Неке – барлық пайғамбар сүннеті
Сахабалардың бірі Әбу Аюб (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Төрт амал елшілердің сүннетінен: ар-ұятты болу, қош иіс су қолдану, мисуак пайдалану және үйлену[1]». Бұл төрт сүннет амал – бұл жалған пәниде ең қымбат әрі асыл дүниені ғана ардақ тұтқан барлық пайғамбарларға ортақ дүние. Барша пайғамбарлардың сүннеті болған үйленіп, үй болудың оңай еместігін халқымыз қапысыз айтқан. Осы себепті де өмірдегі ең жауапты кезең – ғұмырлық жар таңдау сәті. Себебі, адамның өзінің өмірлік серігін таңдап қана қоймайды, болашақ перзентіңнің анасын да таңдайды. Өйткені, баланың ізгі болуы анасына тікелей байланысты. Алайда, кейде отбасылық өмір жайлы ешбір мағлұматы жоқ жастардың албырт сезімнің жетегімен жанұя құрып, шаңырақ көтергендеріне куә болып жатамыз. Өкінішке орай, көп өтпей сезімдері суынып, жұптары жазылып жатады. Мұның бірден-бір басты себебі – жар таңдау, отбасы құру жайлы шариғат кеңестерінен бейхабар болуында жатыр.
Ардақты Пайғамбарымыз: «Адам баласын бақытты ететін және бақытсыз ететін үш нәрсе бар. Адамды бақытты ететін: Ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік. Адамды бақытсыз ететін: жаман әйел, жайсыз үй және жаман көлік[2]», – деген екен. Қазақ халқы «алғаның жақсы болса, бұл дүниенің шырағы, мінгенің жақсы болса, бұл жалғанның пырағы», – дейді. Сонымен бірге, «әйелің жақсы болса, ұжмақ үйiңде, әйелің жаман болса, тозақ үйiңде», – деген нақылы осы хадистің дәл өзі.
Некелесу – ер жеткен азаматтың ерікті ісі. Алайда, шариғатымызда некелесу жағдайға қарай кейде мұстахаб, кейде уәжіп, кейде тіпті харам болуы да мүмкін.
Отбасын асырай алатын мүмкіндігі бар және зина немесе оған алып баратын жаман іс-әрекеттерден өзін тия алатын адамға үйлену – мұстахаб болып табылады.
Үйленіп, отбасылы болған жағдайда бала-шағасын асырай алатындай мүмкіндігі бар, бірақ өзін зина мен оған алып баратын жаман іс-әрекеттерден тия алмауынан қауіптенген адамға үйлену – уәжіп. Мұндай адам, үйлену арқылы дінін қорғап, ар-намысын сақтайды. Ал, дінін және ар-намысын қорғау – шүбәсіз ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да адам өз дінін және намысын тек үйлену арқылы қорғай алса, үйлену – ол үшін уәжіп үкімінде болмақ.
Ал, енді отбасын асырауға шамасы жетпейтін, сонымен қатар үйленуге айтарлықтай кедергілер бар, бұған қоса үйленгеннен кейін адал жолмен табыс таба алмай, шариғат тыйым салған жолмен күнелтуге мәжбүр болса, онда ол адам үшін некелесу – харам. Құран Кәрімде: «Әрі Алла Өз кеңшілігімен байытқанға дейін үйленуге мүмкіндік таба алмағандар, (күнәдан тыйылып) өздерін ұстасын...[3]»,– деп әмір етілген.
«БҰЛ ЖАЛҒАННЫҢ ЕҢ ҚАЙЫРЛЫ ДҮНИЕСІ – ІЗГІ ӘЙЕЛ»
Мұсылманның бұл дүниеде иманнан кейінгі тапқан ең қымбат та, баға жетпес олжасы – салихалы жар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі – ізгі әйел[4]», – деп тектен тек айтпаған.
Әйел – ер азаматтың өмірлік жары. Шаңырақ жылуын сақтаушы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін қорғайтын да сол әйелі болмақ. Ер жігіттің таңдап алған қосағы ізгі де иманды болса, дүниеде берілген жақсылықтардың ең құндысы сол болмақ.
Шындығында, әйел заты өзі таңдап, етегінен ұстаған азаматтың көңілінен шыға білмесе, отбасылық өмірдің мәні кетіп, шырқы бұзылары сөзсіз. Шаңырақтың шайқалмауына екі жастың шынайы сезімінен бөлек, имани қарым-қатынастың қосар үлесі мол.
Хадис ғылымының атасы Әбу Һурайра (р.а.) таңдау жасағанда жаңылыспай жақсы жар табу турасында мынадай хадис жеткізген: «Әдетте әйелге төрт қасиетінің бірі үшін қызығып үйленеді, ол: байлығы, тектілігі, сұлулығы және діні. Діндарын, имандысын таңда, әйтпесе құтың қашып, қадірің кетеді[5]». Бұл хадисте әйел бойындағы еркекті қызықтыратын қасиеттері көркі, мал-дүниесі, тегі және діндарлығы екені айтылуда. Алайда, әйел иманды болмаса, қалған үш қасиетінен келер-кетер пайда шамалы екендігі ескертеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жар іздеген жігіттердің әйел бойындағы сиқырлаушы сұлулығына, мол дүниесіне және танымал тегіне қатты қызығатынын көрген. Әйелдің діндарлығы мен имандылығына аса мән бермейтіндігін байқаған. Сол себепті де, имандылықтан асқан сұлулық, тектілік және байлық жоқ екенін айтуда.
Ибн Мәжа «Сунәнінде» жар таңдауда жаңылысқан жігіттерге қатысты айтылған мынадай хадис бар: «Әйелдерге тек сұлулығы үшін ғана үйленбеңдер, сұлулығы оларды тәкаппар етуі мүмкін. Әйелдерге дүниесі үшін ғана үйленбеңдер, мал-мүлкі оларды шектен шығаруы мүмкін. Расында, қара тәнді иманды әйел текті де дәулетті және көрікті бірақ дінсіз болған әйелден абзал».
Ал, Әнас (р.а.) жеткізген хадисте: «Кім әйелді оның абыройы үшін алса, Алла ол еркекті қор етеді. Кім әйелді дүниесі үшін алса, Алла ондай еркекті жерге ұрады. Ал, кім әйелге көзін күнәдан, мүшесін зинадан сақтау үшін және туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу үшін үйленсе, Алла ол кісіге әйелін берекелі, ал әйелге күйеуін құтты етеді», – деп айтылады.
Жігіттің маңдай терін төкпей қыз төркіні есебінен тұрмысын түзеп, бай болам деп жүріп бейшара кейіпке енуі заңдылық. Қазақта «Кедейлік ұят емес, байлық мұрат емес» дегендей, әрбір ер азамат ризық-несібесін өз еңбегімен тапқанға не жетсін?! Ал, жар таңдауда болашақты ойлау қажет. Таңдап тұрған қыздың ертеңгі күні әке-шешеге ибалы келін, перзенттерге абзал ана, ал өзіне адал жар болуын ойлағаны жөн. Ең дұрыс таңдау – осы. Абай Хакімнің:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма.
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма[6], – деген сөзі де осы хадистің түсіндірмесі іспетті.
ҚЫЗЫН ҚИЯҒА ҚОНДЫРУ – АТА-АНА МІНДЕТІНДЕ
Қазақ қашанда «қыз жат жұрттық, қыз бала – қонақ» деп, олардың ертеңгі күні бөтен үйдің түтінін түтетіп, шамын жағатындықтарын саналарына құйып отырған. «Барған жеріңде балдай батып, судай сің» деп тәрбиесі мен тәлімін үйретіп, отбасылық өмірдің өткелдеріне дайындап отырған. Қаншама жыл қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан қыздарының барған жерінде бағы жанып, бақытты отбасы болуын ойламайтын ата-ана болмас, сірә ?! Алайда, мәпелеп өсірген қыздарының жар таңдауда жаңылыспай, жақсы отбасын құруы да ата-анасының жауапкершілігінде екенін ескерілмей жатады.
Ер азаматқа өзіне өмірлік ізгі жар таңдауы міндет болғанындай, қыз баласы да өзіне жақсы жолдас таңдауы тиіс. Қыз үшін жақсы жолдас дегені – әйелдің ар-намысын қорғайтын, келіншегінің көңіліне қаяу түсірмейтін, әйеліне аса ерекше мән беретін адам. Әйел заты мұндай азаматтың жанында жаны жай тауып, мейірімділік пен сүйіспеншілікке бөленеді.
Әйел баласы тұрмысқа шыққалы тұрған ер жігітті жай үстіртін ғана біліп некеге келісімін берсе, өз жанын, ар-намысын және дінін қатерге тігуі әбден мүмкін. Әрине, әйел таңдау жасағанда ер азаматтың сыртқы кейпіне, дүниесіне және тегіне мән беруі айып емес. Алайда діндарлығы мен мұсылмандығын алға қойғаны абзал болады.
Бұл сөз тек қана қыздарға ғана қатысты емес, сонымен бірге қыздың әкесіне және аға-інілеріне де тиесілі. Өйткені, қыздың тағдырына тікелей жауаптылар: әкесі, ағасы мен інісі. Кейде, иманды қыздың өзі мінез-құлқы нашар, дінге немқұрайлы қарайтын және әйелдің ар-намысы дегенді білмейтін жігітке көңілі ауып, алдамшы арманға алдануы мүмкін. Мұндай қыздар «осы жігіт мені бақытты етер, арманымды орындар» деген көзсіз үміттің жетегінде тұрмысқа шығуы мүмкін. Осындайда қате шешімнің алдын алу үшін әрбір жігіт өз қарындасының жеке өміріне араласып, дұрыс ақыл-кеңес беруге міндетті.
Хазіреті Әлидің ұлы Хасанға (р.а.) бір кісі келіп: «Менің қызым бар. Кімге тұрмысқа бергенім жөн деп ойлайсыз?» – дегенде, Хасан (р.а.): «Алладан қорқатын жігітке тұрмысқа бер. Ондай жігіт қызыңды жақсы көріп тұрса қадірлеп, сыйлайды. Ал, ашуланса, қызыңды ренжітпейді[7]», – деп кеңес берген екен.
ЖҰБАЙЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Шаңырақ көтерген соң, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өз міндетінен бұрын құқығын талап етіп жатады. Әйел «күйеуімнің алдында көптеген жауапкершілігім бар» деп ойлаудың орнына, «маған аны алып бер, мынаны алып бер» десе, ер азаматтар да «біреудің мәпелеп өсіріп отырған қызын алдым, Құдайдың алдында аманат» деп қараудың орнына «сен өйтуің керек, бүйтуің керек» деп шыға келеді. Әрине, бұдан шаңырақтың шырқы бұзылады. Күйеу де, әйел де ең бірінші кезекте өз міндеті мен жауапкершілігін білгені жөн. Ер кісінің міндеті діни және дүнияуи болып бөлінеді.
Діни міндеті: Жұбайына жақсылық ету, құрмет көрсету, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзінің жұмсақ болуы және аз да болса көңіліне шаттық беруі – ер-азаматтың күйеулік міндеті. Сонымен қатар, әйелінің кейбір сөздері мен әрекеттеріне сабырлық танытуға да тиіс. Бұл жайлы Құран Кәрімде:: «...Сондай-ақ, олармен жақсы мәміледе болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген хайыры болуы мүмкін[8]», – деп баяндалған.
Ер кісінің әйелін құрметтеп, көңіл бөлуі оның жоғары көркем мінез иесі екендігін білдіреді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мүміндердің иманы кәмілділері – көркем мінезділері. Ал, сендердің жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың[9]», – деп айтқан.
Әйелінің қадір-қасиетіне, ар-намысына тиетін өсек-аяңдардан және іс-әрекеттерден қорғауы да ер-азаматтың қамқорлығына жатады. Өйткені мұсылман жан өз жұбайын және бала-шағасын өзгенің орынсыз сөзі мен ісінен қызғануы қажет.
Дүнияуи міндеті: Отбасыға қажетті азық-түлігін, киім-кешегін, дәрі-дәрмегін және де басқа қажеттілігін қамтамасыз ету – мұсылман жанның отағасы ретіндегі міндеті. Алла елшісі (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында ер кісілерге: «Әйелдер алдындағы міндеттеріңе немқұрайлы болудан Алладан қорқыңдар. Сендер әйелдеріңді Алланың сөзімен некеге алдыңдар. Алланың сөзімен адал жар еттіңдер. Жұбайларыңнан ұнатпаған кісіні үйлеріңе жуытпауды талап ете аласыңдар. Егер кіргізер болса, (әйелдеріңді) жөнімен тәртіпке шақырыңдар. Әйелдер сендерден өздерін азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етулеріңді талап ете алады[10]», – деген.
Муғауия бин Хайда (р.а.) есімді сахаба Алла Елшісімен былай деп әңгімелескенін жеткізеді:
– Уа, Алла Елшісі! Әйелдеріміздің бізде қандай құқығы бар? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Егер тамақтансаңдар, оларға да тамақ беру, егер киім алсаңдар, оларға киім алып беру. (тәрбиелейтін болсаңдар) бетінен ұрмау. Оларға жамандық жасамау. (Ұрысып қалған жағдайда) үйден шығып кетпей, бөлек жату[11]»,– деп жауап берді.
Әрине, ер азаматтың әйеліне және бала-шағасына беретін қаражат мөлшері жеке басының мүмкіндіктеріне және қоғамдық жағдайына қарай болады.
Күйеуінің берген қаражаты жетпесе, бірақ жоқшылықтан емес сараңдығынан болса, әйел рұқсатсыз мөлшерлеп және ысырап етпей қаражат алуына шариғат рұқсат береді.
Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен хадисте сахаба әйел Һиндтің Пайғамбарымыздан: «Уа, Алла елшісі! Әбу Суфиян сараң кісі. Маған берген қаражаты өзіме де, бала-шағама да жетпейді. Тек өзім оған білдіртпей алсам ғана, жеткізіп отырамын», – деп рұқсат сұрағаны айтылады. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Өзіңе және балаңа жететіндей етіп шамамен ал[12]», – деп жауап берген екен.
Айша (р.а.) анамыз Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Адамдар арасында әйел кімге көбірек борыштар? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күйеуіне», – деп жауап берді. «Ер кісі кімге көбірек борыштар?» – дегенінде, Пайғамбар: «Анасына», – деп жауап береді[13]».
Алла Тағала әйел затына өз күйеуінің шариғатқа қайшы болмаған барлық бұйрықтарын бұлжытпай орындауға әмір етеді. Әйел баласы күйеуінің мал-мүлкін, абырой-намысын сақтауға, үйіне тек күйеуі рұқсат берген кісіні ғана кіргізуі тиіс. Сонымен қатар, әйел баласы өмірдің қуанышы мен қиыншылығында Құдай қосқан қосағының қасында болуға міндетті. Күйеуінің сырын ешкімге ашпауға, шынайы сүйіспеншілік танытуға, сөзінде шыншыл болуға, күйеуі жақсы көрген затты жақсы көруге сонымен бірге, жолдасына ұнамайтын әрекеттер мен сөздерден аулақ болуға міндетті.
Зайд бин Арқам (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Әйел заты күйеуінің барлық ақысын өтемейінше, Алланың ақысын өтей алмайды. Егер күйеуі әйелін қалап шақырса, түйенің үстінде отырса да баруы тиіс», – деген.
Ал, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Әйел бес уақыт намазын оқыса, ар-намысын сақтаса және күйеуіне бойұсынса жәннатқа қалаған қақпасынан кіреді», – деп баяндалады.
Ардақты Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде (с.ғ.с.):«Үйленіңдер де көбейіңдер. Қиямет күні өзге үмбеттерге сендердің көптіктеріңді мақтан етемін[14]», – деп өсиет қалдырған. Ендеше, екі дүние сұлтанының өсиетіне сай Алла Тағалаға ізгі құл, пайғамбарымызға үлгілі үмбет болатын перзенттер тәрбиелеп, адал некені қадірлейтін жамағат болуға жазсын!
[1] Ахмад және Термизи
[2] Ахмед
[3] Нұр сүресі, 33-аяты
[4] Муслим, Насаи
[5] әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, Неке бөлімі, 2-баб, 281-бет
[6] Абай
[7] Фиқһул Уадих
[8] Ниса сүресі, 19-аят
[9] Термизи және Ибн Мажа
[10] Муслим
[11] Әбу Дауд
[12] Ахмед, Бухари, Муслим, Әбу Дауд, Насаи
[13] Ахмед, Насаи
[14] Ахмед, Насаи
Дереккөз: muslim.kz