Намазда сутра қою мәселесі

22 ақпан 2021 10973 0
Оқу режимі

Намаз барысында ойды тек қана Аллаға арнау керек екендігін білеміз. Алайда, құлшылық барысында ойымызды бөлетін түрлі жайттар жиі кездесіп жатады. Әсіресе, адам көп жүретін орындарда намаз оқығанымызда осындай  жағдайға тап боламыз. Ғұламаларымыздың айтуы бойынша, намаз оқушының алдында қойылатын сутра осы мәселені шешуге көмектеседі. Яғни, намаз оқыған кезімізде ойымыз жан-жаққа шашырамай немесе біреудің алдымызды кесіп өткеніне көңіліміз алаңдамастан, Ұлы Жаратушымызға жан-тәнімізбен құлшылығымызды арнауымыз үшін керек.

Сутра сөзі араб тілінде перде, жапқыш, сырт киім тәрізді бір нәрсені жасыратын, көрсетпейтін заттарға айтылады. Дініміздегі сутраның мақсатын жоғарыда айтып өттік. Сонымен қатар, намаз оқушының алдынан кесіп өтуге болмайтыны жайында хадистерде баяндалады: «Намаз оқушының алдын кесіп өткен адам өзінің қаншалықты күнә жасағандығын білгенде, намаз оқушының алдын кесіп өткенше, қырық (мезгіл) тоқтап, күте тұрғаны жақсырақ болар еді»[1]. (Хадисті жеткізуші: «Қырық дегендегі мағына қырық күн, қырық ай ма, қырық жыл ма екендігін білмедім», – деген).

Намаз оқушы сутраны қолданатын болса, басқа адамдарға жеңілдік жасап, сутраның артынан олардың оңай өте алуын қамтамасыз етеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің бірің намаз оқитын болса, бет алдына бір нәрсе қойсын, егер қадайтын таяқ болмаса сызық сызып қойсын. Осылай етсе, алдын кесіп өткеннен зияны болмайды»,[2]деген.

Ескерту: Намаз оқушының алдынан кесіп өту – үлкен күнә болғанымен, оқып жатқан кісінің намазы бұл іс арқылы бұзылмайды.  Яғни, кесіп өткен кісі әдейі істесе, күна арқалайды. Ал, намаз оқушының намазына оның кесіп өтуі еш әсер етпейді. Кесіп өткеннен кейін намазын жалғастыра береді.

Сутраның кейіпі жайында сөз қозғасақ: ұзындығы кемінде бір шынтақ, жуандығы тіпті бір тал шаштай болған қандай да бір таяқша тәріздес зат. Сутра намаз оқушының алдына тігінен қадалады немесе тігінен қойылады[3]. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сутра ретінде аса таяқты, найзаны қолданғаны жайында сахих хадистерде (дұрыс, сенімді хадистерде) келеді[4]. Сутраның ені кітаптарымызда көбінесе бір саусақ көлеміндей болу керектігі айтылады. Алайда, Ибн Абидин әйгілі «Хашияту ибн Абидин» еңбегінде имам Касанидің бұл мөлшерге қатысты: «әлсіз көзқарас» деп айтқан пікірін келтіріп, артынша Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ертоқымның қасындай ұзындықтағы сутра қолдануға жарамды, тіпті бір тал шаштай жіңішке болса» деген сөзі имам Касанидің сөзін қуаттайтының ашық баяндады. Сондықтан сутраны жуандығын баяндаған кезімізде, бұны негізге алдық.

Сутраның үкімі: Дала, дәліз сияқты адам көп өтетін жерлерде сутраны қолдану – мұстахаб. Яғни, шариғатымыз ұнамды деп қарастыратын амалдарға жатады. Ондай жерлерде сутрасыз намаз оқу –  мәкруһ танзиһан (кішігірім жағымсыз амал)[5]. Ал адам өтпейтін немесе сирек өтетін орындарға қатысты бір топ ғұламаларымыз сутраны қою қажеті жоқ десе, басқалары қойғаны абзал деп айтуда[6].

Бұл амалды уәжіп, бекітілген сүннет демей мустахаб ретінде бағалауларының төркіні Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашық жерлерде сутрасыз да намаз оқығаны келетін деректерде жатыр. Мысалға, Фадл мен Аббас екі сахаба (Алла оларға разы болсын): «Алла елшісінің ай далада сутрасыз намаз оқығының көрдік»,[7]– деп хабар жеткізген. Тура солай Ибн Аббастың өзі (Алла оған разы болсын) ашық жерде сутрасыз намаз оқығаны жайлы деректер бар[8].

Намаз оқушы мен сутраның арасы үш шынтақ ұзындығының көлеміндей болуы, ал сутраның өзі намаз оқушының оң немесе сол қасына тұспа-тұс болуы құпталады[9]. Сахих Бухари хадистер жинағында Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқитын жері мен мешіт дуалының арасы бір қой өте алатын көлемде болғаны жеткізіледі.

Сутра қоятын затты таппасақ, оның орнына сызық сызуға немесе қолдағы кітабымызды немесе киімімізді сутра ретінде қойсақ бола ма?

Сутра қоятын жерге бір жазатын нәрсемен сызық сызу жайында мынадай хадис кездеседі: «Егер сутра табылмаса, онда сызық сызсын»[10]. Бұны негізге алып кейбір кітаптарымызда ешнәрсе табылмаса рұқсат деп келсе,[11] ғұламалардың көбісі аталмыш хадисті әлсіз хадис, тіпті мансух хадис деп бағалап, сызық сызуды сутраға жарамайтының айтады[12]. Сондай-ақ, сызық көзге көрінбеген себепті, оның ешқандай мәні болмайтынын айтады. Алайда, даңқты ғұламамыз Камал ибн Хумам сутра қоюдағы мақсат – ойды жинақтау болған соң әрі бұл жайында хадис келгендіктен, ондай жағдайда сызық сызуға рұқсат етілгендігін баяндайды. Ханафи мәзһабындағы түрлі пікірлерді ой елегінен өткізген Ибн Абидин да осы пікірді қолдайтыны анық көрінеді. Сондай-ақ, сызықты көлденең немесе тігінен сызуға болады. Бірақ тігінен сызған абзал. Ибн Абидин өзінің  «Хашияту ибн Абидин» еңбегінде бұл мәселені талқылап біткеннен кейін, сутра ретінде қойылатын затты таппаған кісіге қолындағы кітабын немесе киімін сутра етіп пайдалануы рұқсат екенің түсіндіреді. Әрине, басқа нәрселерді де қолданса болады. Тек қана мынаны ұмытпау керек: сутра ретінде бірінші таяқ сияқты тігінен қадалып қойылатын заттар қолданылады. Ондай нәрселер табылмаса немесе табылса да алайда тігінен тұрғызып қою мүмкін болмаса, онда жерге жатқызылады. Ал мүлдем ешқандай зат болмаса, онда сызық сызылады[13].

Мешітте кейбір бауырларымыздың сутрасыз намаз оқығаның көреміз, оның алдынан өтсек бола ма?

Мешіт кішкентай болса, өтпеу керек. Үлкен мешіт болса, сәжде жасайтын жері мен намаз оқушының арасында өтуге бомайды. Ал одан кейінгі жерлерде болады. Осылайша ғұламаларымыз баяндайды. Кішкентай мешіт - намазханасының ұзындығы 40 шынтақтан кем болған мешіт. Бұдан асатыны үлкен мешіт саналады[14]. Бір шынтақты 50 см деп есептесек, 40 шынтақ - 20 метрге тең болады, себебі үлкен мешітте бұл үкім қиындық туғызады. Анығы Аллаға аян.

Дарханұлы Тамирлан
Республикалық «Әзірет Сұлтан»
мешітінің наиб имамы

 

[1] Бухари.
[2] Ахмад.
[3] Ибн Абидин.
[4] Сахих Бухари
[5] Ибн Абидин.
[6] Ибн Абидин.
[7] Әбу Дәуід.
[8] Ахмад.
[9] Ибн Абидин.
[10] Әбу Дәуід.
[11] Тахтауи
[12] Хидая, Дуррул Мухтар.
[13] Ибн Абидин.
[14] Ибн Абидин.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру