МҰСЫЛМАННЫҢ ӨМІРЛІК ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ БІР ПАРАСЫ

16 сәуір 2024 1536 0
Оқу режимі

*. Ғалым кісілерден тікелей сабақ алу немесе олардың кітаптарын оқу арқылы өз қажетіңіз бен шама-шарқыңызға қарай білім алыңыз.

*. Бойыңызды күнәдан аулақ ұстаңыз.

*. Егер қандай да бір күнә жасаған болсаңыз, лажы барынша тезірек тәубе етіңіз.

*. Ешкімнің жеке басының құқына бас сұқпаңыз. Өзгеге сөзіңізбен де, ісіңізбен де зияныңызды тигізбей, ешкімді де балағаттап, артынан ғайбат сөз айтпаңыз.

*. Байлық пен атақ,  даңқ,  мансапқа әуес болмаңыз. Әсілінде, өзгенің ерекше көңілі ауатын тамақ не киімді сатып алудан тыйылыңыз.

*. Егер кімде-кім сіздің қателігіңізді бетіңізге басып, сын айтар болса, ақталуға асықпаңыз. Керісінше, қателескендігіңізді мойындап, тәубеге келіңіз.

*. Аса қажеттілік тумаған жағдайда, бекерге қыдырып, саяхат қумаңыз. Жолда жүрген адамның әрекеттері ойланбастан, асығыс жасалатынын ескерсек, бұл оның жақсы амалдар жасауды ұмытып, Алланы тиісінше еске алмай, зікірінің тілден түсуіне немесе кей амалдарды уақытылы орындамауына себеп болады.

*. Көп күлмеңіз және көпсөзділікті де кемітіңіз. Әсіресе, өзіңізге махрам болып саналмайтын жат адамдармен тым жақын тартып сөйлесуден тартынып, әдептен тыс әңгімелердің айтылмауына көңіл бөліңіз.

*. Өзгелердің ұрыс-керісі жайында ешкімге тіс жарып, айтпаңыз.

*. Қандай амал-әрекетке барсаңыз да, шариғат үкімінен әрі аспау керектігін есте ұстаңыз.

*. Құлшылықта жалқаулыққа жол бермеңіз.

*. Уақытыңыздың көп бөлігін оңашада өткізіңіз.

*. Өзге адамдармен кездесіп, тілдескенде қарапайымдылығыңыздан таймаңыз.

*. Діні жоқ немесе діні дұрыс емес адамдармен араласпаңыз.

*. Өзге адамның бойынан қате-кемшілік іздеуден аулақ болыңыз. Олар жайлы жаман ойға берілмей, керісінше өз қатеңізге көбірек көңіл бөліп, түзетуге тырысыңыз.

*. Бес уақыт намазыңызға қатты көңіл бөліп, әрбірінің өз уақытында және ықыласпен оқылуына мән беріңіз.

*. Әрқашан Алланы ұлықтап, зікір айтып жүріңіз: жүрегіңізбен де, тіліңізбен де. Бұл ісіңізде селқостық пен бейжайлық танытпаңыз

*. Егер Аллаға мақтау айтқан кезде көңіліңіз жай тауып, жүзіңізге үлкі, қуаныш үйірілсе, осы үшін Аллаға алғысыңызды білдіріңіз.

*. Байыппен, баяу және ақырын сөйлей біліңіз.

*. Әр ісіңізге нақты уақыт бөліп, күніңізді сол құрған кестеңізге сай өткізуге күш салыңыз.

*. Бастан кешкен әр қиындығыңыз бен көңілге қаяу түсірген қайғы не өкпе-реніш болсын, бәрі де Алладан екенін ойлаңыз. Қайғырмаңыз, есесіне сабырлық танытқан әр сынағыңыз үшін үлкен сый берілетінін біліңіз.

*. Бар ойыңызды дүниауи тірлікке арнап, шығын мен кірістің ғана қамымен жүрмей, Алланы еске алып, Алланың құдіреті жайлы ойлап жүріңіз.

*. Өзгелерге қолдан келгенше көмек беріп, дінінде де, дүниауи тірліктерінде де жәрдемші болыңыз.

*. Тамақты өте аз ішудің салдарынан  аурушаң болып, сырқаттанып қалмаңыз. Алайда, асты берекетсіз көп  ішуден де аулақ болыңыз. Себебі қарны тоқтық жалқаулыққа алып келеді де, құлшылыққа құлқыңыз болмайды.

*. Алладан өзге ешкімнен керегіңізді сұрамаңыз. Алладан басқа біреуден әлдене алып, пайда табам деп ойламаңыз.

*. Алланы тану жолында тоқтап қалмаңыз.

*. Алланың әр берген ризығы үшін рахмет айтыңыз. Оның үлкен не кіші болуы маңызды емес, бәрібір де шүкір етіңіз. Кедейшілік пен мұқтаждық еңсесіңізді түсірмесін.

*. Өз қамқорлығыңыздағы жандардың да қате-кемшіліктеріне сақ болыңыз. Сырттай бақылап, енді мұндай әрекетті жасамауын қадағалай біліңіз.

*. Егер әлдебір адамның күнәсі жайлы естісеңіз, оны жұртқа жаймаңыз. Алайда, қандай да бір адам өзге біреуге кесірін тигізбек болып, сіз бұл жайлы білген болсаңыз, әлгі адамға ертерек ескертіп, алдын алыңыз.

*. Қонаққа, жолаушы мүсәпір жанға және бейтаныс адамдарға, сонымен қатар ғұламалар мен Алланың өзге құлдарына қызмет қылыңыз.

*. Турашыл, шыншыл адамдармен араласыңыз.

*. Алладан үнемі қорқыңыз.

*. Өлімді еске алып жүріңіз.

*. Күнделікті өзіңізден есеп алуды үйреніп, жасаған барлық амал, іс-әрекеттеріңізді таразылап тұруға уақыт бөліңіз. Жасаған жақсы амалдарыңыз еске түскенде, Аллаға мадақ айтып, алғысыңызды білдіріңіз. Ал күнәлі ісіңізбен күпті болған кезіңізді ойға алғанда, Алладан истиғфар тілеңіз, кешіруін сұраңыз.

*. Ешқашан жалған сөйлемеңіз, өтірік айтпаңыз.

*. Шариғатқа қарсы қандай да бір іс-әрекет жасалатын жиындар мен ортадан жырақта жүріңіз.

*. Қарапайымдылық қасиетіңіз бен ұятқа үлкен мән беріңіз, қандай жағдай болмасын шыдамдылық пен сабырлық танытуға тырысыңыз.

*. «Менің мынадай жақсы да жағымды тұстарым, қабілеттерім бар» деген мақтау сөздерге құр бекер алданбаңыз.

*. Алладан әрқашан жолыңызды оңғаруын тілеп, шын жүрекпен дұға етіңіз.

 

Пікірлер Кіру