Мұсылман болу әсте-әсте немесе мұсылман болған психиатрлар мен психологтердің пікірі

02 шілде 2018 12730 0
Оқу режимі

Адамдар Исламға қалай келеді? Кейбіреулер өмірдің мәнін іздеп не ақыл таразысына салып, хақ дінді тапса, енді біреулері мұсылмандардың көркем мінезіне сүйсініп тура жолға түседі. Жан тыныштығын іздегендер де түбі Исламмен табысып жатады.

Өткен аптада «Битва Экстрасенсов» бағдарламасының сарапшысы, психиатр-криминалист Михаил Виноградов Ресейдің арнайы қызмет өкілдеріне мұсылман дінін қабылдаған орыс әйелдерін қатаң қадағалап отыру керектігі жөнінде кеңес берген еді.

Ол: «Әйел адам Исламды қабылдаса, ол автоматты түрде «қатерлі аймаққа» өтеді, сол себепті, оларды арнайы қызмет орындары қатаң бақылауға алуы керек», – деп есептейді. Сондай-ақ, Михаил Виноградов: «Мұсылмандар біздің орыс қыздарын өте қатты жақсы көреді. Өйткені, өздерінің мұсылман әйелдерінен гөрі орыс қыздарынан тіл алғыш, күйеуіне мойынсұнғыш әйел шығады. Әсіресе, содырлар орыс қыздарын ерекше ұнатады. Себебі, орыс қыздары бөтен әлеуметтік ортаға түсіп, қорғансыздың күйін кешеді. Сол халықтың әлеуметтік-этникалық нормаларын білмейді. Сондықтан да, олардың қорқытып, үркітіп, тез зомбиға айналдырады», – дейді.+

Виноградов мұны қандай ойға сүйеніп, қандай ниетпен айтқанын білмейміз. Бір анығы, оның бұл мәлімдемесі Исламды жақсы жағынан көрсетпейді.

Батыс психологтері Ислам жағында

Виноградовтың батыстағы әріптестері ислам жайында мүлдем басқа ойда. Олар Виноградов ойлағандай исламды әлеуметтік қауіпті дін деп мүлдем есептемейді. Олардың арасында Ислам дінін қабылдаған психологтер де кездеседі.

Мәселен, америкалық психолог Әлия Хайри 70-ші жылдары еңбек жолының ең шырқау шыңына жеткенде мұсылмандықты қабылдайды. Бұл кезеңдерде Батыс елдерінде ислам дініне өту бүгінгідей қарқынды үрдіске айналмаған еді. Хайридің айтуынша, жоғын Исламнан тауып, бақытқа кенеліп, жолы болған.

«Ислам діні бізді дүниенің жалған екенін ұғындырды. Біз баянсыз қызықтан бас тартып, нәпсі қалауының жетегінде кетуден сақтануымыз керек. Себебі, бұлардың ешқайсы бізді ұшпаққа жеткізбейді. Мәселен, біз біреуге ес-түссіз ғашық болып, оған жан-дүниемізбен берілеміз. Күндердің күнінде оның кемшілігін байқап қалсақ, одан дереу көңіліміз қалады. Мал-мүлік те сондай, бізді бақытты ете алмайды. Соңында сағым қуған адам секілді сан соғып қалады. Ол да ештеңе емес-ау, ең қорқыныштысы – осылай жүріп, өмірінің қалай өтіп кеткенін байқамай қаласың. Ал Ислам жарасымды өмір мен жан тыныштығын сыйлап қана қоймай, алдағы күнге жетелеп, ақыретте өмір барын ұқтырады. Біз соған талпынуымыз керек», – дейді психолог.

Қазіргі уақытта Әлия Хайри клиникалық психология бойынша докторантурасын тәмамдауда. Болашақ Өзін өзі тану Академиясының директоры күйзелістен шығуға көмектесетін, отбасында жарасымды ғұмыр кешуге септігін тигізетін және адамның жеке басына, оның жетілуіне қатысты жаттығулар мен дәрістер өткізіп тұрады.

«Бұрынғыдай емес, қазір адамдармен жұмыс істеу өте қиын. Қу дүние адамдарды құрдымға жіберіп жатады. Адамдар өмірден көп қарпып қалғысы келеді. Бұлардың бәрінен жалыққан адам түбі рухани азық іздей бастайды. Санасы мен жүрегіндегі дерттен тазарту үшін мен Исламның руханилығын түсіндіруге тырысамын», – дейді Әлия. Адамдарға ақиқатты жеткізуде оның өзіндік әдіс-тәсілі бар. Дәстүрлі емес медицинамен шұғылданатын психологтардың, дәрігерлер мен мамандардың барлығы Әлияның әдістемесіне қызығады.

Ислам дінін қабылдаған тағы бір аты мәшһүр психологтардың бірі – медицина ғылымдарының докторы Джеральд Диркс. Ол мұсылман болмай тұрған кезінде психологияны протестанттық қызметімен ұштастырған болатын. Ал Хақ дінге қалай келгенін былай түсіндіреді: «Гарвардтың Теологиялық мектебін үздік аяқтаған соң шіркеу қызметкері болдым. Алайда, дінді уағыздағым келмеді. Өйткені, өзім ұстанып жүрген дінім толықтай көңілімнен шығып, қанағаттандырған емес. Сол себепті, клиникалық психология саласында білім алып, медицина ғылымдарының докторы болып, психиатрия саласында жұмысқа кірістім. Шіркеудегі қызметім де бірте-бірте ұмыт бола бастады. Бір құдыретті күштің барына ешуақытта күмән келтірген емеспін, христиан дінін ұстанып, айтулы күндерін атаусыз қалдырмадым. Алайда, насихаттауға келгенде, аяғына жем түскен аттай тартыншақтай бердім. Көне Інжілді оқысам да Исаның құдыреті мен үштікке сенгенім жоқ, баяғы христиандардың үштікті уағыздамағанын әрі Исаны Құдайдың баласы деп қабылдамағанын білетінмін. Адамдар тарапынан діннің бұрмаланғанынан да хабардар едім. Оған қоса, психолог әрі шіркеу қызметкері ретінде мені америкалықтардың діннен алыстап бара жатқаны еріксіз ойға жетелейтін. Отбасын құрғандардың үштен екісі ажырасып, зорлық-зомбылық әдепкі көрініске айналды. Адамдар бетімен кетті. Батыс әлемі рухани тоқырауға ұшырағанын, одан енді қайтып шыға алмайтынын түсіндім. Осындай ойдың шетегінде жүргенде мұсылман досым Джемалмен таныстым. Ол мені Исламға бірден шақырған жоқ, алайда, оның өз-өзін ұстауы, жүріс-тұрысы мен айналасы мен әйеліне деген қарым-қатынасы маған қатты әсер етті. Джемал арқылы басқа мұсылман отбасылармен де таныстым. Олардың өнегелі өміріне қарап, Исламды зерделеп-зерттеуге бел будым. Ешқандай үштікке емес, бір құдайға сенетіндіктен Исламның хақ дін екеніне көз жеткіздім. Содан тілімді кәлимаға келтіріп, намаз оқып, ораза ұстай бастадым. Бірақ сонда да, өзімді христиан санап жүрдім. Себебі, болмысымды толықтай өзгерту маған оңай соққан жоқ. Өйткені, бұл тікелей психикаға қатысты нәрсе. Мәселен, ішімдікке салынған адамды емдеу үшін алдымен оның санасындағы «маскүнеммін» ойды өшіру керек. Онсыз емің мен еңбегің далаға кетеді. Менің де болмысымды өзгертуге бір жағдай себеп болды. Амман қаласының шөл даласында қыдырып келе жатқанымда бір қарт адамды жолықтырдым. Ол: «Ас саламу алейкум» деп амандасты. Араб тілін білмегендіктен, не істерімді білмей тұрып қалдым. Арабша тек «Наам» – «Иә» деген және «Лә» – «Жоқ» деген екі-ақ ауыз сөз білетінмін. Ақсақал менен: «Мұсылмансың ба?» – деп сұрады, мен «Наам» деп жауап бердім. Бұл сәт менің өмірімді күрт өзгертті десе болады».

Арнайы білімі жоқ қарапайым адам да, білікті маман да Исламды осы себепті қабылдайды

2009 жылы «Америка психологтер қауымдастығы» Исламды жаңадан қабылдаған 304 адамға сауалнама жүргізгенде әйелдердің осындай қадамға баруына түрткі болған 9 себепті атап көрсеткен болатын. Әйелдер алдымен Исламның моралдық құндылықтарына ден қойған екен. Бір айта кетерлігі, оларды Исламды қабылда деп ешкім мәжбүрлемеген. Көбісі өмірдің мәні мен мағынасын Исламнан тапқанын айтқан.

Психологтердің айтуынша, адамдардың өзге дінге өтуіне көбінесе сыртқы факторлардың әсері мол болады. Қандай да бір жағдай адамға қатты әсер етеді. Кейбіреуіне сөйлеушінің шешендігі, енді біріне азанның даусы немесе Құранның әуезді үні, тағы біреуіне жаны жайсаң адамдар себеп болады. Мұның бәрі адамдарға жағымды әсер қалдырады. Адамдар жаңа жүйенің қыры мен сырына қанық болмаса да әлгіндей себептермен өмір сүру салтын өзгертіп жатады, деп есептейді психологтер.

«Свобода веры» журналында да жазылғандай, адамдар жаңа жүйені оның ақиқатына үңіліп жатпай басынан өткерген жанға жайлы сезімге еріп, қабылдайтын көрінеді.

«Адамның өзге дінге өтуіне, сондай-ақ, бұрынғы сеніміне көңілі толмауы да себеп болмақ. Өзі дұрыс деп тапқан дінді таңдайтыны түсінікті. Қандай да бір дінді қабылдамас бұрын, оны зерттеп-зерделеу керек алдымен. Адамдардың көбісі өзінің дүниетанымына сәйкес келгенін қабылдап жатады.

Үшінші себепке адамдардың «өмірден өз орнын табуы» жатады. Адам өмірден өз орнын тапқанша, яғни, көңілінен шығатынын, қолайына жағатынын «жолықтырғанша» ізденумен болады. Әсіресе, жастар осындай себеппен түрлі мәдениеттің «дәмін татып» көреді.

Христиандардың көбісі үштікке сыйыну немесе Исаны Құдайдың баласы деп тану секілді ұғымдардың қисынсыздығын түсініп Ислам дінін қабылдаған.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе мынадай тұжырым жасауға болады: адамдар Исламға жан тыныштығын, өмірдің мәнін іздеп келеді.

Мұсылман – тек ішіп-жеу үшін немесе артында ұрпақ қалдыру үшін ғана өмір сүрмейді, ол алдына биік мақсат қойып, соған ұмтылатын адам. Бүгінгі іріп-шіріген қоғам құндылықтарынан бас тартып, өзін де, өзгелерді де мәңгі ескірмейтін рухани байлыққа бастайтын адам.

Пікірлер Кіру