МӘШҺҮР ЖҮСІП: «СӨЗ ТАПҚАНҒА ҚОЛҚА ЖОҚ» - ДЕГЕН СӨЗДІҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ

02 маусым 2025 439 0
Оқу режимі

«Сөз тапқанға қолқа жоқ» - кімнен басталған? [140]. Бұрынғы заманда бір қазақ өзіндей бір қазаққа:

− Тамыр болайық, алысып-берісейік, - десе, бір қара жорға тайын қолқа қылып, қоймай, қадалып, сұрап алыпты. Оның үстіне тай берген тамыры бір аласы бар жерінен бір қозылы қой алып келе жатып, үйіне қонса:

 − Мұны айдап жүріп әуреленіп қайтесің? - деп, қозылы қойын да алып қалыпты. Екеуі де насыбай атады екен. Қолқа қылып сұраған емес, тамырының бір шақшасын алып кетіпті.

 Екі ортада екі-үш жыл өткен соң, баяғы қара жорға тай жүзіктің көзінен өткендей, кісі қызығып қарап тұрғандай сұлу жорға ат болып, ауызға ілініп, көзге түсе бастаған соң: «Толық қылып берсе қолқамды алайын, бермесе, не өткізген ақысы бар, жорғамның өзін алайын!» - деп, тамырынан қолқа сұрата қатынын жіберіпті. Қонағасын беріп, сыйлап, қатын: − Қолқа сұрай келдік, - дегенде, берген жауабы:

 − Қолқа реті менікі еді, білмей жіберген, - деп, дәнеме бермей қайырыпты. Онысымен де қоймай:

− Тамырдан қолқа алатын рет біздікі, барып, қолқа сұрап кел, - деп, бұ да қатынын жіберіпті. Барған соң, ол ашуланып, бұрқанып - бұрсанып:

− Онда менің қара жорғам мен бір қозылы қойым бар. Өсімімен қанша мал болды, мен ол иттен не алыппын? - деп, айтысып-тартысуға бет қойып, биге шақыртыпты. Би екеуін алдына алып сұрағанда, тай мен қозылы қойды мойнына қойыпты. − Ал, бұларды алған, тамыр, сен не айтасың? - дегенде,

− Рас, мен мұның бұл айтқан малдарын алғаным рас. Және Қара жорғаны осы күнде астымда мініп жүрмін, қозылы қойын малдандым. Бірақ менен бұл қолқасын алып еді. Алған күнде керек қылып алса да, бұл күнде оған көңілі толмай, мына атына қызыққандықпен дауласып жүр.

− Сенен мен не алып едім? - депті.

− «Не алып едім?» - деп, Құдайдан қорықпай, адамнан ұялмай, қалай айтасың? Шақшамды алғаның қайда? Мен саған тамыр болғаның үшін, қимастықтан бергенім қайда? Басқа кісіге: «Көріп берейін» - десе, ұстатам ба? - депті. Отырған жұрт та мұның сөзін ерсі көріп, күлісіп:

− Жаным, шақшаң немене еді, несі бар еді? - деп сұрасыпты. Сонда берген жауабы:

− Шақшам серке мүйізінің тақысы еді, қозылы қой өзінің ақысы еді. Орай салған жезі бар еді, тоқсан маржан көзі бар еді. Толық бір тайды соны жездеп, маржандаған ұстаның қолқасына берілген кезі бар еді.Және: «Өзін сатса, бір түйе, бір атқа алар едік-ау!» - делінген сөзі бар еді. Сол шақшамды өзіме қайырса, мұның малын өзіне қайырайық және шақшамды өзіме бергендігі үшін астына өзі қалаған бір атты мінгізейін, - депті.

− Жаным, мынау өз төресін өзі айтты ғой! Шақшасын өзіне бер де, жорғаңды, қозылы қойыңды ал, - дегенде,

− Шақшасы жоқ еді, - депті.

 − Қайда жібердің? - дегенде, 163 − Құс салып, далақтап шауып жүргенде, қалтамнан түсіп қалған еді, - депті.

− Ендеше бұрынғының айтқаны бар: «Сөздің өтірігіне нанба, келісіне нан» - деген. Шақша жоқ болса, сөз құрыды, - десіпті. Сонда «Қолқа аламын» - деп жүрген батыр:

 − Сөз тапқанға қолқа жоқ, сөз тапқанға қолқа жоқ, - деп, екі санын қолымен сабалап, тұра жөнелген екен.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ» - делінген сөз сонан қалған екен» - деседі.

Мәшһүр Жүсіп

Пікірлер Кіру