Олардың жүрегі осылай дейді
Балам, жаным, көзімнің нұры! Күндердің бір күнінде мен қартайып, өзімнің қимыл-әрекеттеріме ие бола алмайтын халге жетемін. Сол кезде маған сүйеу боларнәрсе таяқ қана.Күш-қуатымнан айырылып, қауқарсыз қалған сол сәттерімде маған көңіл бөліп, мені түсіну үшін сабырлылықпен қарауыңды өтінемін.
Сені кішкентай кезіңде киімдеріңді қалай кию керектігін үйреткен едім, қазір қолдарымнан күш кетіп, жегелі отырған тамағымды үстіме төгіп алып, былғанған киімдерімді ауыстыруға өздігімнен шамам келмейтін күйге жеттім. Бұған да сабыр етіп, мені түсін.
Үстімнен шыққан жағымсыз иістер үшін мені жазғырма. Сенің киімдерің мен денеңнің таза болуы үшін жасаған әрекетімді есіңе ал.
Санамнан айырылып, алжи бастаған шағымда миға қонымсыз әрекеттер жасасам, маған күлуші болма, қайта сен менің санам, көзім бол. Маған көмектес.
Маған ненің не екенін сен қалайша үйретпексің? Сенің бұл өмірде ақ пен қараны айыруың үшін жанталасып, бар білгенімді саған үйренкен мен едім ғой...
Қарттық өз дегенін алады. Есте сақтау қабілетім күн санап нашарлап бара жатқандықтан, сенімен сөйлесіп отырған кезімде не туралы айтқалы жатқанымды ұмытып, кібіртіктеуім мүмкін. Сол кездерде ашуланып, мені тыңдаудан қашушы болма. Ол кездерде сенің менің қасымда болуыңның өзі мен үшін бақыт болады.
Аяқтарымнан әл кетіп, жүре алмайтын халге жеткенде, мені қолымнан жетектеп жүруге намыстанба! Сенің мына жарық дүниеде басқан әр қадамыңа риза болып, күні бойы қолымнан түсірмей, жетектеуші едім ғой... Ертең қолыңнан ұстап, жетектеп жүретін сондай адамға зәру боласың.
Біліп қой, мен сен сияқты болашақ өмірге қадам басып бара жатқан жоқпын, мен өлімге жақындап, өлім кемесін жағада күтіп отырған адаммын. Сондықтан, маған қарсы шықпа, менімен бірге бол.
Егер менің қателіктерім есіңе түссе, біліп жүр, мен саған тек жақсылық қана тілеушімін.
Менің қателіктерімді кешіріп, кемшіліктерімді жасырғаның сияқты, Аллаһ та сенің қателіктеріңді кешіріп, кемшіліктеріңді жасырсын, құлыным!
Сенің жүзіңдегі күлкі мен қуанышты көру үшін талай рет сенің қалауыңды жасап, сен жарық дүние есігін ашқанда мен сенің қасыңда болдым, енді сен, менің осы дүниемен қоштасар кезімде қасымда бол!
Жоғарыда айтылған сөздерді мұқият оқыдыңыз ба? Онда біліңіз, барлық аналар қартайған шағында осындай күйде, дәл осындай сезімде болады. Сіз де ұлыңыз бен қызыңызға оқытыңыз. Ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Ана қадірін біліңіз.
Қасиетті Құранның «Исра» сүресінің 23-24 аяттарында Алла Тағала: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» де», - деп бұйырады. Осы өзі бір ғана аяттың өзі ата-ананың біз үшін қандай маңызы бар екенін көрсетіп тұр емес пе?! Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің дейді қазақ. Бұл да бір даналық.
Соңғы рет қашан анаңыздың жүзіне мейіріммен қарап, оны күлдірдіңіз? Қашан жағдайын сұрап бардыңыз? Соңғы рет қашан құшағыңызға басып, оны жақсы көретініңізді айттыңыз? Әке мен ана бәрімізде біреу ғана. Олар қазынасыз қартқа айналмасыншы...
Лаура Қанатқызы
Дереккөз: muslim.kz