Өлім алдындағы арпалыс

05 қараша 2020 11265 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізге жанның шығуын жатқыза суреттеп, оны ыдыс ернеуінен бір тамшы судың ағып шығуына теңегенімен, пенденің жантәсілім ететін сәтіндегі жағдай ауыр болады. Мәселен, денеміз бір ауыр соққы алса, ауырсынуды сеземіз. Өйткені адам баласы көру, есту, иіс сезу сезімдеріне ие болғаны сияқты сезіну қабілетіне де ие. Ал өлім сәтіндегі қиналу бұл сезінуден әлдеқайда ауыр. Себебі бұл жағдайда адамның бүкіл ағзасы қатты ауырсыну, қиналу сезінеді. Міне, «өлім сандырағы» дегеніміз осы. Адам жантәсілім етер алдындағы «өлім сандырағы» келген сәт Құранда: «Өлім сандырағы ақиқат келді. Міне, сол – сенің қашқан нәрсең», – деп баяндалады.

Өліммен арпалысып жатқан пендеге жан беру қиынға соғады. Сол сәтте ол сандырақтап, есеңгірейді. Тіпті үрейленгені сонша, мас адам сияқты халге түседі. Мастық адамда әдетте алкагольді ішімдіктің яки есірткі заттың салдарынан пайда болады. Сонымен қатар қорқыныш, ауру сияқты жан азабынан да адам масаң күйге түседі. Олай дейтініміз, Алла Тағала Қияметтегі адамдардың қорқынышын: «...Адамдарды мас халінде көресің.Негізінде, олар мас емес. Бірақ Алланың азабы қатты», – деп суреттеген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүние саларда оның алдында бір ыдыста су тұрды. Өлім алдында арпалысқа түсіп, жаны қиналып жатқанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  ыдыстағы суға қайта-қайта қолын батырып, бетін сипап: «Лә иләһә иллаллаһ. Расында, өлімнің сандырағы бар», – деп айтқан.

Айша (р.а.): «(Өлім алдында) Алла елшісіндей (с.ғ.с)  қиналған ешкімді көрген жоқпын», – деген.

Әнәстен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүние саларда жағдайы ауырлап, қатты қиналған кезде қайта-қайта талықсып, есін жоғалтып ала берген. Сол кезде Фатима (р.а.): «Әкетай, қиналдың-ау...», – деп дауыстайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әкеңе өлімнен кейін ешқандай қиындық жоқ!» – деген екен.

Ендеше, өлім сандырағы жантәсілім ететін әрбір пендеде болады. Одан ешкім де шет қалмайды. Егер өлім сандырағынан құтылатын адам болса, одан, сөзсіз, Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  құтылар еді. Ал ол кісінің өзі де өлім сандырағына душар болғаны жоғарыдағы хадистерде айтылды.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Сендер өлгенде көздері шақшиған (көздері ашық қалған) адамды көргенсіңдер ме?» – деп сұраған. Адамдар: «Әрине», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл оның көзінің (шыққан) жанға ілескендегісі», – депті. Яғни адам өлгенде оның көзінің ашық қалуы – көз жанарының шығып бара жатқан рухқа ілесуі болып табылады.

Умму Сәләмә (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с)  Әбу Сәләмәға кірді. Оның көздері ашық қалған еді. Ол (с.ғ.с) оның (көзін) жауып: «Жан шықса, көз ілеседі», – деді. Сол сәтте отбасымнан адамдар дауыстады. (Пайғамбар (с.ғ.с): «Өз-өздеріңе қарсы дұға қылмаңдар! Тек жақсылықпен (дұға қылыңдар). Өйткені періштелер сендердің айтқандарыңа «әмин» (қабыл болсын) деп айтып тұрады», – деп айтты», – деген.

Міне, сондықтан да өлген адамның қасында тұрған жақындары қате бір нәрсе айтудан сақ болу керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  айтқандай, сол сәтте періштелер адамдардың айтқанына «қабыл болсын» айтып тұрады.

Осы себепті де Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Аллам! Әбу Сәләмәны кешір! Тура жол тапқандардың ішінде оның дәрежесін көтер! Оның артындағылардың (тірілердің) арасынан оның орнын басқыз! Бізді және оны кешір, уа, әлемдердің Раббысы! Оның қабірін кеңейт және ол үшін (қабірін) нұрландыр!» – деп дұға қылды.

Сондықтан қайбір мұсылман жантәсілім еткен пендені көрсе, Пайғамбарымыздың(с.ғ.с)  сүннетіне сай жоғарыдағы дұғаны айтуы керек.

Амр ибн Астың (р.а.) өмір жолынан мынадай бір әңгіме келтіріледі: Амр дүние саларда оның қасында ұлы Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) бар еді. Ол әкесіне: «Уа, әкетай! Сен өлім келген кезде ақылды, парасатты бір кісіге жолықсам дейтін едің ғой. Сен – сол кісісің (яғни саған да өлім келді). Енді маған айтып бер», – дейді. Сонда Амр ибн Ас: «Ей, ұлым! Алламен ант етейін! Астым отта тұрған сияқты, бейне бір иненің көзінен дем алып жатқандаймынжәне бір тікенді бұтақ табанымнан бастап бүкіл денемді бойлап сырып бара жатқандай», – депті.

Яғни ақтық демін алып жатқан пенденің бүкіл ағзасы ауырсынып күйзеледі.

Бұл – Құран мен хадистен кейінгі, сахаба ұлдың сауалына сахаба әкенің берген жауабындағы өлімнің ең тамаша сипаттамасы.

Демек, жан беру, жанның тәннен бөлінуі оңай емес. Мұндай арпалыс сәтте адам бүкіл болмысымен жан шыдамас күйзеліске түседі. Бұл күйзелісті тек қана бір Алла Тағаланың мейірім-шапағаты жеңілдетеді. Жоғарыда сипатталған өлім алдындағы күйзелісті Алла Тағаланың уәдесі бойынша шәһидтер сезбейді. Алла елшісі (с.ғ.с) шәһидтердің жан тапсырулары жайлы: «Шәһид өлтірілудің ауыруын сезбейді. Тек қайсыбіріңді шіркей шаққанда ауырсынғандарың сияқты ғана (сезеді)», – деген.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру