НЕНІ ЕСКЕРМЕЙ ЖҮРМІЗ?

12 тамыз 2024 1156 0
Оқу режимі

«Хикмет» сөзіне Ислам дінінің өз ішінде кәләм, фиқһ, тасаууф, пәлсапа салаларының ғалымдары түрлі анықтама бергенімен, бәрінің ойы «әр нәрсенің орынды, құбатөбел болуы, істің орынды атқарылып, сөздің орынды сөйленуі» деген мағынада түйіседі.

Бүгінде Ислам үмбеті хикметтен кенде қалғандығы үшін қоғамда «мүйізі бар кісідей едірейіп, өзге жаннан болып тұр түрі бөлек» (Шәкәрім). Пайғамбарымыз да: «Хикмет – мүминнің жоғалтқан қазынасы, кім оны тапса, сол жерден алсын, себебі оны алуға ең лайықты сол», – деген (Ибн Мәжә, «Зүһд», 15).

Бұны сөз қылып отырған себебіміз, бүгінде Ислам дінін құбыжық етіп көрсетуге тырысып жүрген кейбір қара пиғылдылар имам-молдаларымыздың сөздерін өздеріне қарсы қолданып, Исламға қарсы теріс пікір тудырып жүр.

Бұған бірінші себеп – уағыз-насихаттарда кейбір сөздердің хикметсіз шығып кетуі.

Екіншіден, ауам-хауас мәселесін ескере бермеуіміз. Яғни, сөйлеп отырған сөзіміз көпшілікке арналған ба, жоқ әлде мәселенің байыбына баратын белгілі бір деңгейдегілерге бағытталған ба, соның ара-жігін ажырата алмаудамыз.

Бүгінде ауам-хауас мәселесін «бес уақытта бес намаз біреуі қаза қалмасқа» (Бұқар жырау) деп жүрген мешіт жамағаты мен дінді атүсті білетін ауам халық, соның ішінде «ер шұғыл пасық залымның тіліне еріп азбасқа» (Бұқар жырау) деп тілеуін тілеп жүрген кейбір діннен ілік іздеушілер деп қарастыруға болатын шығар.

Имам-молдаларымыз сөзін соған сай сабақтаса дейміз. Яғни, мешітте айтылатын дәріс сабақтарды – хауасқа, ал жұма, айт мінберлерінде айтылатын уағыздарды ауамға арналған сөз деп біліп, тақырыбын да соған сай таңдап, видеосын да соған қарай жарияласа жөн болар. Дәрістерде айтылатын терең мәселелерді видеоға жазып, көпшілікке таратудың қажеті жоқ деп білеміз. Дәріске қатысушылар да видеоға түсіріп алып, таратудан сақтанса игі. Әлеужеліде таратылатын уағыздар жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталған қоғамдық мәселелер болғаны дұрыс.

Кейбір ұстаздарымыздың қоғамның талқысына салуға келмейтін Ислам дінінің өз ішіндегі тартысты мәселелерді әлеужеліге салып, пікірталасу да артық па деймін. Кезінде Шыңғыс хан әскері Бағдатты жаулап жатқанда Ислам ғұламалары «мәсі мәсінің үстіне тартылуы керек пе, жоқ әлде астына тартылуы керек пе?» деп дауласып жатыпты деседі. Қоғамда басқа да маңызды мәселелер тұрғанда, мұндай тартысты мәселелерді әлеужеліге салуымыз осыған ұқсай ма деймін...

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру