Ораза туралы ғибратты әңгімелер

20 сәуір 2021 9835 0
Оқу режимі

Ораза ұстадың ба, ұстамадың ба?

Тақуа кісілердің бірі Сануси өзін сәт сайын Алла Тағаланың бақылап тұрғанын сезінгенде, жанын қоярға жер таппай кететін. Өйткені Жаратушы иеден қатты қорқатын. Күнара ораза ұстайтын. Қолындағыны қанағат тұтатын, өзі бермесе, ешкімнен көз сүзіп ештеңе сұрамайтын. Ораза ұстаған кей күндері: – Аузың берік пе? – деп сұрағандарға, – Шынымды айтсам... ораза ұстадым да дей алмаймын, ұстамадым да, – деп күмілжи жауап беретін. Ораза ұстағандықтан «ұстамадым» дей алмайтын. Алайда менікі қабыл болатын кәміл оразаға жата ма, жатпай ма деген іштейгі күдікпен «ұстадым» деуге де аузы бармайтын.

Оның рухани тереңдігін білмейтіндер: – Өзіңнің ауыз бекітіп, бетікпегеніңді білмейсің бе? – дегенде, ләм-мим деп жауап берместен ол жай ғана күлімсірейтін...

Сабырдың шыңы

Құлшылыққа берілген нәзік жан иесі Рабиға Адауия үшін оразаның орны ерекше еді. Жиі-жиі нәпіл ораза ұстайтын. Бір жолы үйінен тіске басар ештеңе таппай, қатарынан сегіз күн бойы ораза ұстады. Аштық қатты есеңгіретіп, көзі қарауытқанда «апырым-ай, өзімді қолдан қауіпке итермелеп жатқам жоқ па» деген ой келді. Осы мезет есік қағылды. Көршісі бір табақ сорпа әкелген екен. Үй іші қараңғы болғандықтан, тамақты жерге қойды. Майшамды әкелу керек болды. Шамды әкеліп жаққанда, тамақты мысықтың төгіп қойғанын көрді. Ештеңе етпес, сумен ауыз ашармын деп ойлады. Суды енді іше бергенде, қолындағы тостағаны түсіп кетіп қақ бөлінді.

Шарасыздықпен қолын жайып: – Уа, Раббым, бейшара құлыңды сынап жатырсың-ау, бірақ әлсіреп кеттім, сабырым жетер емес, – деп аһілеп-уһіледі.

Осы сәт ғайыптан бір дауыс естілді: – Уа, Рабиға, қаласаң, жер әлемнің байлығын үстіңе жаудырайын. Қаласаң, күллі рухани дертіңді жоқ қылайын. Алайда біліп қой, бұндай дерт пен байлық бір жерде тұрмайды!

   Бұны естігенде әулие:

– Уа, Раббым, бар есіл-дертім сенде ғана болсын, көңілімді басқаға бұрғызба, – деп күбірлеп дұға етті...

Екі қыздың оразасы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

   Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Расулалла! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда рұқсат берілмеді.     

   Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ.. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.

   Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) білдіргенде:

– Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді. 

Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.

Ораза неге бұзылды?

Әулие құлдардың оразасы астан тыйылумен ғана шектелмеген. Олар ауыз бекіткенде бойды барлық жаман қылықтардан аулақ ұстап, рухани тазалыққа көп көңіл бөлген. Жаратушы иенің разылығын мақсат тұтқандықтан, жыл он екі айдың барлығын Рамазан айындай құрметтеп, үнемі ораза ұстаған.  

Ауыз бекіткен бір күні қасындағылар Үндістанның патшасын сырттай өсекке таңды. Осы сәт Дыхләуи: «Қап, оразамды бұзып алғанымды қарашы», – деп өкініш білдірді.  

Әулиенің бұл тосын қылығына қасындағылар: «Айтылған өсек оразаны бұзатынын меңзедіңіз бе, алайда өсекті сіз емес басқалар айтқан жоқ па?» – деп таңырқағанда, ол: «Ғайбат – айтушыға да, тыңдаушыға да ортақ» деген хадиспен жауап берді. 

Қабыл болмайтын амал

Сахабаларымен отырған бір күні Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қиямет жайлы сөз қозғады. Толассыз айтылған әңгіменің бір ұшығы адамның бұл дүниеде жасаған амалдарына барып тірелді.

«Қиямет күні біршама адам Тахаманың үлкендігіндей сауап арқалап келеді. Бірақ олардың амалдарын Алла Тағала жоққа санайды».

Бұны естігенде бойын үрей билеген Сәлім Хұзафа (р.а.): «Уа, Алланың құрметті елшісі, әке-шешем жолыңа құрбан болсын. Олардың қандай адамдар екенін айтпас па екенсіз? Аңдаусызда солардан бірі мен болып қалмайын деп қатты қорқып тұрмын», – деді.

Сонда Пайғамбарымыз оған: «Әй, Сәлім, олар ел қатарлы ораза ұстайды, намаз да оқиды. Алайда харамға тап келгенде, Жаратушыдан қорықпайды. Міне, Алла Тағала осындайлардың амалын қабылдамайды», – деді. 

Әбубәкір (р.а.) және ауызашар

Хазірет Әбубәкір ми қайнаған жаздың күні ораза ұстады. Кешкісін ауызашарда дастарханда бар болғаны бір тостаған су тұрды. Суық суды енді ауызға ала бере Әбубәкір (р.а.) әлдене еске түскендей еңкілдеп жылап жіберді. Өз-өзіне келгенде, қасындағылар одан неліктен жылағанын сұрады. Әбубәкір (р.а.) былай деп жауап берді:

«Бір күні пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) отырғанда, әлден уақытта қолымен бір нәрсені кері итергендей қимыл көрсетті. Жақындамақшы болған біреуді өзіне жақындатқысы келмегендей әсер берді. Сәлден кейін мен: «Уа, Алланың елшісі, жаңа қолыңызбен бір нәрсені кері итеріп жаттыңыз?» – деп әлгі қимылының мәнін білмек болдым. Сонда ол: «Дүние қызылды-жасыл күйінде таяп келіп, өзін қабылдатқысы келді. Мен оны қасымнан қудым. Ол «Ант етейін, сен менен қашып құтылсаң да, сенен кейінгілер менен құтыла алмайды, қайткенде де құрығыма ілінеді» деп кетті», – деп түсіндірді.

Хазірет Әбубәкір осыны айтып: Осы суық суды ішем деп мен де дүниеге құмартқан жоқпын ба?!» – деп жыладым деді.

Әйгілі сахаба су ішкенге бола қорықса, күн сайын түрлі астан дәм татып жүрген біздерге қайткен жөн? Өлшемді ұмытып, дүниеге тым салынып кеткен жоқпыз ба?

Шілде айындағы ораза

Нөкерлерін ерткен Хажжаж Мекке мен Мәдина арасында жолаушылап кетіп бара жатып бір бұлақтың басында тынығуды жөн көрді.

Дастархан жайылғанда, Хажжаж: «Маңайға қараңдаршы, жағдайы нашар біреу-міреу кезіксе шақырыңдар, астан ауыз тисін», – деді. Нөкерлер үстіне ілген ескі шапаны бар біреуді тауып, ұйықтап жатқан жерінен оятып ертіп келді. Хажжаж оған:
– Кел, бірге тамақтанайық, – деді. Ол «жемеймін» деп астан бас тартты. Хажжаж себебін сұрағанда, «Мені бұдан да артық дастархан күтіп тұр» деп жауап берді.
– Ол қандай дастархан? – дегенде, – Алла Тағалаға қонақ болуға шақырылдым, мен ауыз бекіткен жанмын, – деді.
– Мынадай ми қайнаған уақытта қайтіп ауыз бекітіп жүрсің? – деп таңырқағанда, ол:
– Иә, қияметтің ыстығынан қорғану үшін осы ыстықта шыдап ораза ұстап жүрмін, – деп жауап берді.  

Аятқа себеп ауызашар

Пайғамбар немерелері Хасан мен Хұсейін кішкене кездерінде ауырып қалды. Уайымдап қалған Али мен Фатима (р.а.) балалары жазылғанда, шүкіршілік ретінде ораза ұстай бастады. Алғашқы күні ауызашарға дайындаған тамақты енді ауызға ала бергенде, қайыр сұрап келіп жетімдерге қиды. Өздері ауыз ашпастан екінші күнгі оразаға ниет етті. Екінші күні де ауызашарға дайындаған тамақты «Құдай үшін беріңдерші» деп келген кембағалдарға берді. Бұл кеште де ауызашпастан үшінші күнге ауыз бекітуге ниет етті. Үшінші күні де дәл осы жағдай қайталанып, ауыздарынан жырған асты табалдырыққа келіп көз сүзген жалынышты тұтқындарға берді.

Кейіннен осыған қатысты аят түсті:

«Олар уәдесін орындады. Ұзын әрі тоқтаусыз қиямет күнінен қорыққандықтан, өздері ұнатып іштей қалап тұрған тамақты бейшараға, жетімге және тұтқындарға берді. «Біз бұларды Алла Тағаланың разылығы үшін қидық. Сендерден қайтарым ретінде алғыс та ештеңе күтпейміз» деді. Осы себепті оларға Хақ Тағала Тахур шарабын ішкізді» («Инсан» сүресі, 7-9, 21).

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру