МАТУРИДИ: «ИМАН» МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМЫ

04 сәуір 2024 2208 0
Оқу режимі

Ислам мәдениетінің төркіні мұсылмандық наным-сенімнен бастау алса, Орта Азия халықтары үшін оның мазмұны Матуриди ақидасы болған. Қазақ халқының ұлттық кодексін қалыптастыруда мұсылмандық дүниетанымның ықпалы ерекше болғанын ұлы ойшылдарымыз бен ақын-жырауларымыздың еңбектеріндегі сенімге қатысты тұжырымдарынан көре аламыз. XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы және А.Үлімжіұлының көптеген өлеңдері мен прозалық шығармаларындағы «Иманды жан, толық адам, адамгершілік, ар-ұждан, мораль және мақтаулы адам...» сынды тұжырымдары руханияттың мызғымас тірегі саналады деуге болады. Бұл терминдердің негізі «Аллаға сенім», «Иман» мәселесіне келіп тіреліп, қазақ даласына Ислам діні кең тарғаннан бері, халқымыз фиқһта Ханафи мәзһабын, ақида да имам Матуриди жолын берік ұстанып келгендігінің дәлелі болмақ.

Бүгінгі қоғамда жекелеген кейбір ағымдардың өкілдері ұлт ұстазына айналған тұлғалардың көзқарастары мен ұстанымдарын өзіне бейімдеп жүргені де жасырын емес. Сондай тұлғалардың бірі – Абай Құнанбайұлы. Оның «үш сүюін» уахабилік ағымның ұстанымындағы «үш негіз» пренципімен сәйкестіріп, ақиқаттың бетін күлегейлеп, Абай сенімін өздерінің саяси доктринасымен үндес етіп көрсеткісі келіп жүргендер бар. Міне, осындай қитұрқы жағдайлардың алдын алу, ұлтымыздың тарихи кезеңдердегі иман, сенім мәселерін анықтау мақсатында Ы.Алтынсарин, А. Құнанбайұлы және А.Үлімжіұлының еңбектеріндегі «Иман» мәселесіне Матуриди ақидасымен тарихи тәжірибемізді салыстырмалы талдау жасау діни танымымызды жастарға жеткізумен қатар, діни ахуалды реттуде де өз септігін тигізер анық.

Имам Матуридидің, «Китәбут Тәухид» атты мұрасындағы ең маңызды мәселе, ол – әуелі адамның Алланы нас пен зерделі ақылдың әділ таразысы негізінде тану, мұғжизалы пайғамбарлық міндетті қабыл ету және тағдыр мен әфғалул ғибад (адамның іс-әрекеті) сынды мәселелерге көбірек көңіл бөлуден тұрады. Ал, ақырет мәселелері жайлы аяттарға «Тәуйләтул Құран» атты тәпсір еңбегінде кең түсініктеме бергенімен, «Китәбут Тәухид» атты мұрасында кең көлемде тоқталмайды[1]. Оның өзіндік себебі бары анық. Біз үшін ақырет әлеміндегі сұрақ-жауаптың қандай форматта өтетіндігін, жәннәт пен тозақтағы жағдайлар туралы анализ жасап, зерттеу жүргізу қиын мәселе. Міндетіміз, ақырет істеріне күмәнсіз сеніп, жәннәттағы сый-құрметке лайықты болудың қамын бұл дүниеде жасау. Міне, осы тұрғыдан имам Матуриди еңбекгінде де, қазақ халқының маңдайына біткен көрнекті ұлғалары Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы және А.Үлімжіұлы шығармаларында да адамның осы өмірін қалай өткізу керек екендігіне көбірек көңіл бөлгенін байқаймыз.

Иман – дін құндылықтарының ең маңыздысы. Онсыз екі дүниенің бақыты болмақ емес. Біз қарастырып отырған Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы және А.Үлімжіұлының еңбектерінен «Иман» ұғымы жайында мынандай ұстанымда болғанын аңғарамыз.

Ағартушы ұстаз Ы.Алтынсарин, «Иманның екі мағынасы бар: бірі – тіл мағынасы. Тіл мағынасы дегеніміз – әркім тілмен айтып растмақ. Мәселен, мұсылманшылығымызға бас куәлік – сөзіміз немесе араб тілінше шәһәда (тун) – иманымыз ашһаду ан лә иләһа иллә Алла уа ашһаду анна Мухаммадан аб-дуһу уа расулуһу болса керек. Яғни «куәлік беремін: жоқты бір Құдайдан бөтен құдай және куәлік беремін, Мұхаммед оның құлы һәм елшісі екендігіне деп, шариғат мағынасы расталғанда ол иманды көңілмен растамақ»[2], - деп «Иман» терминінің түп мәні көңілмен растаған сенімді тілмен жәрия ету деп түсіндіреді.

«Істің басы – ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен»[3] деген Абай, иман дін істерінің басы екенін ашық айтады. Абайдың иман туралы көзқарасының басы осы десек, иманның ең үлкен құндылығы адамды шынайы мұсылман етуінде болып отыр. Әрі адамның мұсылмандығы, тағат-ғибадатының қабыл болуы шынайы иманымен болатыны – ақиқат. Алла елшісі (с.а.с.) пайғамбарлық кезеңінің басым бөлігін адамдарды иманға шақырумен, имандарын шынайылауға шақыруының да өзіндік мәні болса керек.

Ал, А.Үлімжіұлы иман мәселесіне қатысты ойын:

«Биссмиллә әуелі Алла сөздің басы ,

Жазайын бір хикая құлақ салшы.

Тілегі мұсылманның қабыл болып,

Пендеңді кәрім субхан жарылқашы,

Мұхаммед Расулалла тәңір досы ,

Пенденің жарамайды дінге босы»[4] деп дінге бостықтың жарамайтынын айтса, Орта Азия медреселеріндегі Матуриди сенімі негізінде оқытылатын «Иманшарт» кітабын алғаш сауат ашып, оқып жүрген кезінде сол кітаптың шетіне:

«Үлімжі біздің атамыз,

Құдайға көпдүр қатамыз.

Ғылым нұрын бір көрмей,

Қараңғы қайтіп жатамыз?», – деп жазып қойғанынан-ақ Матуриди мектебінің түлегі болғанын аңғаруға болады[5].  

Әйгілі ғалым Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, «Иман – жүрекпен мақұлдап, растау. Ал тілмен «кәлима шәһәданы» айту иманның шарты. Немесе дүние істеріне үкім беруде «кәлима шәһәда» сөзін тілмен айту арқылы мұсылман өзге дін өкілінен ажыратылады»[6] деп, тағаттың басы иман келтіруде екендігін айтса, имам Матуриди бұл пікірді одан ары қуаттап, үзірі жоқ адамның өмірінде бір рет болса да тілімен куәлік сөзін айтуы керектігін тағаты қабыл болатын мұсылман қатарына қосады, адамның зәрулік жағдайында шынайы сенімін көңіліне жасырып күпірлік сөзін айтуға дінде жеңілдік барын жеткізеді[7].

Демек, Ы.Алтынсарин «Иман» терминінің түп мәні көңілмен растау деуі, А.Құнанбайұлының «істің басы» - яғни, мұсылмандықты иманмен өлшеуі және А.Үлімжіұлының имандылық ілімін «Иманшарт» еңбегінен алғанын сөз етуінің бәрі дәстүрлі Ислам ақида ғұламаларының пікірімен үндес. Яғни, мұсылманшылықтың басы, құлшылықтың қабыл болуының шарты иманды болмақ керек дегенді қуаттайды.

Ал, тарихта радикалды ұстанымдарымен танымал болған Харижид және Мұғтазила ағымдарының көзқарасы бойынша, иман –жүрекпен бекітіп, тілмен айту және парызды амалдарды орындау. Бұл үшеуінің біреуін орындамаған кісі иман еткен болып саналмайды. Немесе әділетті халифалар заманында белең алған радикалды ағымдардың ушықтырған доктриналық мәселелерінің қатарында күнә жасаған адамға қатысты шариғи тұрғыдан үкім беру ісі халықты дүрліктірді. Харижидтер ағымы мұсылман ауыр яки жеңіл күнә жасасын кәпір саналады, тозақта мәңгі қалады деумен қатар оларға қарсы соғыс ашу халал деп түсінді. Мұғтазилит ағымы болса, үлкен күнә жасаған мұсылман жәннат пен тозақтың аралығындағы жайда болады (Әл-мәнзилату бәйнәл мәнзилатайн) деп ашық кәпір қатарына кіргізбесе де, мұсылман қатарына да жатқызбайды. Мүржия ағымы қандай ауыр күнә жасаса да, таза мүмін болып қала береді деп есептеді[8]. Яғни, бұл ағымдар күнә жасаған кісіге үкім беруде асыра сілтеушілікке барса, енді біреулері бүкілдей үмітке салынып, халықты парыз құлшылықтарға селқостық танытуға себепкер болды.

Харижидтік ағымның бұл ұстанымының нақты көрінісі Сыффын оқиғасында әділ қазылардың үкім беруін құптаған хазірет Әлиді және қазылық үкім шығаруды қабыл еткен хазірет Әбу Мұса әл-Ашғариды кәпірге санағандығында байқалды. Тағы бір риуаятта: «Хазірет Әли Мәдайн еліне жауапты еткен Абдулла ибн Аббасты жанындағы тобымен бірге тұтқынға түсіріп, басшы халифа (Әли) жайлы көзқарастарын сұрайды. Бәрінің халифа туралы жақсы пікірде екенін білгенде, Абдулланы, оның жүкті әйелін және бірге жүрген төрт әйелді де өлтірді»[9] делінеді.

Бүгінгі таңда да өздерін «мұсылманбыз», «жиһад жасап жүрміз» деген ұранмен кейбір парыз құлшылықтарды орындамаған қарапайым халықты анау «мұсылман», мынау «кәпір» деп, қазақты бірнеше топқа бөліп өз биліктерін жүргізуге тырысып жүр. Олар, өздерінің сыңар жақтылы түсініктерін «ең дұрыс сенім» ретінде насихаттап, бұрыннан жалғасып келе жатқан сенімдік негіздерді мансұқтап, ел арасына бүлік салуда. Тіпті, соңғы жылдары қоғамымызда бой көтерген террорлық актілер мен кешегі Сирияға аттанған жастардың ісі қоғам тыныштығына қатер тудырып отыр. Міне, бұл «Иман» сөзінің мәнін дұрыс түсінбеуден туындап отыр деуге болады.

Ал, кәміл мұсылмандық мәселесін Ы.Алтынсарин, «Бұл растамақ (иман ету) дегеніміз, жалғыз Құдай тағала бар, Мұхаммед хақ пайғамбар деп айту ғана емес, пайғамбарды хақ деп болып һәм ол пайғамбарымыз алейһи-c-саламның Алла тағала жанбунан (жанынан) алып келген қанша парыз бұйрықтары болса, мәселен, намаз, руза рәуішті, осылардың бәрін де тілмен рас деп айтып һәм шын көңілмен растығына сенбек. Мәселен, біреу Құдай тағаланың жанбунан алып келген намаз, руза рәуішті бұйрықтарды растамаса немесе растығына көңілі бос болып шек қылса да кәпір болар»[10], - дейді. Яғни, адам Аллаға иман еткен соң парыз амалдарды да қабыл етуі керек. Парыз құлшылықтардың парыздығына күмәнмен қарау адамның сеніміне селкеу түсірмек. Парыз құлшылықтарды толық мойындап, алайда орындауға келгенде енжарлық таныту адамды иманынан ажыратпағанымен, пасық мұсылмандық дәрежеге түсіреді.

Бұл мәселеге қатысты Абай Құнанбайұлы шығармаларында айқын көрініс мынандай. Хакім өзінің «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаққа жол емес», - деп, діни-имани құндылықтардың басы болған иман мәселесіне тоқталады. Өлең жолдарындағы «Аллаға ауыз қол емес» деуі иманның ауызбен айта салудың жеткілікті болмайтынын жеткізсе, «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа жол емес» деп иманның көңілде иланып, жүректе бекітілуін меңзегенін аңғару қиынға соқпайды. Бұл бір шумақ өлең жолында иман мәселесінің тілмен айтылып, жүрекпен бекітілетінін «Өзгесі Хаққа жол емес» екендігін жеткізеді. Яғни, көңіл иланып, жүрек қабыл алмаса тілде айтылған иман «Хаққа жол» бола алмайды.

Ал, ақын «Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас» атты өлеңінде:

«Мүмін болсаң әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол.

Шын илан да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол»[11], - деп иман әуелі шын илануменен дұрыс болады деген көзқараста болғанын дәлелдей түседі. Осылайша, Ұлы ойшыл мұсылман адам намаз және т.б. парыз құлшылықтарды шынайылықпен, таза иман негізінде өтеуге көбірек назар аударады. Иман – адам көңілінде жасырылған бір руханият негізі болса, ол парыз амалдарды толық орындаумен көріктене түспек. Ал таза сенім болмай, екі жүзділікпен жасалған ғибадаттың бір пайдасы жоғын айтады.    

Бұл пікірлердің түп төркіні Матуриди сенімінде жатқанын, оның сүбелі еңбектерінен анық аңғарамыз. Матуриди сенім мектебінің негізін қалаған имам, өз еңбегінде «Иман кәлима шәһәданы тілмен айту ғана» деп есептейтін қамария ағымының көзқарасы дұрыс еместігіне, Құран Кәрімдегі: «(Әй, Пайғамбар!) Ауыздарымен «Сендік» деп, жүректері сенбегендер» («Мәида» сүресі, 41-аят) және «Аллаға, ақырет күніне сендік», - дейді. Бірақ, олар сенбейді» («Бақара» сүресі, 8-аят) деген аяттарын дәлел ретінде келтіріп, «Аталмыш аяттарда құр тілмен «Аллаға, ақырет күніне сендік» деу екі жүзділік екендігін, олар қашан көңілдерінде шынайы сенімді орнатпайынша иман еткен болмайды делініп тұр. Міне, бұл иман – жүрекпен растап, бекітуді білдіретінін, тек тілұшында айту жарамсыздығын ұқтырады» деген[12].

А.Үлімжіұлы еңбектерінде кәміл мұсылмандық көрінісі былай түсіндіріледі:

«Жаның таза болғаның,

Шариғатқа тоғаның.

Иман деген сол болар,

Бір Құдайға нанғаның.

Мақтаулы пенде сол болар...

Құлшылық қып Аллаға,

Иманды сауап алғаның.

Қапы қалып жөнелсең,

Таусылмайды арманың»[13].

Ақын бұл жерде Алланың заңдарын жетік білген білімді адамның құлшылығы дұрыс, сауабы мол кәміл мұсылманға жатқызады, мақтауға лайықты жан деп бағалайды. Ал, рухани іліммен тазармаған, надандықтың кебін киген пенде мұратына жете алмайды, арманы таусылмайды деп сипаттайды.   

Әһли сүннә уәл-жамаға сенімдік тарихында имам Матуриди имам Ағзам Әбу Ханифаның (р.а.) ақидалық жолын дамытушы, жүйелеуші ғалым ретінде бағаланады. Сонымен бірге, зерттеушілер «имам Матуриди тәлім алған ұстаздарының силсиләсі (тізбегі) де ұлық ғалым Әбу Ханифаға барып тірелетінін»[14] жазады.

Ал, қазақ халқынан шыққан аталмыш ұлы тұлғалардың «Иман – тілмен айту, жүрекпен растау» деп, имам Матуриди сынды ғалымдардың жолында болғандарын ашық баян етулері, иман мен амалдың бір-бірінен бөлек екендігін түсіндіру сол кезеңдегі қоғам үшін де қажеттілік болғанын көрсетеді. Міне, осы тұрғыдан олар еңбектерінде «иман» сөзінің анықтамасын беріп, халық арасында дұрыс түсінік қалыптастыруды мақсат еткен.

Абай Құнанбайұлы өзінің әйгілі «Отыз сегізінші қара сөзінде» иман мәселесіне кеңінен тоқталып, «Иман дегеніміз бір ғана инанмақ емес» екендігін айта келіп, «Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпенен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады»[15], - дейді. Автордың «...инанмақтығыңнан пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады» деуінен, кәлима шәһәданы тілімен айтып, көңілімен растаған мұсылман құлшылықтарына, парыз амалдарына берік болатын болса, нұр үстіне нұр болады деген көзқарасты ұсынады. Алайда, автор бұл көзқарасы арқылы иман келтіріп, амал жасамаған адамды имансыз дәрежесіне төмендетпейді. Амалсыздық «...құр ғана инанмақтықпенен қалса», ол «саған пайда бермейді» деген сөзімен құлшылыққа шабыттандырып, кәміл мұсылмандыққа баулиды. Оған жоғарыдағы,

«Шын илан да, таза ойла бір иманды,

  Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол» деген өлең жолдары айғақ. Себебі, көңілде сенімі бекімеген мұнафиқтың амалы құтты түбі тесік шелекке құйылған су сияқты пайдасыз екені әммаға түсінікті жәйіт.  

Абайдың амал-құлшылықты адамның рухани кәмілдікке жетуінің жолы ретінде қарастыратынына мына өлең жолдары да дәлел:

«Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,

   Иманын толық деуге  аузым бармас»[16]. Яғни, «махшарға амалсыз» адамды түбегейлі имансыз, кәпір қатарына жатқызбайды. Бәлки, «Иманы толық деуге аузым бармайды» деп дүниеге ынтық, махшарға амалсыздықты адамның рухани аштығымен өлшейді. 

Бұл туралы имам Әбу Ханифа және имам Матуриди көзқарастарын қарастырып көрейік. Имам Әбу Ханифа өзінің «әл-Фиқһул әкбар» еңбегінде, «Мұсылман халалды харам, харамды халал демейінше, бір күнәсі үшін, тіпті, үлкен күнә жасаса да діннен шығармаймыз, имансыз демейміз. Мүмін деп атаймыз. Ол дінсіз емес, пасық (күнәкар) мүмін болуы әбден мүмкін»[17], - дейді. Яғни, имам Әбу Ханифа парыз құлшылықтарды орындамаған немесе тыйым салынған амалдардан тыйылмаған «Дүниеге ынтық, махшарға амалсыз» адамдар тек күнәкар болатынын, имансыз емес екенін айтады.

Иман мен амалдың ара қатынасы туралы тоқталған имам Матуриди Құран Кәрімдегі «Шынайы мүміндер – Алланың аты аталғанда жүректері дүпіл қағады» делінген «Әнфал» сүресінің 2-аятына түсініктеме жасай отырып, «Мүміннің бойында аятта айтылған сипаттың болуын бәріміз айтамыз. Алайда бір мұсылман парыз амалды білімінің таяздығы, нәпсісінің жетегінде кетіп қалуы немесе жалқаулық танытуы себепті орындамаса иманы бойынан ажырады, имансыз болды демейміз. Алла Тағала: «Әйтсе де, Алла қабыл алуды уәде еткен тәубе – жамандықты (ол істің күнә екенін білген бойда) дереу тәубе етіп, Аллаға бет бұрғандардың тәубесі басқа. Міне, солардың тәубесін Алла міндетті түрде қабыл алады. Алла (құлдарының ниетін, қай істі не үшін істегенін жақсы білетін) шексіз ілім иесі» («Ниса» сүресі, 17-аяты) аятымен сөзін қуаттайды. Сондай-ақ, мүміндер тақуалық ұстанымы мен жасаған ізгі амалдарына қарай дәрежесі әр түрлі болады. Кейбір күнәкар құлын Алла Тағала кешіріп, Рахым Пайғамбарының (с.ғ.с.) шапағатын нәсіп етеді. Сыртқы көрініс негізінде үкім беру дұрыс емес. Үкім беру бір Алла Тағаланың іліміне тән...»[18], - дейді.

«Иман» ұғымындағы таным мен түсінік аясында өзге мәселелердің үкімдері шығарылады. Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы және А.Үлімжіұлының иман мен амалдың ара қатынасы жайындағы көзқарасы, сенімдегі ұстанымы имам Әбу Ханифа және имам Матуриди ақидасы болғанын байқадық. Яғни, олар өздерінің еңбектерінде амалды имам Матуриди сияқты иманның шарты ретінде ашық көрсетпегенімен, иманның шарты екендігін «кәміл, толық және мақтаулы» сынды сөздерімен жеткізеді. Адамзатты кәміл, толық адам болу үшін амал жасауға шақырады, құлшылығын орындамаған адамды руханияты әлсіз жанның қатарына жатқызады. Бірақ, күпірлікпен айыптап, оларды дінен шығармайды.

Самет ОҚАНҰЛЫ

 Исламтанушы        


[1] Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид. «Дәру садыр» баспасы, - Байрут: 2007, – 538 бет. 44 б.

[2] Ыбырай Алтынсарин, Өмірі мен шығармалары/құраст. Ардақ Мұқашева. – Алматы: «Рауан» баспасы, 2013. – 384 бет. 189 б.

[3] Абай. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ: (Өлеңадер. Аудармалар. Қара сөздер.)/Құраст. Бекен Шерубаев. –Алматы: «Білім», 2013. – 320 бет. 93 б.

[4] Ақыт Үлімжіұлы, Шығармалар, Шинжиаң халық баспасы, Үрімжі. – 1998. (3 томдық) 3-том, 575 бет.

[5] http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/aqyt-qajy-abai-olenderine-nelikten-qiyanat-jasady-1763/#gsc.tab=0

[6] Әли Абдулфаттах әл-Мағриби, Имамү әһлис сүнна уәл жәмаға Әбу Мансур әл-Матуриди уә әраүһул кәламия, «Мәктаба уаһба» баспасы. – Қаһира: 2009, – 455 бет. 135 б.

[7] Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид. «Дәру садыр» баспасы, - Байрут: 2007, – 538 бет. 473 б.

[8] Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Бабурти әл-Ханафи, Шарху уасияти Әби Ханифа, «Дәрул фикр» баспасы. – 2009. 155 бет. 71 б.

[9] Мустафа Өз, Анахатларила Ислам мезһеблері тарихи, Анқара. – 2000. 360 бет. 74 б.

[10] Ыбырай Алтынсарин, Өмірі мен шығармалары/құраст. Ардақ Мұқашева. – Алматы: «Рауан» баспасы, 2013. – 384 бет. 189-190 бб.

[11] Абай. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ: (Өлеңадер. Аудармалар. Қара сөздер.)/Құраст. Бекен Шерубаев. –Алматы: «Білім», 2013. – 320 бет. 94 б.

[12] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди. «Дәрул мизан» баспасы. – Стамбул: – 2005. І-том, 588 бет. 35 б.

[13] Ақыт Үлімжіұлы, Шығармалар, Шинжиаң халық баспасы, Үрімжі. – 1998. (3 томдық) 3-том, 575 бет. 157 б.

[14] Қалмақан Ержан. Матуриди ақидасы (Пайғамбарларға иман). – Алматы: «Көкжиек-Б» баспасы, 2011. – 176 бет. 30 б.

[15] Абай. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ: (Өлеңадер. Аудармалар. Қара сөздер.)/Құраст. Бекен Шерубаев. –Алматы: «Білім», 2013. – 320 бет. 267 б.

[16]Қазақ ақыны Ибарһим Құнанбай ұғлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. – 2-бас. 328 бет. 90 б.

[17] Ақида сабақтары. Құраст.: Р. Батталұлы. – Алматы: «Ыхылас» баспасы, 2014. – 192 бет. 161 б.

[18] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди. «Дәрул мизан» баспасы. – Стамбул: – 2006. VІ-том, 545 бет. 170 б.

 

Пікірлер Кіру