне үйлесімді шапан жап, бұдан былай Есекең өзгелерден өзгеше, бесенеден белгілі болсын,- деп әмір етеді.

 

Қаһарман батырлар мен ғұламалар" кітабынан.

Жинақтаушы Берік ҚОРҚЫТОВ

 

Пікірлер Кіру