Отанға қиянат

08 желтоқсан 2018 8954 0
Оқу режимі

Жер бетінде отан дейтін қастерлі ұғымның қадір-қасиетін білмейтін, тыныштық пен берекені үлкен нығмет деп бағалай алмайтын опасыздар да бар. Өкінішке орай, ондай адамдар өз туған топырағын сатудан да тартынбайды. Кешегі тарихқа ой салсақ, жау жапырмақ болғанда, қаншама алынбас қамалдар қиянатшылдардың кесірінен жермен-жексен болды емес пе? Қу нәпсінен өзгесін ойламайтын ондай зиянкес адамдар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында да болған. Солардан аздап мысал келтіре кетейік.

Мұсылман бола тұра Алла елшісінің (с.ғ.с) құрған жоспарын, яғни, мемлекеттік сырды дұшпанға білдіріп қойғандардың бірі Хатиб ибн Бәлтаға еді. Ол хазреті Әлидің (р.а) жеткізген оқиғасында анық баян етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мені, Зубәйрды және Миқдәд үшеуімізді Раудату хах деген жерге жіберіп: «Ол жерде бір әйелді көресіңдер. Оның жасырған хаты бар соны әкеліңдер», - деп бұйырды. Аталған жерден ол әйелді[1] тауып, «хатты бізге бер!» деп едік, «менде ешқандай хат жоқ!» деп мойындамады. «Қазір сені толықтай шешіндіріп тексереміз!» деген кезімізде, өрілген шашының арасынан шығарып берді. Сосын хатты да әйелді де Алла елшісіне (с.ғ.с) алып келдік.», - делінеді.[2] Алайда, «Хатибке неге бұл хатты жібердің?», - деп сұралғанда: «Мен мұны сатқындық немесе қиянат жасайын деп, я болмаса пайғамбар мен ақыретке сенбегендіктен емес, ағайындарымның жанын сақтап қалайын деген мақсатта жазған едім.», - деп уәж айтады. Сол уақытта: «Әй мүміндер! Менің дұшпандарымды да өз дұшпандарыңды да дос тұтпаңдар. Олар, сендерге келген шындыққа қарсы келсе де оларға сүйіспеншілік көрсетесіңдер. Олар, пайғамбарды да сендерді де Раббыларың Аллаға иман келтірдіңдер деп жұрттан шығарды. Сендер Менің жолымда ризалығымды іздеп соғысқа шыққанда, оларға жасырын достық істейсіңдер. Мен көрнеу, көмес істегендеріңді де жақсы білемін. Сендерден кім бұны істесе, расында ол тура жолдан адасты»[3]деген аят түседі. Әлгі Хатиб бәдір шайқасына қатысқан шынайы мұсылмандар қатарында болғандықтан ғана жазаға тартылмады. Бірақ, істеген ісінің қате екендігі Құран Кәрімнің аятымен бекітілді.

Абдулла ибн Убай жеке басының тағы үшін, тіпті, елінің құрып кетуін де есепке алмайтын қиянатшыл адам еді. Ол қараниетті Әбу Амир әл-Фасиқпен[4] бірігіп, Алла елшісін (с.ғ.с) және мұсылмандарды түп-тамырымен құртып жіберуге бел байлаған болатын. Алғашында өзінің мысықтілеу пиғылын жасырып, мұсылман көрініп жүрді. Дұшпанмен байланыс құру үшін Мәдина қаласының сыртына бір мешіт салады. Бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алдына барып: «Уа, Алланың елшісі! Біздің үйіміз алыста. Қас қарайса келіп кету де қиындай түседі. Арамызда қарттар мен науқас кісілер бар. Қаланың сыртынан мешіт салып едік, сол жерге келіп намаз оқып, Алладан береке тілесеңіз. Ал, біз әрі қарай сол жерде намазымызды жалғастырсақ қалай болар екен?»[5], деген пікір айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) келісімін беріп, Тәбук сапарынан оралған соң баратынын айтады. Алайда, Алла Тағала олардың жаман ниетінен хабар беріп, ол мешітті «Дирар»[6] деп атаған. Алла Елшісі (с.ғ.с) білген соң, бірден адам жіберіп, ол мешітті құлатып тастайды. «Тәубе» сүресінде бұл жағдай былайша баяндалады: «Сондай зиян тигізу, қарсы келу, мұсылмандардың арасын ашу және бұрыннан Аллаға және елшісіне қарсы соғысқан біреуді күту үшін мешіт жасап алғандар: «Игілікті ғана қалап едік», деп әлбетте ант ішеді. Алла олардың өтірікші екендігіне куәлік етеді.»[7]Аятта баян етілгендей тек жақсылық қалағандықтарын алға тартып, ешқандай жаман ойларының болмағандығын айтып, Алланың атымен ант ішсе де, мұсылмандар бұл адамдарды ішкі дұшпан ретінде бағалады. Үнемі сақтанып жүрді де дүниеден озған уақыттарында олардың жаназасына да қатыспады.

Бүгінгі күні жеке басының нәпсі үшін не болмаса соқыр сенімнің жетегіне еріп, өз отанына опасыздық жасап жүрген сұрқылтайларға көз куә. Елінің, жерінің қасиетін бағаламай, баянсыз жаққа бет бұрған қасқойлар бұған дейін де болған. Тек Алла Тағала елімізді осындайлардың кесірінен сақтасын деп тілейміз.

 


[1] Тәпсірші ғалымдардың айтуынша бұл әйелдің аты Сара. Қурайштың азатты күңі, ән айтып ойын-сауық ұйымдастырып жүретін. Мәдинаға келгенінде пайғамбарымыз с.ғ.у одан хижрет етіп келдің бе? деп сұрағанда, ол жоқ дейді. Мұсылмансың ба? дегенде тағы да жоқ дейді. Не үшін келдің? десе бәдір соғысында қожайыны өлтіріліп, қазір оған ешкімнің мән бермейтінін алға тартып, тамақтандыруын және киіндіруін сұрайды. Кейіннен Хатиб ибн Балтаға оған, он динар мен бағалы киім қарсылығында Меккеге хатты жеткізуін тапсырған.

[2] Қуртуби, Мумтахина сүресі, 1-ші аят тәпсірі.

[3] Мумтахина сүресі1

[4]Алғашқы аты Әбу Амир әр-Раһиб еді. әр-Раһиб/ діндар, монах деген мағынаға келеді. Шам қаласына барып христиан дінін қабылдап, оны халық әр-Раһиб деп атайтын. Дұшпандық жасап, талай мәрте қарсы соғыстарға қатысқандығы үшін, пайғамбарымыз оны әл-Фәсиқ/пасық, күнаһар деп атады. Шам қаласының христиан әмірі оған қалағанынша жанына әскер беретіндігін уәде еткендіктен, Мәдинадағы досы Абдулла ибн Убаймен келісімге келеді. Хабар алып отыруы үшін оған қаланың сыртына мешіт салуын бұйырады. Дирар мешітінің салыну себебі осылай болған еді.

[5] Бәну Амр ибн Ауф тайпасы құба мешітін салғанда пайғамбарымыз барып алғашқы намазын оқыған болатын. Бұлар да солай жасауын өтінді.

[6] Зиянды, зиян тигізу мақсатымен салынған мешіт деген мағынада

[7] Тәубе сүресі, 108.

Ғазиз Ахмет

Тегтер: отан қиянат
Пікірлер Кіру