Намаз және оның дәлелдері
Алланың бар екендігі мен даралығын біліп растау – ең үлкен парыз. Осыдан кейінгі парыздардың ең үлкені және ең маңыздысы – намаз. Намаз – жүректің нұры, рухтың күші, мұсылманның кереметі.
Намаз – сөздікте «дұға ету», «жақсы дұға ету» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала Құранда: «Оларға дұға ет. Сенің дұғаң оларға рақымшылдық», – дейді[1]. Шариғатта намаз – тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, ерекше қимыл-қозғалыстар мен сөздерден тұратын ғажайып ғибадат.
Намаз Исламнан бұрынғы илаһи (құдайлық) діндерде де парыз-ды. Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) бес уақыт намаз парыз етілмей тұрып, тек қана таң мен ақшам уақытында екі рет намаз оқылған. Кейін Миғраж түнінде бес уақыт намаз парыз болды. Намаздың парыздығы Құран, сүннет және ижмағ дәлелдерімен анықталған. Құранның көптеген жерінде «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер» – деп намаздың өте маңызды парыз екендігін білдірген. Олардың кейбірі мыналар: «Барлық намаздарды және орта намазды сақтаңдар»[2]. «Расында, намаз белгіленгенарнайы уақыттарда парыз етілді»[3]. «Алайда, олар барлық бұрыс діндерден бойын аулақ ұстап, шынайы түрде Аллаға құлшылық етуден, намазды тұп-тура оқудан және зекет беруден өзге нәрсеге әмір етілмеген болатын»[4] «Намазды толық оқыңдар...»[5].
Бұл туралы риуаят етілген көптеген хадистер бар. Соның бірі:
«Ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алланан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келсе қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау»[6].
Бір күнде мұсылмандарға бес уақыт намаз – парыз. Атау (нәзір), үтір, және айт намаздары – уәжіп. Бір бәдәуи (шөл адамы) жайлы хадисте намаздың бес уақыт екені айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір күннің ішінде парыз етілген намаз бесеу», – дейді. Бәдәуи сонда: «Менің бұдан басқа борышым бар ма?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Жоқ, егер өздігіңнен нәпіл намаз оқысаң, ол басқа», – деп жауап қайтарады. Сонда бәдәуи: «Сені ақиқатпен жіберген Аллаға ант етемін. Бұдан басқа не артық, не кем намаз оқымаймын», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Сөзі рас болса, ол адам жәннатқа барады»[7].
Намаздың пайдалары мен хикметтері
Намаз – Алла пен құл арасындағы байланыс негізі. Бес уақыт намазды орнымен оқып, үлкен күнә жасамаған адамның кіші күнәлары кешірілетіні жайлы аяттар мен хадистер бар. Құранда былай дейді: «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»[8].
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға: «Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жо,қ қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Судың кірді тазалайтынындай бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды»[9].
Басқа бір хадисте былай дейді: «Бес уақыт намаз бен жұма намазы үлкен күнә жасамаған адамды келесі жұмаға дейінгі жасаған күнәларынан арылтады»[10].
Ақыретте адам баласы есепке тартылғанда, ең алдымен намаз сұралады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті – намаз». Ұлы Раббымыз хабардар бола тұра періштелеріне былай дейді: «Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындап па, кемістігі бар ма»? Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Алла Тағала былай дейді: «Құлым нәпіл (сүннет) намаздарын толық оқыған ба екен?» Егер ол сүннет намаздарын толық оқыған болса, Алла Тағала «Құлымның нұқсан парыз намаздарын нәпілдермен толтырыңдар», – дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады»[11].
Иә, адамды ең көркем түрде жаратып, жерді бесік, көкті шаңырақ, күнді шырақ етіп игілігіне ұсынған Ұлы Жаратушы адамға берген мұншалық ырыс-берекетінің қарымына шүкір етулерін қалайды. Намаз – күллі шүкірді қамтыған ғибадат. Мына көрінген және көрінбеген шексіз әлем қаңыраған сарай емес. Керісінше, онда Алла Тағалаға ғибадат еткен сансыз періштелер бар. Кейбір періштелер жаралғалы сәждеде. Енді бірі жаралғалы рүкүғта тұрып, Алла Тағаланы пәктеуде. Енді бірі түрегеп тұрып, Алла Тағаланы нұқсандық пен шірк атаулыдан пәктеп, ғибадат етуде. Міне, намазда осы періштелердегі ғибадат түрінің бәрі бар. Сол себепті, әлем тұтастай Ұлы Жаратушыға ғибадатта. Мысалы, алып бәйтеректер кішілігін паш етіп, қолдарын жерге жайған сүмбі талдар самал желмен тербеле қозғалып, Жаратушыға ғибадат жасайды. Планета мен аспан денелері бір-бірін бейне бір Қағба тәрізді айналып, күллі әлем Ұлы Жаратушыны пәктеп, өз тілдері және іс-әрекеттерімен ғибадат үстінде. Міне, осының бәрі намазда бар.
Әрі намазда адамға парыз, сүннет ғибадат түрінің бәрі бар. Бір мұсылман намазға тұрғанда «Аллау әкбар» деп бастайды. Яғни, я, Ұлы Жаратушым! Мына әлемді сен жараттың. Мені де сен жараттың. Мен сенің құлыңмың. Сен Ұлысың. Одан кейін Алланы пәктеп, мадақтаған дұға оқылады. Яғни, ей, Ұлы Ием! Сенің ешқандай ортағың да, серігің де жоқ. Сен нұқсандық атаулыдан мүлдем адасың, пәксің. Осылайша мұсылман әрі қарай қырағатқа бастарда барлық қуылған шайтаннан және олардың жамандық пен кесепаттық іс-әрекеттерінен Алла Тағалаға сиынады. Бұл жерде әлсіздігін сезініп, Ұлы біреуді паналау бар. Бұдан кейін қырағат оқиды. Яғни, намазда Құран оқу да бар. Әрі намазда ораза да бар. Өйткені, адам намазда бір нәрсе жесе, намазы бұзылады. Намазда зекет те бар. Бүкіл бес уақыт намаз адамның шамамен жиырма төрт сағатының бір сағатын алады. Адам өзінің күндік өмірінің бір сағатын зекет етіп, Алла Тағала жолына береді. Оның қарымы ретінде ақыретте Алла Тағала жәннатты бермек.
Хақ тағалаға деген құлшылықтың мәні
Күллі жаратылыс атаулы − Алла Тағаланың құдіретін, шеберлігін, ілімін, жалғыздығын, ұлылығын танытар жеке-жеке құдайылық мөр. Біз осыларға қарап Оны таныдық, әлі де тану үстіндеміз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып), маған ғибадат етсін» деп жараттым»[12] – дейді.
Демек, Алла Тағала бізді бұл дүниеге Өзін мына жаратылысқа қарап тапсын, танысын, білсін, құдіретінің, шеберлігінің, ілімінің алдында таңғалып, бас исін, құлшылық етсін деп жіберген. Мысалы, кез-келген атақты суретшінің табиғатты өрнектеген суретіне қарап таңғалып, тамсана таңдай қағамыз. Оның өнерін, шеберлігін, талантын мойындап, оған мақтау айтамыз. Ал, енді сол суретшінің салған суретін бір сәт бағалап көрелікші!... Өспейді, өнбейді, төрт мезгілде әр түрлі құбылысқа енбейді, ағаштары жеміс бермейді, сулары ақпайды, құстары сайрап, балықтары жүзбейді. Міне, біздер осындай жансыз, жасанды, көшірме суреттерге қарап таңғалып, таңдай қағамыз. Бірақ сырттағы көркемдігі ғажап мына шынайы әлемге көңіл бөлмейміз. Ондағы жұпар исі аңқыған сан алуан гүлдерді, әр түрлі жеміс-жидегін шашу еткен ағаштарды, құрлық пен теңізді мекендеген сансыз қасиетке ие жанды-жансыз атаулыны, көздің жауын алар жасампаздыққа тұнып тұрған жалпы табиғатты жаратқан негізгі Ұлы Суретшіні, шебер Жаратушыны елемеуге бола ма? Саналы адам үшін нағыз мақтауға ие сол Жаратушы емес пе? Қалай ғана Оның құдыретінің, шеберлігінің, ұлылығының алдында таңғалып, Оған мадақ, мақтау айтпастан жайбарақат жүре аламыз?
Ендеше, адам баласының ең басты міндеті – Ұлы Жаратушыны тану. Оның ұлылығын дәріптеп, «Аллау әкбар», «Алла Тағалам, сен қандай ұлысың!» деп бас иіп, мадақ айту. Иә, Оның шексіз құдыретінің, ұлылығының, шеберлігінің, ілімінің алдында таңғала бас иіп, мақтау айту – құлшылықтың нағыз өзі.
Шүкіршілік
Шүкір – жаратылыстың сыры, шүкір – дүниенің мәйегі, шүкір – адамдықтың рәмізі, шүкір ету – пенденің ең үлкен міндеті. Шүкір – жақсылық иесіне жақсылығы үшін қарыздар екеніңді сезіну, оның алдында бас иіп, алғыс-рақметіңді білдіру.
Міне, жаратылыста шүкір осыншалықты маңызды бола тұра, өкініштісі, адам баласының көбі бұл қасиеттен мақұрым. Құран Кәрім бұл шындықты: «Құлдарымның арасында шүкір етушілер өте аз», – деп ескертеді.
Иә, адам баласы кішкене ойланып-толғанса, өзін қоршаған қай нәрсенің болмасын Алла тарапынан арнайы әзірленіп, адам баласының қызметіне ұсынылғанын түсінері сөзсіз. Тіпті, өзінің жоқтан бар етіліп, тіршілік иесі болуының өзі баға жетпес нығмет. Бірақ, бір қынжылтатыны, бұл нығметтің қадірін жете түсініп, Жаратушысына деген шүкірінен жаңылмайтын тіршілік иесі өте аз.
Мысалы, дарға асылайын деп тұрған жерінен бір адамды екінші бір адам құтқарып қалса, өлім аузынан қайтқан адам өміріне себеп болған әлгі адамға: «Мен саған бұдан былай қарыздар болып өтемін, – деп оның алдында құрақ ұшады. Істеген бір ғана жақсылығы үшін бас иіп, өмір бойы ізет білдірері сөзсіз. Ал енді бізді жоқтан бар етіп жаратып, әр ауа жұтып, тыныс алған сайын бізді бір өлімнен құтқарып, бір өмір сыйлаған Жаратушымызды ұмыт қалдырып, жақсылығы үшін алғысымызды білдірмеуіміз дұрыс па?
Ұлы Жаратушымыздың адамға берген жақсылық, нығметтері шексіз. Құранда: «Егер Алланың сендерге берген нығметтерін санасаңдар, санап тауыса алмайсыңдар», – делінеді.
Біз, адам баласы, денсаулықтың, әрбір он екі мүшеміздің баға жетпес нығмет екенін ойлап, қадірін түсіндік пе? Оларды бізге тегін берген Раббымызға рақметіміз бен алғысымызды білдіріп, Оған қарыздар екенімізді сездік пе? Шындығында, бізге бұл сұраққа жауап беру оңайға соқпаса керек.
Бес уақыт парыз намаздары
1.Бамдат (таң) намазы;
2.Бесін намазы;
3.Асыр (намаздыгер;
4.Ақшам намазы;
5.Құптан намазы;
Намаздың парыз болу шарттары
1.Мұсылман болу. Намаз – мұсылман болған ер кісі мен әйелге парыз.
2.Балиғат жасына жету. Балиғат жасына жетпеген балаға намаз парыз емес.
3.Ақыл-есі дұрыс болу: Ақыл – Ислами жауапкерліктің негізі.
Намаздың сыртқы парыздары
1.Дәрет-ғұсылы болу;
2.Нәжістерден тазалану (Заттық тазалық): Намаздан бұрын дене мен киімді немесе намаз оқылатын жерде болған ластықтың тазалануы қажет.
3.Әуретін жабу: Ерлердің әурет жерлері: кіндігінен тізелерінің астына дейінгі жерлері[13]. Әйел үшін әурет – жүз, қол, аяқтан басқа барлық дене[14].
4.Құбылаға бет бұру: Намазды құбылаға қарап оқу шарт. Мұсылмандардың құбыласы – Меккедегі Қағба[15]
5.Уақыт: Намаз – күннің арнайы белгілі уақыттарында іске асатын парыз. Парыз намаздарға уақыт шарт.
6.Ниет: Ниет ету – намаздың шарттарының бірі. Ниет – намазға кіруді қалау. Адам қандай намазға кіргісі келсе, сол намазды жүрекпен білуі шарт.
Ішкі парыздары
1. Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі: Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір. Яғни, тіке тұрып, «Аллау әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Тәкбір ниеттен кейін алынып, имамның тәкбірінен кейін алынуы қажет-дүр.
2.Қиям (түрегеп тұру): Қиям –тіп-тік түрегеп тұру деген мағынаға келеді. Намазда негізгі парыздардың бірі саналып, әр рәкатта Құраннан бір сүре оқылатындай уақыт тұру[16].
3.Қырағат: Қырағат – оқу деген сөз. Бұл жерде «Құран оқу» мағынасын білдіреді. Намазда оқылатын аяттың ең қысқасы Әбу Ханифа бойынша үш аят немесе осы үш аяттың көлеміндей бір яки екі аят.
4.Рүкүғ: Намаздың негізгі тіректерінен болған рүкүғ қолдарды тізеге қойып, төмен қарай иілу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған ең жақсы рүкүғ – арқа мен бастың түп-түзу иілуі.
5.Сәжде: Сәжде – намаздың парызы. Сәждеде маңдай, жүз, екі аяқ пен екі қол, екі тізе жерге немесе жермен жалғасқан бір нәрсеге қойылады. Сәжде әрбір рәкатта – екі рет жасалады.
6.Ақырғы отырыс: Намаздың соңында «тәшәһһүд» шамасындай отыру – намаздың тіректерінің бірі, яғни парыз. Тәшәһһүд шамасы деген – «әт-тахият» дұғасын оқитындай уақыт.
Жұма намазы
Жұма намазы – дінімізде өте маңызды саналатын, жамағатпен орындалатын апталық ғибадат. Жұма күнінің ежелде еврей және христиандар үшін апталық ғибадат күні болғандығы, кейіннен еврейлер бұл күннің орнына сенбі күнін, христиандар жексенбі күнін апталық ғибадат күні ретінде өзгертіп қабылдағаны және Ислам діні келгеннен кейін ұмыттырылған қасиетті бұл күннің мұсылмандарға қайтадан оралуы жайлы Пайғамбарымыз (с.а..у) былай дейді: «Біз – бұрынғы кітап берілгендерге қарағанда, ең соңғысымыз. Қияметте–ең алға өтеміз. Олар Алланың өздеріне парыз еткен осы жұма намазы күні жайында қарама-қайшы пікірге түсті. Алла оны бізге көрсетті. Басқа адамдар бұл туралы бізге бағынады. Жұма күнінің ертеңі – яһудилердікі, одан кейінгі күн – христиандардікі»[17].
Жұма намазының парыздығының шарттары
Жұма намазының кімге парыз екені жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аллаға және ақырет күніне сенгендерге – жұма намазы парыз. Бірақ жолаушы, құл, бала, әйел және науқастар бұдан тыс»[18]. Яғни бұлардан басқа барлық мұсылмандарға жұма намазы парыз.
- Ер кісі болу: Жұма намазы әйелдерге парыз емес. Бірақ намазды мешіттегі жұма жамағатына қатысып, оқыған жағдайда қайтадан бесін намазын оқу қажет емес.
- Азат болу: Азаттығы болмаған тұтқын мен қапаста жатқандарға жұма күні бесін намазын жұманың орнына оқулары жеткілікті.
- Тұрғын болу: Жолаушыға жұма намазы парыз емес. Себебі, жолаушыда жалпы жол қиыншылықтары бар. Оған жеңілдік жасалған.
- Науқас немесе белгілі себептер болмау: Намазға барса, ауруының асқынуынан қорыққан жандарға – жұма намазы парыз емес. Сол секілді науқасқа қараушы, әлсіз кәрі, көзі көрмейтін, мүгедек және кезектегі сақшылар секілді себебі болғандарға бесін намазы жетіп жатыр. Бірақ жұма намазын оқи алса, бесін намазын оқудың қажеті жоқ.
[1] Тәубе, 9/103.
[2] Бақара, 2/238.
[3] Ниса, 4/103.
[4] Бәййәна, 98/5.
[5] Хаж, 22/78.
[6] Бухари, Иман, 1,2; Муслим, Иман, 19-22.
[7] Бухари, Имам, 34; Шаһадат, Имам, 8-10-15-17-18; Әбу Дәәуд, Салат, 1.
[8] Анкабут, 29/45.
[9] Бухари, Мәуақит, 6; Муслим, Мәсажид, 283; Тирмизи, Әбад, 80, 90; Насаи, Салат, 7.
[10] Муслим, Таһарат, 14-15, Тирмизи, Мәуақит, 46; Ибн Мажә, Таһарат, 79,106.
[11] Тирмизи, Салат; 118.
[12] Зарият сүресі 56-аят.
[13] А.б.Ханбәл,II, 187.
[14] Әбу Дәәуд, Либас, 31.; Ибн Мажә, Таһарат, 132.
[15] Бақара, 2/144.
[16] Бақара, 2/138.
[17] Бухари, Жұма, 1. 211.
[18] Әбу Дәәуд, I. 644.