«МҰТЫЛҒАН» ФИЛОСОФИЯСЫ

27 наурыз 2024 1676 0
Оқу режимі

Шәкәрім өзіне-өзі "Мұтылған" (ұмытылған - Ғ.Е.) деп ат қойған. Біздіңше, бұл псевдоним. Мәселенің байыбына барсақ, ақынның өзіне осылайша ат қоюында мән бар. Оның дәлелін "Мұтылғанның өмірі" деген толғау-өлеңнен табамыз.

Жаралы жаным шықсын деп,

Қара жер мені жұтсын деп,

Өлген соң елім мұтсын деп,

Атымды қойдым: "Мұтылған".

Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмытылатынын көре білген. Өзінің бұл қоғамға қажетті жағын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын ақын дөп басып айтқан.

Социализм мен Шәкәрім ымыраға келмейтін өлшемдер. Адам ақылына арқа тіремеген өкіметті Шәкәрім қабылдай алмады. Білімді, данышпандықты жоққа шығару, ысырап ету сау ақылға сыятын әрекет емес.

Жағдай шынында Шәкәрімнің айтқанындай болды. Ақынды ұмыттыру үшін Кеңес өкіметінің жандайшаптары оны алдымен атып өлтірді. Тіптен зираты ұмыт болды. Шәкәрімнің атын атауға ресми тұрғыда тыйым салынды. Ақынның еңбектері архивтерде, жеке адамдар қорында тығулы жатты, ұрпақтар әдебиет сабағында Шәкәрімді ауыздарына алып көрген жоқ. Өйткені оқулықта тым құрыса бір жол Шәкәрім туралы хабар болмады. Әрине, осындай жағдайда, оның мұтылған екені шындыққа айналды.

Дүниеде ұмытылатын кім, ол әке-шешесі, туғаны, жанашыры жоқ жетім. Ел елдігінен, бас еркінен айырылып, ұлт өзін-өзі танудан қалғанда, ақын мұтылады, сөйтіп, әдеттегідей ұмытылған ақын ғана емес, жетім қалған халықтың өзі де мұтылмақ. Халық өзін-өзі тануға қолы жеткенде мұтылғанын жаңғыртып, жетімдік құрсауынан шығады. Ол да руханият тарихындағы заңдылық. Шәкәрімнің есімі қазақ халқы тәуелсіздікке беттеген кезде жаңғыруы соның айғағы.

Туған жұртың, елің өзіңді қажет етпеген соң қалайша жетімдікті сезінбейсің. Дәл осындай халді Абай да басынан кешірген. Сірә, даналық дегеніміз рухтың азапқа түсу жолы болса керек. Рух күйзеліске түспей, сана сергімей, дүние болмысын қалай сезіп, түсінбексің?!

"Жетім бала иесіз, өзі кесер кіндігін" демекші, Шәкәрім өзін жұртта қалған жал­ғыздай сезінеді. Оның сүйенері жоқ, жақтасы жоқ. Айнала дүрбелең, бітпей кеткен бір қарбалас болмыс. Қазақ даласына біресе ақтар, біресе қызылдар өктемдік жүргізеді. Екеуінен де елге тыныштық жоқ. "Шын әділет жемісін көре алмайды біздің көз" - дейді ақын. Бірақ оны ұғып жатқан жан шамалы. Бұл аласапыран кезде білгіштердің толып кетуі де заңды. Бәрі халыққа ақыл айтып, өмір сүруге үйретіп, әуре болуда. Олардың айтып жүргендерін Шәкәрімнің ұшқыр санасы қабылдамайды. Теориясымақтардың теріс, улы, зиянды екеніне зердесімен жеткен ақын: "Әулие білгіш айтты деп, жазылған талай қате көп" дейді. Мұндай сын айтуға Шәкәрімнің құқы бар, себебі, ол жастайынан жақсылық пен жамандықты, зұлымдық пен әділеттілікті ажыратпаған заманда өмір сүрді. Соның бәрін осы "Мұтылғанның өмірі" толғауында толық баяндаған.

Шәкәрімнің елден тыс мекенге кетуі - оның солақай саясаттан қашуы. Мұндай күйді арлылардың көбі кешкен. Саясаттан аулақ болуға тырысқан бабамыз Анахарсис те, кешегі өткен данышпан Ұлықбек те мерт болған. Өкіметтің құрығы ұзын, қаншама саясаттан бойын аулаққа салғанмен, оның құрбаны болудан өзге тағдыр Шәкәрімге бұйырмады.

Ойлап отырсақ, сол заманда Шәкәрім сияқтылардың тіптен дін аман қалуына еш жағдай жоқ еді. Есі шыққан елге естияр болатындар жұмған ауыздарын ашпай қалуы мүмкін болмайтын. Айттың болды, пәлеге қалдың. Көзі ашық, көкірегі ояу Шәкәрім далбаса саясаттың ырқымен сөз сөйлеуші ме еді? Ол айтса турасын, дұрысын айтады. Дұрыстық, адамдық деген ұғымдар өңі айналған заманда сенің сөзің кімге дәрі, керісінше, ол қызыл белсенділеріне қадалған шаншу. Өздерінен асқан дана жоқ деп есептейтін мылтық, қылыш асынғандар мұндай ақиқат іздеген ғұламаның көзін жоймай елге өктемдік жасай алмайтынын әбден түсінген. Мұны Шәкәрім де біледі. Оның елден кетіп жырақ өмір сүруі әншейін дәтке қуат, амалсыздың күні.

Ақын өз өміріндегі сапалық белес - қырық жасқа ерекше тоқталған. Қырық жас өз ғұмырындағы ерекше белес екенін Шәкәрім өлең-толғауда үш рет қайталап айтқан. "Қырықтан соңғы сөзімді, сынап таны өзімді", "Жас қырыққа кірген соң, бір ой түсті жаңадан", "Қырықтан аса бергенде, ақылым қылды шерменде". Қырық жас - ақынның жаңа сапасы. Көп мәселеге тың көзқарас туған. Реті келгенде айта кетелік, қырық жасында Мұхаммедке пайғамбарлық келген. Грек жұртында қырыққа толған адамды акмэге келді дейтін ұғым бар. Қазақша айтқанда қырықтағы адам нағыз ақыл-санасы толып жетілген жан. Өркениетті көптеген елдерде ел басшысына жасы қырықтан асқан адамдарды сайлайтын дәстүр қалыптасқан. Осы дәстүрде мән бар. Шәкәрім:

Қырықтан соңғы қырымды,

Сынамақ болсаң түрімді,

Көрейін десең нұрымды,

Жидағы оқы жырымды, -

деуі тегін емес. Қырық жастан асқан ақын дүние болмысына өзгеше қарай бастаған. Көрген-түйгені, оқығаны-естігені, бәрі-бәрі әлемді түсіндіруге дәлел болмай, керісінше философиялық сұрақтарға негіз болды.

Қырықтан аса бергенде,

Ақылым қылды шерменде:

"Дінім қалай, жаным не,

Жоғалам ба өлгенде?

Әлемді кім жаратқан,

Осынша түрлеп, таратқан?

Көрінген сансыз планет,

Бірінен-бірін бөлген бе?

Ақырет деген немене,

Шыққан жан қайта келе ме,

Кіре ме осы денеге,

Дәлелі қайсы сенгенде?.."

Осы оймен Мекке барғамын,

Әр түрлі кітап алғанмын.

Бұл өмірдің мәні туралы экзистенциалистік ой-толғаныстар. Шәкәрім өмір философиясы хақында тек өлең жазумен шектелмей, санасындағы сансыз сұрақтарға жауап іздеп, Меккеге барып қайтқан. Ол бұл сапарын тек қажылыққа ғана бағыштамаған, өзіне-өзі қойған сұрақтарына жауап іздеген. Сұрақтарына толық жауап таппай қапа болады. Сөйтіп Шәкәрім ой қайғысына, ой дертіне ұшырайды. Елден безіп, оңаша жер іздейді. "Қауымнан қаштым қағылып, оңаша өмір сағынып" - дей келе "ойға оңаша жер керек, ойыңды ұғар ел керек" - деп тағы қапаланады.

Елден безіп кеткен менде ешкімнің жұмысы болмас деген Шәкәрімнің дәмесінен де ештеңе шықпады. Қайта оның тау ішінде жападан-жалғыз тұруы Кеңес өкіметінің жергілікті шолақ белсенділеріне күдікті үдете түсті. Ақыры осы қылығы үшін ақын "бандит" атанып, НКВД бастығы Қарасартовтың қолынан отсыз-сотсыз қаза тапты.

Шәкәрім "Ноқтасыз оймен тексердім" - дейді. Мұнда бізді қызықтырып отырған "Ноқталы ой" деген түсінік. Ақын "ноқтасыз ой" деген соң, бізге "ноқталы ой" деген не деген түсінік келеді.

Ноқталы ой - ол большевиктердің ойлау тәсілі. Ол қалыпты, шектеулі ойлау. Онда Маркс, Ленин айтқандарынан асып түспеу керек. Бір ізбен, бір соқпақпен жүру бірыңғай, яғни ноқталы ойды қалыптастырады. Ноқтасыз ой біздің кейінгі кезде жамырасып, шуылдасқан "жариялылық", "плюрализм" деген мазмұндағы сөз.

Бүгінгі тілмен айтсақ, Шәкәрім өз заманының плюралист ойшылы, ол өкіметпен, партия саясатымен келісімге келіп отырған жоқ. Ол, керісінше, "ноқталы ойға" қарсы. Сондықтан өз заманынан бұрын кемеңгердің біршама уақытқа ұмтылатыны да заңды. Оны ұғатын ұрпақ өсіп жетпейінше, ол ұмыт боп қала береді.

Шәкәрімнің иман туралы ой-толғамы да назар аударарлық. Ақын "сау ақыл менің иманым, аламын соған сыйғанын" - деп ашық айтқан. Демек, оның сенері - имандылық. Оған жетудің жолы ақыл. Иманға нандыратын - ақыл. Әрине, имандылыққа тек ақыл арқылы жету деген мәселе талас тудырары сөзсіз. Бірақ мәселе онда емес, сөз ақынның иман туралы өзіндік концепциясында.

Шәкәрім иманды жалпы халыққа ортақ мәнінде емес, әрбір адамның жеке басына қатысты іс ретінде түсінген. Бұл орайда біз Шәкәрім дүниетанымының ерекше қыры туралы сөз етеміз. Ол иманды жеке адамның қабылдауына қатысты мәселе деп түсінген. Яғни иман, яки имандылық деген дүниетаным деген сөз. Адамның өз иманын тануы - онын дүниетанымының қалыптасуы деген сөз. Көп адамда дүние­таным емес, дүниеге көзқарасы ғана болады.

"Сау ақыл менің иманым" - дейтін Шәкәрімнің ақыл мен болмысты тануға мүмкіндік алдым дегені деп түсінуге болады. Иман - болмысты танудың мүмкіндігі. Шәкәрім сау ақыл арқылы сол рухымен тану мүмкіндігіне, яғни иманға жетіп отыр. Шәкәрім айтуында иман - гносеологиялық, яғни танымдық категория.

Мұтылған деген сөздердің астарында ұмытылмайтын мән жатыр. Ұмытылатыны немесе ұмытылмайтыны қайсы. Әркім өзі ойлануы керек. Өз-өзінен жапырақтың сарғайып, жерге кеуіп түскеніндей, құмды жерге нөсердің із-түссіз сіңіп кеткеніндей болмыста ұмыт болып жататын жайлар аз ба?! Оған кім пәлендей мән берген? Немесе Адам атадан тараған сансыз ұрпақтың қайсыбірінің есімі жұрт есінде қалды? Оның ұмыт болғандары да орынды. Есте қалатын адам есімі емес, оның ұзақ кешкен ғұмыры емес, Абай айтқандай, артына өлмейтұғын сөз қалдыруы. Бірақ сол сөз қалдырғандар да ұмыт болады екен. Осындай жайлар, негізінде, ұмыт болу деген тарихтан, халық санасынан мүлдем жойылу емес. Ел өзінің есін жиған кезінде ұрпағы есіне алатынына сенім білдіру. Сол үшін Шәкәрім өз ғұмырын тиянақты түрде өлең етіп жазып қалдырған. Бұл ес жинағанда елі ұмыт болғандарды есіне түсірсін деген ниет.

 

 Ғарифолла ЕСІМ

 

 

Пікірлер Кіру