Нағыз ақыл иелеріне айтылған Құран аяты

09 қазан 2020 7976 0
Оқу режимі

Құран кәрімде ақылы толысып, түсінігі терең адамдарды (Абайша айтқанда) терең ойлауға шақыратын аяттар көп. Солардың бірі «Зүмәр» сүресінің тоғызыншы аяты. Ол аятта: «Білетіндер мен білмейтіндердің терезесі тең бе деп айт. Әйтсе де, (осынау ақиқаттарға) тек нағыз ақыл иелері ғана ой жүгіртіп ғибрат алады», – делінген.

Шынында, адамзат тарихындағы ақылы һәм түсінігі кемел ұлы тұлғалардың баршасы дерлік ой жүгіртіп, тарихтан тағылым, ғибрат ала келе Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) түсірілген Құран кітабының хақ екеніне көз жеткізген. Кейбірі қара сөзбен баса айтып кеткен болса, кейбірі өлеңмен «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған. Адамзатты Өз махаббатымен жаратқан Алла Тағала қалай өмір сүруі керек екенін үйретіп, бақытқа жетелер жүйені пайғамбарлар арқылы жеткізген деген сенімде еді.

Күмәнсіз білуіміз керек, кімде-кім осы жүйені әуелі біліп, сонан соң берік ұстаса – өмірдегі барша жақсылыққа қол жеткізгені. Егер бұл жүйеден хабарсыз болып, мақұрым қалса – барша жақсылықтан мақұрым қалғандығы. Сондықтан білетіндер мен білмейтіндер тең емес екені анық.

Сонымен қатар, «Рағыд» сүресінің он тоғызыншы аятында: «(Уа Мұхаммед!) Саған Раббыңнан түсірілген (Құранның) хақ екенін білетін адам мен (көкірегі көр, көңілі) соқыр адам тең бе? Дегенмен, ақылы һәм түсінігі барлар ғана ойланып, ғибрат алады», – делінген.

Бұл ретте сахабалар арасында кедейлігімен танымал бола тұра, Алла елшісі (с.ғ.с.) тарапынан «бастан-аяқ тұла бойы иманға толы» деген сипатқа ие болған Аммар Ясирұлы мен сол заманда байлық пен билікке молынан қол жеткізгенімен, имандылықтан жұрдай болған Әбу Хузайфа Мұғираұлы Махзумийді мысалға келтіріледі.

Жаратушы иесін тани отыра Өзін толық танып, Алла Тағалаға мойынсұнған пенденің жаны жай тауып, әр ісінде жауапкершілікті сезінетіндігін, сонымен қатар қиындықтарға сабыр етумен қоса сол қиындықты жеңу үшін күрескер, жасампаз, ізденгіш  болатын пенде бұ дүниеде де о дүниеде де жоғары болатындығын, Олардың терезесі тең емес екендігін Алла Тағала осы аятта меңзеп айтқан.

Халқының кемеңгер жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Ел мен елді, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», – дегендей, қазақ халқы әр қашан «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп, білімдіні әр қашан биік тұтқан. Сонымен қатар, «оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп, оқыған білімдіні зиялы, яғни (зия-жарық) жүрек көзі ашылып, иманның жарығымен ақиқатты көретін тұлға деп қадірлеген.

«Мен жындар мен адамдарды маған құлшылық етулері үшін жараттым» деген аятқа атақты тәпсірші Ибн Аббас (р.а) мені танулары үшін деп мағына бергені белгілі. «Кім өзін таныса Құдайын таниды, Құдайын таныса өзін толық таниды» деген даналық та түбірін осыдан алса керек.

Ендеше, өзін толық таныған адам өзіне кажетке қарай ұмтылып, пайдасыз өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтан бойын аулақ ұстап, білім мен ілімге талаптанып, қанағат пен мейірімге жүрегін толтырады.

Сонымен қатар, Өзін толық, дұрыс таныған адам Өзімен Жаратушы арасындағы қатынасты, Өзімен қоғам арасындағы қатынасты, Өзімен басқа адамдар арасындағы мәмілеге ерекше көңіл бөліп, дұрыстап алатыны белгілі.

Сөзімізге тұздық болып отырған жүйе Ислам діні екені түсінікті. Ендеше Ислам дінін терең білушімен Ислам дінінен хабары жоқ аданың арасы жер мен көктей екені белгілі. 

Алла көкірек сарайын Исламға айқара ашқан, сөйтіп, Раббысынан келген нұрға бөленіп, тура жолға түскен жан (жүрегі тастай болып қатып қалған кісімен тең бе?) ендеше, Алланы еске алуға келгенде, жүректері тастай болып қатып қалған бейбақтар қараң қалсын! Олар анық адасуда[1].

 

Серікбай Әділхан Иманәліұлы 
«Әлжан ана» мешітінің Бас имамы

 


[1] «Зүмәр» сүресі, 22-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру